«Алтын белгi» иегерлерi – абырой биiгiнде Избранное

Пятница, 26 Июнь 2015 08:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5473 раз
 DSC4316Оңтүстік Қазақстан облысының «Алтын белгі» иегерлерінің саны ел аумағында осындай марапатқа ие болған оқушылардың үштен бір бөлігін, яғни, 30 пайызын құрайды. Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында өткен биылғы мектеп түлектерінің салтанатты жиынында өз білім деңгейін дәлелдеп шыққан 608 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталды. Марапаттау рәсіміне облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, биылғы «Алтын белгі» төсбелгісін иеленген мектеп түлектерін құттықтады.

– Ардақты жастар, бұл жетістіктеріңіз өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңыздың ынтасын оятады. Сіздер ие болған «Алтын белгі» кейінгі жас өскіндер үшін үлгі, мақтан тұтар өнеге, өмірлеріңіздегі алғашқы меже болмақ. Биік белестерді бағындырып, ғылымда өз орындарыңызды айқын белгілеу – тек өз қолдарыңызда. Мен сіздердің әлемнің озық көші мен уақыт талабынан қалмай, табыстың биігінен көрінетіндеріңізге кәміл сенемін, – деді Асқар Исабекұлы.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі ең жоғары 125 балды жинаған Түлкібас ауданы, «Дарын» мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Лаура Абдазимоваға 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен бірге, ҰБТ бойынша республикада жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар мектеп басшыларына облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» берілді. Жиында сөз алған Лаура Абдазимова барлық «Алтын белгі» иегерлерінің атынан ұстаздар қауымына алғыс білдірді.

– Білім деңгейіміздің жоғары болуы – ұстаздар қауымының жұмысының жемісі.Ұстаздарымыздың берген сапалы білімінің арқасында ҰБТ-ға дайындық барысында қосымша сабақтарға бару қажеттілігі туындаған жоқ. Ал, облыс әкімінің қолынан «Алтын белгі» төсбелгісін алу – біз үшін үлкен құрмет. Енді өзіміз армандаған оқу орнының табалдырығын аттап, көп ұзамай халқымыздың арқасүйер ұл-қыздарына айналатынымызға сендіргіміз келеді, – дейді «Алтын белгі» иегері.
 
Жалпы, оңтүстік өңірі үшін өткен оқу жылы сәтті қорытындыланды деуге негіз бар. Бұл ретте, облыс оқушылары «Ең үздік олимпиадалық команда» және «Ең үздік олимпиадалық мектеп» дәрежелеріне қол жеткізді. Республикалық пән олимпиадаларында 30 оқушы жеңімпаз атанды. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпазы атанған 96 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылып, тікелей грант иегерлері атанды. Осы жиында аталмыш грант иелеріне де облыс әкімінің арнайы «Алғыс хаты» мен сый-сыяпаттары табыс етілді. Марапаттау рәсімінде республикаға танымал өнер жұлдыздары әсем әндерін әуелетіп, жиылған көпшілікті әсерлі күйге бөледі.
 
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Последнее изменение Пятница, 26 Июнь 2015 09:15
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.