Астана күніне тарту – 75 нысан (2-бөлім) Избранное

Пятница, 03 Июль 2015 06:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2729 раз

Білікті маман – заман талабы

Астана күні қарсаңында Шымкент аграрлық
колледжінің оқу өндірістік базасы ашылды

Біздің ел іргелі аграрлық мемлекеттердің бірі, бүгінгі жаһандану дәуірінде бәсекелестікке қабілетті, жоғары сапалы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін ең алдымен заман талабына сай білікті мамандар дайындау керек. Осы орайда Шымкент аграрлық колледжінің жанынан оқу өндірістік базасын құру көзделді. Білікті мамандарды дайындауды қолға алған бұл оқу базасы Астана күні қарсаңында пайдалануға беріліп отыр.

DSC 0389

– Қазіргі таңда ауылшаурашылығы саласында жоғары білікті мамандар тапшылығы байқалады. Бұл ретте Шымкент аграрлық колледжінде оқу өндірістік базасының берер пайдасы мол. Елімізде тұңғыш рет ашылып жатқан бұл орталықтың мақсаты – ауыл шаруашылығы саласында жаңа техникалар мен технологияларды пайдалану арқылы жаңа жетістіктерге қол жеткізу. Сондай-ақ, мұнда жаңа технологиямен жылыжайда көкөніс өсіру, ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау ережелерін білу, дақылдарды зиянкестерден қорғаудың жаңа тиімді тәсілдерді жетік меңгеруді үйрету қолға алынбақ, – дейді Шымкент аграрлық колледжінде оқу өндірістік базасының директоры Кенжехан Төлебаев.
Шымкенттегі «Тассай» елді мекенінде орналасқан оқу өндірістік базасы 5,5 га  жерді алып жатыр. Жаңадан бой көтерген орталыққа облыс бюджетінен 450 млн. қаржы жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «ЕРСУ-1» компаниясы 2014 жылдың желтоқсан айында бастап, нысанды мерзімінен 2 ай бұрын аяқтады. Мұнда 250 орындық оқу корпусы, 150 орынды көпшілік залы, жаңа типтегі спорт залы, 30 орындық жатақхана, 10 тонналық қойма, мал дәрігерлік клиникасы және механик сыныптармен жабдықталған.
Бір атап өтерлігі, оқу-өндірістік базасында арнайы ветеринариялық клиника орналасқан. Онда оқу залы, хирургиялық операция жүргізілетін сынып, зертхана, жасанды ұрықтандыруға арналған бекет   жұмыс істеп, білім алушыларға демонстрациялық көрсету арқылы мал ауруларын тексеру, емдеу мүмкіндігін береді.

С. ТАСТАНБЕК

Әлеуметтiк нысандар – ел игiлiгiне

«Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы аясында Сайрам ауданында 3 бірдей ғимарат салтанатты түрде ашылды.
Аудан орталығы Ақсукентте пайдалануға берілген кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ендігі жерде кәсібін жаңа бастаған ынталы қауымның біліктілігін шыңдап, бейімділігін нығайта түсуге сеп болмақ. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, аудан әкімі Уәлихан Қайназаров қатысты. Типтік үлгіде бой көтерген 3 қабатты ғимаратта «бір терезе» қағидасына сәйкес, кәсіпкерлік мектебі, «Ырыс» шағын қаржы ұйымы, кәсіпкерлер палатасы, «Жер кадастр ғылыми өндірістік орталығы», ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік сынды бірқатар бөлімдер орналастырылған.
– Барлық қолайлы мүмкіндіктері қарастырылған бұл ғимаратта жергілікті кәсіпкерлерге екі оқу бөлмесі, операциялық және конференция залдары қызмет көрсететін болады. Бұл ғимарат үшін облыс бюджетінен 147 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалып отыр, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр.
Ауданда ашылған екінші нысан - Қарабұлақ елді мекеніндегі 900 орындық №17 орта мектебі заман талабына сай қажетті оқу құралдарымен жабдықталыпты. Жаңа ғимарат үшін республика қазынасынан 924 миллион теңге қаржы қарастырылып, құрылысты «РСУ-1» ЖШС-гі жүргізген. Сонымен қатар, бұл күні Манкент ауылында да 600 орынға лайықталған №69 Ш.Рашидов атындағы жалпы орта мектеп ғимараты пайдалануға берілді.


