Әйгерімнің әр көйлегі 180 Мың теңге тұрады Избранное

Среда, 16 Октябрь 2024 09:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 147 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек» деп айтқан болатын.

Әйгерімнің

Расында, елдегі жұмыссыздықты, қымбатшылықты, басқа да проблемаларды сылтауратып, өз өміріне көңілі толмай, үнемі шағым айтып жүретін жандар аз емес. Олар өзінің жалқаулығын, кертартпалығын, білімі мен біліктілігінің төмен екенін, сол себепті еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алмай отырғанын мойындағысы келмей, бар кінәні қоғамға арта салуға бейім. Міне, сондай жандарға адал еңбек етіп, тынымсыз ізденісі мен маңдай терінің арқасында жетістікке жетіп жүрген адамдарды үлгі етіп көрсету керек. Мұндай азаматтар ешкімге алақанын жаймай-ақ, өз ісін алға жылжытып, өзгелерге де пайдасын тигізіп келеді. Міне, сондай адал еңбегімен көгерген жандардың бірі – шымкенттік қолөнер шебері Әйгерім Әлімқұл.
Әйгерімнің Астанаға барып, онда тоқыма өнеріне қызығатын қыз-келіншектерге курс өте бастағанына бір айдан асыпты. Кейіпкеріміздің айтуынша, мұнда бұрын-соңды тоқымашылардың басын құрап, оларға бүгінгі нарық сұранысына сай бұйымдардың қалай тоқылатынын ешкім үйретпеген екен. Содан ба, Әйгерімнің шеберханасына келушілер көп.
–Шымкенттегі шеберханамды ретро-стильде безендірген болатынмын. Шәкірттерім «бөлме ішіне қойылған жиһаздар, радиодан шырқалып тұратын ретро әндер... бәрі-бәрі бізді тоқсаныншы жылдарға жетелеп кеткендей болады» дейтін. Астанадағы шеберханамды кішкене басқашалау еттім. Өйткені, бұл жер кең, қабырғалардың көп бөлігін терезе алып тұр. Жарық. Сондықтан, сөрелерге түрлі-түстілігімен көз тартатын жіптерді қойдым. Тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс. Шеберханаға келген адам сырттағы қым-қуат тіршіліктен бір сәт алшақтап, жүрегі тыныштық тапқандай күйге енуі керек. Сол себепті мен бірінші кезекте шеберханамның жайлы болуына көңіл бөлемін, -- дейді Әйгерім.
Әйгерімнің қазір 30 оқушысы бар. Олардың әрқайсысы тоқыманы өз бетінше үлгіге қарап тоқи алуы үшін кем дегенде үш ай оқиды. Оқушылардың арасынан жасы 70-тен асқан әжелерді де кездестіруге болады. «Әжелер қызындай, енді бірінің немересіндей жастағы менен өнер үйреніп жүргендеріне еш арланбайды. Қайта «Қаршадай ғана Әйгерім бізге осындай сұлулық сыйлап жатыр» деп қуанады» дейді кейіпкеріміз.
Әйгерімнің негізгі мамандығы – заңгер. Колледж бен университетті осы мамандық бойынша бітіріп, жұмыс істеген. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін интернеттен алдымен сөмке, кейіннен балаларға арналған киімдерді тоқуды үйреніпті.
– Шынымды айтсам, менде тоқымамен айналысып, оны кәсіп етемін деген ой болған емес. Тіпті, бала күнімде де бойымнан мұндай өнер байқалған жоқ. 2017 жылы декреттік демалысқа шыққаннан кейін тоқыма тоқуға құмарта бастадым. Ютуб каналынан қыз-келіншектерге арналған сәнді сөмке, одан кейін түрлі ойыншықтар тоқып үйрендім. Осылайша, әр бұйым біткен сайын тоқуға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді ол.
Бүгінде Әйгерім өзі секілді тоқыма тоқуды сүйікті ісіне айналдырғысы келетін шәкірттеріне интернеттен тоқылған киім үлгілерінің ішінен ұнағанын таңдап, сол бойынша адамдардан тапсырыс жинап, бір айдағы жұмыс жоспарын жасауға болатынын айтады.
–Бір айда шамамен 3-4 киім тоқуға болады. Соларды бітіріп, тұтынушыларға жеткізіп бергенше келесі тапсырыстарды қабылдамау керек. Өйткені, қолмен тоқу көп уақытты талап етеді. Әрі тоқып отырғанда жаңа бір өзгеріс енгізуді ойлайсың. Мен шеберханаға психологтар мен коучтарды шақырып, шәкірттерімнің психологиялық тренингтерден өтуіне мүмкіндік жасаймын. Бұл олардың уақыттын тиімді пайдаланып, әр күнін жоспарлай алуына көп көмегін тигізеді, -- дейді Әйгерім.
Әйгерім – бүгінде өз стилі қалыптасқан тоқымашы. Оның қолмен кестелеп тоқыған бір көйлегі 180 мың теңге тұрады. Шебер мұндай сәнді көйлектерді тек тапсырыспен ғана тоқиды. Қарап отырсаңыз, кейіпкеріміздің тоқыма саласында үлгі алатын адамы жоқ. Дегенмен, оны осы істе шабыттандыратын дүниелер бар. Солардың бірі ретінде оның шәкірттерінің ынтасын айтуға болады.
-- Мен шеберханада оқушыларыма тоқыма тоқуды үйретіп қана қоймаймын, оларға бағыт-бағдар беремін. Шәкірттерім негізгі жұмысты үйлерінде істейді. Ал, мұнда олар қолдарын жаттықтырып, үлгіні оқуды және сол бойынша жұмыс істеуді, киімнің өлшеміне қарай неше ілмек қажет екенін есептеуді үйренеді. Шымкентте әр оқушыдан тоқыманы үйренгені үшін айына 35 мың теңге алатынмын. Алайда, бұл оқу курсымның бағасына көпшілік таңқалатын. «Тоқыма тоқуды үйрену де осындай қымбат бола ма?» дейтін.
Мен үшін тоқыма өнері – жәй өнер емес. Ол – таза еңбекті талап ететін өнер. Сондықтан, оны арзанға бағалай алмаймын. Біле білгенге, бұл көз майыңды тауысып отырып жасайтын бейнеті көп жұмыс. Көпшілік тоқыманы жасы егде тартқан аналар айналысатын ермек деп қарайды. Бұрындары солай болған шығар. Ал, қазір уақыт өзгерді. Талғам өзгерді. Тоқыма өнеріне де жаңашылдық келді. Қолмен тоқылған бұйымдар трендке айналды. Қазір Астанада үш айлық оқу курсымды 150 мың теңгеге бағалап отырмын. Әзірге бұл жағынан шағым айтқан ешкімді байқамадым. Қайта мұнда тоқымадан хабары бар және оны үйренуге құштар жандар көп, -- дейді Әйгерім.
Алғашқыда отбасымен жалдап тұрған пәтерінің аядай бір бөлмесін шеберханаға айналдырып, адамдарға тоқыма тоқуды үйреткен Әйгерім қазір өнерінің өмірін өзгерткеніне сене алмайды. Бұйыртса, ол дәл осындай шеберхананы еліміздің өзге өңірлерінен де ашуды мақсат етіп отыр. «Сол армандарыма қол жеткізу үшін бір күн де тоқтамауым керек» дейді қолөнер шебері.

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Әйгерімнің әр көйлегі 180 Мың теңге тұрады