Айару ма, әлде Айсүндет пе?.. Избранное

Четверг, 02 Июль 2015 15:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3600 раз
aa788888888Ордабасы ауданы Темірлан  ауылында қыздың есімін алған ұл бала өмір сүріп жатыр. Оның ата-анасы әлі күнге дейін туу туралы куәлігін ауыстыра алмай отыр. Аудандық АХАТ бөлімінің мамандары түрлі сылтау айтып, бұл мәселені  «сағызша созып» келеді. Туылған кезде қызға ұқсағанымен, уақыт өте келе ер баланың жыныстық белгісі байқалған. Генетиктер де ұл бала деген қорытынды беріп отыр. Баланың анасы тиісті құжаттармен құзырлы мекемелердің есігін талай рет тоздырған. Етегі жасқа толған ана ұлының туу туралы куәлігін ауыстырып, ертерек ота жасатқысы келеді. Алайда, оның жанайқайына ешкім де құлақ асар емес.
 
Бар мәселе Сәуле Елбасиеваның жүкті кезінен басталған. Темірлан ауылындағы учаскелік гинекологтар оның құрсағындағы баласының жүрегінде ақауы бар, ертерек түсік жасату қажеттігін бірнеше рет ескертіпті. Шымкенттік мамандар да баланың денсаулығында кінәрат бар екенін анықтаған. Олардың бұл қорытындысына сенбеген жүкті әйел Астана қаласындағы «Ана мен бала орталығында» тексерілген.  Ондағы дәрігерлер бірде-бір ақау таппай, әйелдің босануына рұқсат берілсе де, жергілікті дәрігерлер түсік жасату үшін оны нөмірі 1 перинаталдақ орталығына жіберген. Алты жарым айында бала тірі туылады.
 
Сәуле ЕЛБАСИЕВА, баланың анасы:
– Балаңда ешқандай ақау жоқ, уайымдама деді. Баламды көрдім. Бірақ, «неизвестный пол» деп жазып қойыпты. Түнде босанғанымды білмейді күйеуім мен енем екеуі. Олар бала өлді, әкетейік деп келген. Бала сау дедім.
 
Аудандық әділет басқармасындағылар медициналық қорытынды негізінде сәбидің туу  туралы куәлігіне қыздың есімін жазады. Ал, уақыт өте келе, оның жынысынан ер баланың белгісі байқала бастапты. Сырт келбеті де кәдімгі ер балаға ұқсайды. О баста дәрігерлер айтқан жүрек ақауы да жоқ. Генетикалық сараптама нәтижесінде  де оның ұл екендігі дәлелденген. Алматыдағы «Ақсай» республикалық балалар ауруханасындағы дәрігерлер де баланың еркек жынысты екені анықтап, ертерек ота жасау қажеттігін айтқан. Бала бір жарым жасқа келсе де, бұл мәселе шешімін таппай келеді.
 
Сәуле ЕЛБАСИЕВА, баланың анасы:
– Жұмыртқасы қуықта тұр деді. Әлі кішкентай, кейін түсе береді деді. 1 жасында алып келесіз деді. Бірақ метрикесін жөндеп келесіз деп «заключение»берді. Соны осында әкеліп едім, жарамайды деді. Алматы метрикені ауыстыр дейді, бұл жақ баланы ауыстыр дейді.
 
Ал, АХАТ секторының меңгерушісі Бақыткүл Көлібаеваның айтуынша, туу туралы куәлікте жынысты өзгерту үшін ең алдымен  балаға ота жасалуы қажет. Және соның негізінде медициналық қорытынды жасалып, сотттың  шешімі негізінде атын-жөні мен тегі ауысады.
 
Бақыткүл Көлібаева, Ордабасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ секторының меңгерушісі:
– ҚР Неке және отбасы туралы кодексінде нақты жазылған. Жынысты хирургиялық жолмен ауыстырған кезде, өзінің таңдаған жынысына сәйкес, атын, тегін, әкесінің атын өзгертеді тіркеуші органдар. Жынысын өзгерту үшін медициналық қортыныды болу қажет. Медициналық қорытынды  ерден әйелге ме, әйелден ерге хирургиялық жолмен жасалып, нақты қортындысы берілуі керек.
 
Облыстың бас хирургы Айарудың ұл екені және құзырлы органдар тарапынан құжатын ауыстыру туралы ұсыныс жасалып, медициналық қорытынды берілген. Генетиктердің де шешімі  соны меңзейді. Ал, балақай өзін ұл бала санап, ешнәрседен қаперсіз ойнап жүр. Болашағы оның ұл екені туралы жазылған бір жапырақ қағазға тәуелді. Бұдан кейін құзырлы мекемелер бүлдіршіннің тағдырына немқұрайлы қарамай құжаттарын реттеп берсе игі. Айта кетейік, мұндай жағдай, соңғы рет 2009 жылы Шардара ауданында тіркелген. Онда әйел  ота жасау арқылы тегі мен жынысын ерге ауыстырған.
 
                                                    Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Последнее изменение Четверг, 02 Июль 2015 15:22
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.