Астана күніне тарту – 75 нысан Избранное

Пятница, 03 Июль 2015 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3165 раз

оның ішінде Шымкентте 12 нысан ашылады

Астана күнінің қоғамдық-саяси маңызы зор, сондықтан ол әрбір қазақстандық үшін айшықты мерекелердің бірі. Халқымыздың мақтанышы, еліміздің мәртебесі, тәуелсіздігіміздің айнасы болған Астана күні – еліміздің мерекесі. Осы орайда, Оңтүстікте ерекше бір бастама жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтсақ, Оңтүстік Қазақстанда «Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы өтуде.

1417039622

Аталған мереке қарсаңында облыста 75 әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне беріледі. Соның ішінде 12 нысан облыс орталығы – Шымкентте орналасқан. Акцияның алғашқы күні Төлеби ауданында облыс әкімі А.Мырзахметовтың қатысуымен 24 нысан ашылды. Яғни, 13 елді мекенде табиғи газ, 8 елді мекенде ауыз су жүйелері қолданысқа берілді. Сонымен қатар, аудандық кәсіпкерлік мектебі мен Бейнеткеш ауылындағы 175 орынға лайықталған мектеп ғимараты, Ленгір қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың 150 орындық жатынжайының құрылысы аяқталып, тапсырылды.
Жалпы 1-4 шілде аралығында облыстағы 14 аудан, қалада бірдей үлгіде бой көтерген кәсіпкерлік мектептері пайдалануға берілсе, 14 елді мекенде табиғи газ, 8 ауыл ауыз су жүйелеріне қосылады. Сондай-ақ, 19 білім беру нысаны ашылмақ. 339 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үй, 3 спорт нысаны, 3 электрмен қамтамасыз ету нысаны, 2 демалыс аймағы, 1 мәдениет үйі, 1 балалар шипажайының қосымша ғимараты, 1 сарқынды суды тазалау кешені іске қосылса, 1 тоқыма фабрикасы, 1 арматура зауыты, 1 қоқыс өңдеу зауыты, 1 трактор зауыты жұмысын бастайды. Оңтүстік өңір осылайша елдігімізді ұлықтайтын ерекше мерекеге тарту жасамақ.


Тұңғыш әрі бірегей зауыт

Шымкенттегі қоқыс өңдеу зауыты іске қосылып, тұрғындарды қуантты. Зауыттың жанында жаңа қоқыс полигоны бар. Енді  тұрмыстық қалдықтар бұрынғыдай бей-берекет шашылып жатпайтын болады. Қаладан әкелінген қоқыс сұрыпталып, қайта өңделгені нығыздалып  іске жаратылмақ. Мамандардың айтуынша, қоқысты іріктеу арқылы полигонда көміл­ген қалдықтардың көлемі 5 есе азаяды.

Астана күніне орай қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін «Технология-21» ЖШС-і өз жұмысын бастап отыр. Бұл зауытта  жылына 180-200 мың тонна қоқыс қайта өңделетін болады. 170 адам жұмыспен қамтылады. Шикізатқа жарамды – пластик, қалбыр, пакет, ағаш, қағаз бөлек алынып, қалған қажетсіз өнім полигонға тасталуда. Бүгінде 100 пайыз қоқыстан 10-11 пайыз пайдалы заттар, яғни пластикалық бөтелкелер, металл мен қағаз қайта өңделуде. Болашақта “Шымкентцемент” зауытымен бірлесіп, газ бен көмірдің орнын алмастыратын RDF отынын өндіру жоспарымызда бар. Алдағы уақытта тағы екі цех салынады деп күтілуде. Қаламыздың тазалығы бәрімізге ортақ, бәрімізге сын. Шымкенттің шырайын арттыру үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз, – дейді «Технология-21» ЖШС директоры Нұрлан Дәулетбаев.

