Шуақты күндер мол болсын!

Пятница, 26 Июнь 2015 08:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4016 раз
efefWFASCSACSAC1990 жылдың 21 шілдесінде қалалық «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері ақпарат айдынына жол тартқан еді. Аз уақытта басылым шырайлы Шымкенттің саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерін, күнделікті тыныс-тіршілігін, тұрғындар өмірін тұрақты қамтып, ақпарат тарататын белді басылымға айналды. Бүгінде қарашаңырақ басылымға 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде газетте қызмет етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған журналистер аз емес. Осында шыңдалып, қияға қанат қаққандар бүгінде республикаға танымал тілшілер. 25 жылды жігіттік балаң шақпен теңеуге болатын шығар... Дегенмен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өмірге келіп, аяғын қаз-қаз басып, бүгінде толған, толысқан, өз арнасын тапқан, күре жолын қалыптастырған беделді басылымға айналып үлгерді. «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері дегенде ең алдымен осы басылымның жарыққа шығуына ықпал еткен, басылымның негізін қалаған тұңғыш редактор Жұмамұрат Тұяқбаевты еске алмау мүмкін емес. Ол кісінің іскерлігі, қабілеті, басылымға сіңірген еңбегі жайлы сол кездері бірге қызмет еткен әріптестері сағынышпен еске алады. Ал, біз газетіміздің 25 жылдық мерейлі күні қарсаңында газеттің қалыптасуына еңбек еткен бірқатар әріптестердің толғанысқа толы мақалаларын әр нөмір сайын жариялауды жөн көріп отырмыз.   
 
 – Қалалық газетке жазылыңыздар, – деп барғанымызда алдымыздан:
– Біз «Панорама Шымкентаға» жазылып қойдық, тағы қандай қалалық газет бар еді? – деген қарсы сауал шығатын.
Расында да осылай болатын. Қазіргі «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері о баста бір ғана топтаманың аясында шығатын.
 
Иә, кәдімгідей, екі тілді газет еді. Қазақша хабар да орысша ақпарат та бір газеттің ішінде жүретін. Өйткені, қала басшылығына да осы жағы ыңғайлы көрінсе керек. Еш жаққа алаңдамай, бір газеттің ішінен не істелініп, не қойып жатқанын біліп отыра береді. Содан бір күні... Жеке-жеке газет болып шығатынымызды естідік. Сенер, сенбесімізді білмейміз. Тіпті, әсіресе, қазақша газеттің қандай болып шығатынын елестете алмай жүрміз. Бірақ, көңілдегі қуанышты, кеудедегі жүректің дүрсілін... сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Қараптан қарап отырып, ән салып кеткің келе ме-ау, көзіңе түскен, бөлмеге кірген кісіден сүйінші сұрағың келе ме-ау, әйтеуір, өзіміз де түсініп болмас, толқымалы сезімде жүрміз...
 
– Осы жұмада бірінші дербес санымыз шығады, енді соны жоспарлайық, – деді редактор Жұмамұрат Тұяқбаев жиналыста. Жиналыста жалғыз ауыз сөз болып айтылғанмен, әрқайсымызға атан түйе тарта алмас жүк артылды. Бұрын газет бетін толтыра салатын қала жаңалықтары алғашқы екі беттен артылмайды. Басқа беттерді толтыру редакция ұжымының өз күшіне түсті.
 
Менің таңғалатыным сол кезде 50 жастан асып қалған Жұмекең осы бір іске жанын сала кірісті. Студенттердің, жұмысшы жастардың жатақханаларындағы кездесу, кітапханалардағы басқосудан басталған үлкен-үлкен мәселелер қозғалған жүздесулер ірі-ірі кинотеатрларда жалғасты.
 
Жаңадан бой көтеріп жатқан «Қазығұрт» шағынауданының шаң басқан көшесінде, Орталық саябақта редакция қызметкерлері мен облыстағы өнер жұлдыздарының қатысуымен ой қозғар кештер ұйымдастырылды.
 
Қарап отырсаңыз, бүгінде баспасөз қызметкерлерінің топ-тобымен халық арасына шығып, сөз құдіретін жария етіп, елдің мүддесін тыңдап, ертесіне өз қаламдарына орап жатқандары шамалы. Мұндай жүздесу, ой тарқатулардың соңы редакцияға хат ағынын тасыта түсті. Ол хаттарда не жоқ? Жеке басының қиыншылығынан бастап, өздері тұрып жатқан өңірдегі кетуі кеткен жағдайларды «түгендейді». Өлең, жыр, әңгіме, сықақ... тіпті, бала-шағаларының салған суреті мен шимай-шатпақтарын жолдап жатты.
 
– Ешқандай хат қараусыз, жауапсыз қалмасын! – деді Жұмамұрат аға.
Барлық мүмкіндікті қолға алу үшін «Шымкент келбеті» газетінің бетінде «Бәйтерек», «Ерке сылқым», «Балбұлақ» деп аталатын отбасына арналған арнайы топтамалар, сықақшыларға арналған «Шеңгел» сын-сықақ шошаласы жарық көрді. Кейіннен балаларға арналған «Балбұлақ» топтамасы ұлғайып, дербес басылымға айналып, «Балбөбек» және «Детский парк» газеттері бүкіл облыс мектептеріне жол тартты.
 
Газет ақын-жазушылардың, философтардың, тарихшылардың өзара пікір алмасу, ой бөлісу алаңына айналды. Тосын сөз, даулы пікірлер оқырмандарды бей-жай қалдырмады. Бұрын: «Панорама Шымкентаға» жазылдық», – деп кейкиетіндер енді «Шымкент келбеті» газетін іздеп жүріп оқитын, редакцияға келіп, жылдық маусымға жазылатын жанкүйерге айналды.
 
Ұжымның айдарынан жел есті. Есте қалған ең бір шуақты күн – Қазақстан Республикасы Президентінің ең тұңғыш эфир арқылы халықпен жүздесуіне қатысқанымыз. Редактор Жұмамұрат Тұяқбаевтың тікелей ұсынысы әрі қатысуымен Елбасының атынан ұжымның атына хат жолданды. Ол хатта негізінен бұқаралық ақпарат құралында еңбек ететін азаматтарды мемлекеттік қызметкер дәрежесіне көтеру  мәселесі айтылған болатын.
 
Осы айтылған хатты Мемлекет басшысы теледидар экранынан бір сөзін қалдырмай оқыды. Соңына қол қойғандардың екі-үшеуінің аты-жөнін толық атады. Тізім басында, әрине, редактордың есімі тұратыны белгілі.
 
Мінеки, өзінің аты-жөнін ел Президентінің бүкіл халыққа оқып берген сәті редактор Жұмамұрат аға Тұяқбаевқа тіл жеткізсіз қуаныш сыйлады. Оқырмандармен болған кездесулерді осы бір шуақты жағдайды айтудан бастайтын.
 
Журналистік ізденіске толы, өз күш-қуатыңды толық пайдалануға мүмкіндік берген сол бір күндер шын мәнінде бәріміз үшін де шуақты болған сияқты. 
Бүгінде алғашқы санының шыққанына ширек ғасырдай уақыт болған «Шымкент келбеті» газетінің барлық ұжымына шуақты күндер тілеймін!
 
Атанбек НАУРЫЗ,
«Шымкент келбеті» газетінің
жанынан шыққан «Балбөбек»
газетінің алғашқы
редакторының бірі
Последнее изменение Пятница, 26 Июнь 2015 08:50
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.