Шағынаудандар сапалы электр қуатымен қамтылады

Қала тұрғындарын сапалы комуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Шымкент қаласындағы «Солтүстік» 110/10/10кВ жабық трансформатор подстанциясының құрылысы  (1-ші кезек) осы бағыттағы игі істердің бірі. Құрылыс жұмыстары «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-нің есебінен өткен жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған нысанда 2х40 кВА қуаттылығын құрайтын трансформаторлары орнатылған. Бүгінгі таңда, қосалқы стансасы үздіксіз және сапалы электр қуатымен «Нұртас», «Нұрсәт»,  «Қайтпас-1» шағынаудандарды қамтамасыз етуге дайын.
Сондай-ақ, 35/10кВ «Бозарық» қосалқы стансасы және 35кВ ӘЖ құрылысы да толық аяқталды. Айта кетелік, бұл нысан бойынша құрылыс жұмыстары   2013 жылы басталған болатын. Мердігер мекеме «ЮжКазЭнергоРемонт» ЖШС-і жүргізген құрылыс-монтаждың жұмыстарының құны 519,5 млн.теңгені құрайды. Нысанда 8 дана 35кВ ӘЖ ұзындығы-1,107ш., ТМН-6300/35кВА трансформаторлар, К-359АТ 35кВ комплектті таратқыш қондырғылары орнатылған. Бүгінгі таңда, қосалқы стансасы үздіксіз және сапалы электр қуатымен «Бозарық», «Бозарық-1,2,3», «Қайтпас-1», «Асар» шағынаудандарды қамтамасыз етеді.


Құрылысқа қажеттi өнiм

Елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында отандық өнімдерді көбінен қолдану да өзекті мәселе. Бұл орайда, шымкенттік кәсіпкерлер де өз үлесін қоспақ. Енді «Амир–А» ЖШС шығаратын арматураларды еліміздің құрылыс компаниялары қолданатын болады. «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын жалпы құны 500,0 млн. теңге болатын жобаны өз қаржысы есебінен жүзеге асырып отыр. Жобалық қуаты 50 мың тонна болатын арматура зауыты 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнім әзірге ішкі нарықта сатылмақ.


Жаңа фабрика өнiмдерi экспортқа да шығарылады

Сонымен қатар, бұл күндері Шымкенттегі тоқыма фабрикасы ұлғайтылып, өңдеу және тігін фабрикасы іске қосылады. Тігін бұйымдарын шығаратын  «South Textiline KZ» ЖШС-і 584 адамды жұмыспен қамтымақ. Фабриканың жобалық қуаттылығы: төсек-орынға арналған бұйымдар жиынтығы – 2 372,4 мың дана, түкті тігін бұйымдары – 10 453,0 мың дана. Кәсіпорын дайын өнімнің 80 пайызын ішкі нарықта сатуды, ал 20 пайызын экспортқа шығаруды көздеп отыр.


40 мыңнан астам тұрғынға жарық сыйлайды

«Шымкент қаласындағы «Солтүстік» 110/10/10кВ жабық трансформатор подстанциясының құрылысы (1-ші кезек)» 2014 жылы  «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің есебінен жүргізілді. 2х40 кВА қуаттылығын құрайтын трансформаторлары орнатылып,  2015 жылы ақпан айында нысанның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған болатын. Жалпы істелінген жұмыстар: Трансформатор подстанциясы қуаттылығы – 2х40МВа,  КРУЭ-110кВ  саны – 1 дана,  ЗРУ-10кВ – 4 секция.
Бүгінгі таңда қосалқы стансасы үздікісіз және сапалы электр қуатымен «Нұртас», «Нұрсәт», «Қайтпас-1» шағынаудандарды қосқанда барлығы 41,492 мың тұрғынды қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етуге дайын. Құрылыс нысанының жалпы  құны 1387,895 млн.теңгені құрайды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.