Заңсыз сауда жасағандар жазаланады

Пятница, 26 Июнь 2015 09:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3625 раз
vlcsnap-2015-05-19-17h24m43s2588888888888888888Шымкенттегі Исмайлов көшесінің (бұрынғы Громов) бойында орналасқан заңсыз сауда нүктелерінің жұмысына қатаң шара қолданылмақ. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен жиында шаһар басшысының орынбасары Бахадыр Нарымбетов мәлімдеді.
 
Аталған көшедегі заңсыз саудаға тосқауыл қою мақсатында бір жарым ай бұрын нақты жоспарлар түзілген еді. Дегенмен, сол уақыттан бері заңсыздықпен күрес баяу жүріп жатыр. Мәселен, бүгінге дейін мұнда тек 12 жер телімін жалға алған азаматтарға ескерту берілсе, қалғандарының ісі «баяғы жартас, сол жартас» күйінде тұр.
 
Бахадыр Нарымбетовтың төрағалығымен өткен жиында осы сауда орындарындағы заңсыз әрекеттердің жұмысы талқыланды. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл сауда орнында жалпы 37 жер телімі бар. Олардың 23-і жекеменшік болса, 12-сі жалға берілген, екеуі ортақ үлестік меншіктегі жерлер. Бір анығы, мұнда жер қалай берілсе де заңсыз сауда жасауға болмайды. Бұл орайда атқарушы билік тарапы заңды белден басқандарға тиісті шара қолданбақ.
 
– Енді заңды орындамаған кәсіпкерлерге, осы салаға бақылау жүргізіп отырған азаматтарға талап күшейе түседі. Осы жерді тазалау үшін тиісті бөлімдердің барлығына тапсырма берілгеніне біраз уақыт болды. Бірақ нәтиже аз. Белгіленген мерзімде қалалық жер қатынастары тарапынан бар-жоғы 12 жер телімінің иесіне ғана ескерту берілген, – деді Б. Нарымбетов.
 
Жиында заңсыз сауда нүктелерінің жұмысын бақалып отырған ішкі істер саласының мамандары да пікірлерін айтты. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Сұңғат Түгелбаевтың сөзіне сенсек, «Темір» базары маңындағы жол бойына тоқтаған автокөліктер бойынша қазіргі таңда 68 хаттама толтырылған.
 
Дегенмен, осы орайда «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов сөз алып, жұмыстың қағаз жүзінде емес, барынша нәтижелі болуы керектігін ескертті.
 
– Заңсыздықтар сараланды, тиісті салаларға міндеттер жүктелді. Десе де, атқарылып отырған жұмысқа менің көңілім толып отырған жоқ. Екі апта бұрын осы мәселе бойынша бас қостық. Сонда қала әкімі айтқан еді, тиісті азаматтар жұмыс істемесе орнынан кетеді деп. Шынында, жұмысынан қорытынды шықпайтын болса, олардың қажеті қанша, – деді халық қалаулысы.
 
Сол маңдағы тұрғындардың айтуынша, мұнда түнгі мезгілде де заңсыз жұмысын жалғастырып жатқандар жеткілікті. Жиында осы келеңсіздіктер де айтылды. Еске сала кетсек, осыған дейін заңсыз сауда орнын ретке келтіру үшін ішкі істер басқармасы тарапынан тағайындалған арнайы кезекшілік таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін сол маңды күзетіп келген еді. Енді тәртіп сақшылары мұнда тәулік бойы бақылау жүргізетін болады.
 
  Сәбит ТАСТАНБЕК
Последнее изменение Пятница, 26 Июнь 2015 09:22
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.