Хандықтың туын тiккен жер

Пятница, 26 Июнь 2015 08:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3120 раз
99999999999996666666666666666666666666Тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихымыз азды-көпті түгенделіп, кең байтақ даламыздағы тарихи орындар мен жәдігерлерге қымбат қазынамыздай қарайтын болдық. Кешегі аптада еліміздің әр аймағынан жиналған фототілшілер Жамбыл төрінде бас қосып, екі күндік фотоэкспедиция ұйымдастырды. Мақсат – тарихы мен тылсым сыры көп, қазақ хандығының негізі қаланған аймақтың киелі орындарын суретке түсіру, тәжірибе алмасу.
 
Тарихқа тұнған «Ақыртас»
 
Жұма күні жергілікті БАҚ өкілдерін жинап, Тараз қаласындағы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы бастаған фототілшілер баспасөз мәслихатын өткізіп, бағыт-бағдарын түсіндірді. «Жылына бір рет «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жиналып, еліміздің әр аймағына осындай фотоэкспедиция ұйымдастырады. Бұл жолы тарихы терең Жамбыл өңірінде бас қосуымыздың өзіндік себебі бар. Алда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих. Болашақ ұрпаққа тарихымызды, мәдениетімізді, құнды жәдігерлерімізді сапалы сурет арқылы танытуымыз қажет», – дейді Асылхан Әбдірайымұлы.
 
«Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Масат Берік фототілшілерге сәттілік тілеп, «Ақыртас» кешеніне жол бастады. VIII-IX ғасырға жататын шаһарға түс ауа жеттік. Қырғыз Алатауының баурайында, Тараздан шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан  екен.
 
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл кешенді ислам дінін Орта Азияға тарату мақсатында жорыққа шыққан Абу Муслим Кутейбу салғызған, алайда Кутейбу сепаратистік пиғылда деп айыпталып, Бағдадқа шақырылып, өлім жазасына кесілгеніне байланысты, қала құрылысы тоқтап қалған деседі.  
 
«Ақыртас» – қойма бөлмелері, су құбырлары және тұрғын жайлары бар күрделі кешен болған. Алып тастардан қалаған тікбұрышты іргетасы 4 метрге дейін жетеді. Фотографтар тарихымен танысып алған соң кешенді әр қырынан суретке түсіруге кірісті.
 
Сосын «Жайсаң» өңіріндегі қаншама тарих қашалған таңбалы тасты көруге асықтық. Тау жартастарындағы  жан-жануар, адамдардың өмірі мен салт-дәстүрі бейнеленген суреттер мен белгілер тайға таңба басқандай анық көрінеді.
 
Ал, балбал тастардың қай жерде орналасқанын іздейміз деп жүргенде даланы қою қараңғылық басты. Қыр-сайды шарладық. Көрінбейді. Болмаған соң арамыздағы фотоэкспедицияға қатысушылардың бірі жаяулатып балбал тасты іздеуге кетті. Он-он бес минуттан кейін «табылды» деген хабар жетті. Қолымызға фотоаппараттарымызды алып, қырға қарай жүгірдік. Бәрі де режим ауыспай тұрып, сәтті кадр түсіріп алуға құмбыл. Балбал таста құлағында сырғасы, қолында қанжары мен құмырасы бар адам бейнеленіпті. Қияқ ай мен жыпырлаған жұлдыздардың жарығымен суретке түсірдік.
 
Меркі ауданында 78, Шу ауданында 40 балбал тас бар екен. Біз тек екі балбал тасты көруге ғана уақыт таптық. Шу қаласындағы біз тоқтаған қонақүйге оралғанымызда сағат түнгі 1-ден асып кетіпті.
 
Хан ордасы атанған  Қозыбасы
 
Ертеңіне таңмен таласа тұрып, Керей мен Жәнібектің қазақ хандығының туын қадаған жері, Мойынқұмның төріндегі – Қозыбасына тартып кеттік. Жол ұзақ. Жүргізуші аға кедір-бұдыр жолда жылдамдықты еріксіз тежеп келеді. Ата-бабаларымыз азаттық пен бостандық үшін осы сайын даланы көздің қарашығындай қорғап қалу жолындағы кескілескен шайқастары көз алдымызға келді.
Төрт сағаттан кейін Жәнібек пен Керей сұлтанды ақ киізге орап хан көтерген жері – Қозыбасына жеттік. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасыда деп жазылған.  Шынында да бұл тау қозының басына ұқсайды екен.  Үш биігі бар, ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы, үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы қозының тұмсығына, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды, – дейді ауыл тұрғыны Тоқтар Мұсатаев.
 
Хан ордасы тігіліп, туы көтерілген жерде ата-баба рухына құран бағыштап, тас үю дәстүрін орындадық. Сосын «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым-ұлы бірлестіктің атынан белсенді фототілшілерге арнайы сыйлықтар мен куәлік табыстады.
 
Қайтадан жолға шығып, Жәнібек хан­ның «Хан қорасы» деп аталып кеткен қораның орнын, «Ханның үлкен тағын», «Кіші тағын», «Ханның орын», «Абданбайдың тоспасын» аралап, суретке түсіріп, тарихы толық ашылмаған қаншама кереметтерге куә болдық. Екі күн бойы Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент, Талдықорған, Тараз қалаларынан жиналған фототілшілер тәжірибе алмастық. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттеріне фотографияның қыр-сыры туралы дәріс өтіп, суретке дұрыс түсіруді үйретті.
 
Осылайша әрбір тасы тарихтан сыр шертетін Жамбыл өңірінен жиып алған олжамызға марқайып, өз қалаларымызға қайттық. Енді фотоэкспедицияда түсірілген таңдаулы суреттер Тараз бен Алматы қалаларында өтетін фотокөрмеге қойылып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жарық көретін «Қазақ фотошежіресі – тарих, дерек, өнер» атты фотоальбомға енеді. Әдемі әсер, ұмытылмас естелік сыйлағаны үшін «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіне, қолдау танытқан Жамбыл облысы әкімдігіне, демеушілік көрсеткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына алғыс айтамыз!
 
Әйгерім БЕГІМБЕТ,
Шымкент – Тараз –
Шу – Мойынқұм – Шымкент
Последнее изменение Пятница, 26 Июнь 2015 08:36
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.