KAZAKHSTAN FASHION WEEK ОТАНДЫҚ СӘН ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІН ПАШ ЕТТІ Избранное

Среда, 16 Октябрь 2024 09:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 151 раз

Қазақстанның сән индустриясы – соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келе жатқан саланың бірі. Сән апталықтары, шоу-рум, бренд – жаңа бизнес түріне де айналып үлгерді. Сән әлемінде өз есімдерін жазып, тек елімізде емес, шетелдерде де танымал болып жүрген отандық дизайнерлеріміз баршылық.

 FASHION WEEK

Осындай дизайнерлерімізді көпшілікке таныстыруда Kazakhstan Fashion Week сән апталығының орны бөлек. Жыл сайын өтетін сән апталығынан жаңа толқын сәнгерлер қатары көбейіп келе жатқанын байқап жатамыз. Kazakhstan Fashion Week апталығы 20 жылдан бері Орталық Азия аймағындағы ең ірі сән іс-шарасы екені даусыз.
Шымкентте өткен аптада Rixos Khadisha Shemkent қонақүйінде апталықтың 8 маусымы ашылды. Сән көрсетілімінде отандық дизайнерлердің түрлі тақырыптағы киім үлгілері көрсетілді.
Kazakhstan Fashion Week апталығының арт-директоры Алексей Чженнің ұстанымы: «қазақстандықтарды тек қазақстандық өніммен киіндіру».
– Қазір сән индустриясында қазіргі жағдай өте қызықты. Өйткені сала дамып, жаңа зауыттар пайда болып, жеңіл өнеркәсіп аяғынан тұрып жатыр. 30 жыл бойы оған ешкім мән бермеді, даму болмады. Қазір шағын және орта бизнес өкілдері сәнгерлердің топтамаларына қызығушылық танытуда. Қазірдің өзінде Қазақстанда сән бар деп айта аламыз. Біз тігіншіден, дизайнерден бастап осы саланың мамандарын дайындауымыз керек. Қазақстандық сән апталығы киім дизайнерлерінің кәсіптерін танымал ету үшін орасан зор жұмыс атқарды. Бірақ саланың дамуы үшін инвесторлар, мемлекет, түрлі деңгейдегі мамандар назар аударса дейміз. Қазір қауымдастықтар, әр түрлі ынтымақтастықтар және мемлекет назар аударуы керек өте тиімді жобалардың уақыты. Қандай өнім шығармасақ та, одан ұлттық тарихымыз, дәстүріміз көріне білу керек деп ойлаймын. Себебі біз ата-бабамыз қалдырған әдет-ғұрыптарды сақтап қана емес, оны келешек ұрпаққа жеткізе білуіміз керек, – дейді Алексей Чжен.
Қазіргі сән әлемінде минимализм стилі белең алған. Қыз-келіншектердің ашық-шашық, тырысқан киімдері көп адамдарға ұнай қоймайды. Бүгінгі күндері тым қысқа немесе дене сымбатын айқын көрсететін киімдер сәннен шығып, кең көйлектер сәнге айналуда.
«Мен әуелден қазақ қызына лайық киім шығаруды мақсат еттім. Сондықтан да әр өнімімізді лакшри ретінде ұсынамыз. Ұлттық нақыш сақталған киімдеріміз бен әшекейлеріміз көпшілік қауым арасында сұранысқа ие. Тіпті көптеген концерттерде, кейбір бейнебаяндарда біздің киімді бірден тануға болады. Отандық сән әлемінде өз қолтаңбамызды қалыптастыра алдық деп ойлаймын», - дейді танымал отандық дизайнер, «Aida KaumeNOVA» сән үйінің жетекшісі Аида Кауменова.
Соңғы 10 жылда отандық сән әлемінде біраз жаңа есімдер таныла бастағаны да қуантады. Біздіңше, бәсекелестік те осылай қалыптасады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ӨТЕГЕНОВ КӨШЕСІНІҢ ЖАЛҒАСЫ АШЫЛДЫ