«Bala Turkvizyon» жас таланттарға жолдама бередi Избранное

Пятница, 26 Июнь 2015 08:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5885 раз
 MG 5488"Turkvizyon-Қазақстан" байқауының ұлттық іріктеуі өтті. Байқауға 8-13 жастағы 250-ден аса бала бақ сынауға ниет білдірген. Әділқазы алқасы барлық қатысушылардың әнін тыңдап, 32 өнерпазды екінші кезеңге өткізілген болатын.
 
Алғашқы іріктеуден өткендердің әрбірі екі әннен айтты. Олардың арасынан «Жігіттер» тобының әншілері Айдар Тұрғанбек, Бағлан Әбдірайымов және Ердос Қанаевқа облысымыздың атынан сынға түсетін бір өнерпазды таңдау оңайға түскен жоқ.
 
– Бұл байқау түркі елдерінің тарихында тұңғыш рет қолға алынып отыр. Екінші кезеңде бақ сынаған 32 баланың арасынан біреуін ғана таңдап алу бізге қиын болды. Бәрі де талантты, өнерлі. Дауыс диапазонына, әртістік шеберлігіне, сахнада өзін ұстауына қарадық. Енді еліміздің 14 облысы мен 2 қаласынан іріктеуден өткен 16 дарынды жасөспірім Алматыға шақырылады. Олар тәлімгерлерінен вокал, әртістік шеберлік, сахнадағы қозғалыс және хореография бойынша дәріс алады, – дейді Айдар Тұрғанбек.
 
Сонымен қыркүйек айының соңында Астана қаласында өтетін «BALA Turkvizyon-2015» ұлттық іріктеу байқауының финалында облысымыздың намысын көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының 6-сынып оқушысы, бірнеше республикалық, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы Нәзима Исаханова қорғайтын болды.
 
Ал, республикалық сайыста топ жарған жас әнші қазан-қараша айында Түркіменстанның Мары қаласында өтетін, 20-дан астам елдің өнерпаздары қатысатын халықаралық «BALA Turkvizyon-2015» байқауының гранд-финалына жолдама алады. Айта кетейік, «Bala Turkvizyon» байқауы Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бастамасымен ұйымдастырылуда.
 
Әйгерім БЕГІМБЕТ
Последнее изменение Пятница, 26 Июнь 2015 08:23
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.