Өңiрде жұмысы тоқтап тұрған кәсiпорын жоқ

Пятница, 26 Июнь 2015 09:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3416 раз
UUUUUUUUUUUU77Оңтүстік Қазақстанда үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 1,2 трлн. теңге болатын жоба жүзеге асып, 33 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков хабарлады.
 
Басқарма басшысы бағдарлама аясындағы жобалардың 50 пайызға жуығы ауылдық жерлерде жүзеге асып жатқанын айтты. Мәліметтерге жүгінсек, соңғы төрт жылда жалпы құны 183,9 млрд. теңгеге 137 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Іске қосылған жобалардың нәтижесінде 2014 жылы 56,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, осы жылдың 5 айында 24,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ал, 2008-2014 жылдардағы аймақтар бойынша өңдеу өнеркәсібі өндірісі бойынша Оңтүстік Қазақстан өнім өңдеуден үшінші орынға шықты.
 
–  Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы инвестиция көлемі 845,1 млрд. теңгені құрайтын 104 жобаны іске қосып, 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде өңірімізге маңызды жобалар трактор зауыты, коммуналдық және арнайы техника, рентген аппараттары, алюминдік радиаторлар, жоғары сапалы фармацевтикалық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер, джинс маталарын шығаратын зауыттар мен фабрикалар, сонымен қатар 2 ірі металлургиялық комбинат, ірі жиһаз фабрикасы және басқа да зауыттардың құрылысын жүргізу жоспарлануда, ‒ деді Бауыржан Омарбеков.
 
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңірімізде жұмысы тоқтап тұрған кәсіп-орын жоқ. «2011 жылы ашылған «Азия Керамит» кәсіпорнының жұмысы тоқтап, кейіннен «Зерде Керамит» зауыты ретінде қайта құрылды. Қазір өз жұмысын жалғастыруда», – деді ол.
 
Брифингте басқарма басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу жайында да айтты. «Бұл бағыт бойынша өңірімізде жалпы құны 396,8 млрд. теңгені құрайтын 781 жоба мақұлданып, 11 785 жұмыс орны ашылған. Биылғы жылы құны 117,3 млрд. теңгеге 59 жоба мақұлданды», – деді Б. Омарбеков.
 
Сәбит ТАСТАНБЕК
Последнее изменение Пятница, 26 Июнь 2015 09:31
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.