Қоқыс қалдықтарын өңдеу және жою қоғамдағы қордаланған мәселелердің бірі. Бұл орайда, жаңадан ашылған зауыт қаламыздың экологиясын тазартып, ел игілігіне қызмет етпек.

Әйгерім БЕГІМБЕТ


Үш тұрғын үй пайдалануға берiледi

«Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы аясында Шымкентте  бірқатар нысандар іске қосылмақ. Шымкенттіктердің игілігі үшін пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының ішінде үш тұрғын үй ғимараты бар. Олар - «Нұрсәт» шағынауданындағы 9 қабатты  54-пәтерлі  №128, 54-пәтерлі  №129  үй және Арғынбеков көшесі бойындағы №14 тоғыз қабатты тұрғын үй. Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша мердігер мекемелер «А.Р.Т.-Құрылыс»  ЖШС және «АльДекей»  ЖШС-і құрылысты мерзімінде аяқтап, пайдалануға беріп отыр. Пәтерлердің жалпы ауданы 4202 шаршы метрді құрайды. Жалпы пәтер саны – 63 болса,  оның ішінде: 1 бөлмелі  -18 дана, 2 бөлмелі - 18 дана, 3 бөлмелі  - 27 дана.

Балабақша бала қабылдауға дайын

Шымкентте іске қосылатын тағы бір нысан – Гаражная көшесіндегі 80 орындық коррекциялық балабақша құрылысы.  Мердігер мекеме «Ақ Нұр-строй» ЖШС-і құрылысты 2014 жылыдың маусым айында бастаған болатын.  Нысанның жалпы сметалық құны – 180,3 млн. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына 2014 жылы 98,7 млн. теңге қаралса, биыл 80,1 млн. теңге бөлінді. Құрылысты техникалық жағынан қадағалайтын  «Шымкент күрделі құрылыс» ЖШС  ғимараттың техникалық қауіпсіздігіне басты назар аударған.  Жаңа ғимарат мереке қарсаңында есігін айқара ашқалы отыр.


Спорт мектебiнiң құрылысы аяқталды

 Шымкентте №2 жеңіл атлетика және велоспорт бойынша ОБЖАОРМ» ғимаратының құрылысы аяқталды. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме «АсемЖобаҚұрылыс» ЖШС-і жұмыстарды 2014 жылдың қыркүйегінде бастаған болатын. Жалпы сметалық құны – 182, 762 млн. теңге. Жалпы алаңы – 1140 шаршы метр. Құрылысты аяқтауға 2014 жылы 38, 589 млн теңге, 2015 жылы 144, 173 млн. теңге қаралған болатын. Спорт ғимараты қаладағы Республика даңғылы 39Б үйде орналасқан.


Жаңа тазалық мекемесi жұмысын бастайды

«Ақтас-1» елді мекеніндегі қоқысты қайта өңдеу зауыты мен қатты тұрмыстық күл-қоқысты көму полигоны тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жүргізілді. Сметалық құны 508,0 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер - «СтарДи» ЖШС-і. Инженерлік-инфраструктуралық құрылыс жұмыстары мемлекеттік бюджет есебінен,  құрылыс жұмыстары инвестор есебінен жүргізілді.
2012 жылдың 18 тамызында №377 Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, жаңадан қуаттылығы жылына 180 000 тонна тұрмыстық қоқыс өңдейтін зауыт құрылысын жүргізу үшін қаланың оңтүстік-батыс бөлігінен 5,0 га жер бөлінді. Қоқыс зауытының құрылысы жеке инвестор есебінен, ал жаңа полигонға қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тарту бюджет есебінен қаралған. Инвестор, «Технология - 21» ЖШС-гі тарапынан «Мастер» ЖШС-гі мердігер болып анықталып,  2011 жылдың 20 қыркүйегінен зауыттың құрылыс жұмыстары басталған. Жоба құны – 1286,9 млн. теңге.

Последнее изменение Вторник, 04 Июль 2017 03:10
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.