Жол апаты азайған, дегенмен...

Пятница, 19 Февраль 2016 05:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4086 раз

Шымкентте бірнеше айға созылған сот процесіне нүкте қойылды. Естеріңізде болса, мас күйінде қымбат көлігімен бір отбасындағы төрт адамның өмірін қиған Мұрат Танкеев 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қоныс колониясында өтейді. Бұдан бөлек, сотталушы зардап шеккендерге моральдік шығын ретінде 1,5 миллион теңге төлеуі тиіс. Бұл облысымызда орын алған жол апатының бірі ғана. Ал жыл он екі ай қала ішінде және тас жолдардағы жол-көлік оқиғалары қаншама адамның өмірін жалмады. Жол сақшыларының айтуынша, қайғылы оқиғалар көп жағдайда көлікті масаң күйде басқарған және жол ережелерін сақтамаған кезде орын алады.

Сандарды сөйлетсек...

689 копияОҚО ІІД баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, былтыр облысымызда жол-көлік оқиғалары 2014 жылға қарағанда аз тіркелген. Мәселен, өткен жылы 2251 жол көлік оқиғасы орын алса, соның салдарынан 390 адам қаза болған. Ал 2014 жылы 3370 жол апаты тіркеліп, 432 адам көз жұмыпты. Жол апаты саябырсығанымен, адам өлімі азаймай отыр. Биыл қаңтар айының ішінде облыста 166 жол апаты болып, 24 адам қаза тапса, 237-сі дене жарақатын алған. Тағы бір өкінішті жағдай – биыл бір ай ішінде 32 жол апаты тіркеліп, бір жасөспірім қаза болса, дене жарақатын алғандардың саны – 35. Жалпы алғанда, 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы жол апаты 33,2 пайызға төмендеген. Әйтсе де, бұл статистика көңіл көншітпейді. Өйткені, әр санның артында қаншама адамның өмірі, қаншама отбасының көз жасы мен қайғысы тұр. Тіпті, жеңіл-желпі жарақаттың өзі зардап шегушіге психологиялық салмақ салатынын жоққа шығара алмаймыз.

Апат айтып келмейдi
немесе қауiптi көшелер

Былтыр облыс жолдарында адам шығыны көп болған бірнеше ірі жол көлік оқиғаларына тоқталып өтсек. 16 маусым күні Алматы–Ташкент–Термез тасжолының айналма жолында ірі жол апаты болған еді. Жамбыл облысы тұрғынының басқаруындағы «Мерседес – Спринтер» микроавтобусы Шымкент қаласы тұрғынының басқаруындағы «Хово» жүк көлігін басып озбақ болған кезде соқтығысқан. Соның салдарынан 14 адам оқиға орнында тіл тартпай кетсе, ал 8-і дене жарақатын алған. Тағы бір қайғылы оқиға өткен жылы тамыз айында таңғы сағат 6.00 шамасында Созақ ауданы аумағынан өтетін облыстық маңызы бар жолда орын алды. Ұланбел–Созақ–Шолаққорған-Шаян-Екпінді-Бірлік тасжолының 177/498 шақырымында 1978 жылы туған азаматтың басқаруындағы «Дэу Нексия» қарсы бетте келе жатқан «ВАЗ-21900» автокөлігін соққан. Соның салдарынан 8 адам қаза болып, 1 адам дене жарақатын алды.

Биыл қаңтар айының ішінде облыста 166 жол апаты болып, 24 адам қаза тапса, 237-сі дене жарақатын алған. Тағы бір өкінішті жағдай – биыл бір ай ішінде 32 жол апаты тіркеліп, бір жасөспірім қаза болса, дене жарақатын алғандардың саны – 35. Жалпы алғанда, 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы жол апаты 33,2 пайызға төмендеген. Әйтсе де, бұл статистика көңіл көншітпейді.

Жалпы, қалада жылжымалы, жылжымайтын және зияткерлік 242 сыртқы бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Бейнекамералардан бөлек, жол қозғалысын реттейтін бағдаршамдар да жаңартылмақ.

Бүгінде Шымкентте жол-көлік оқиғалары жиі болатын апатты көшелер анықталып отыр. Олардың бірінде көлік нөпірі ауқымды болса, енді бірі өте тар көшелер. Мәселен, Абай ауданы бойынша Темірлан тасжолы, Рысқұлов көшесі, ал Әл-Фараби ауданы бойынша Байтұрсынов, Қонаев гүлзарының, Тәшенов көшесі мен Республика даңғылында жиі жол апаты орын алады. Сондай-ақ, Еңбекші ауданына қарасты Ленгір тасжолы, Жібек жолы, Қапал батыр, Сайрам, Рысқұлов көшелері мен Тәуке хан даңғылы, Уәлиханов, Елшібек батыр, Аймауытов және Желтоқсан көшелерінің бойында жол-көлік оқиғасы көп. Ал Қаратау ауданында Сайрам ауылы, Қайнарбұлақ саяжайы мен Бәйдібек би көшесінің бойы қауіпті аумақтың қатарында.

Бейнекамералар көбейедi

Биыл қала көшелерінде жол жүрісін бақылайтын бейнекамералар саны артатын болды. Ондағы мақсат – жол ережесін сақтамайтын жүргізушілерді анықтау екені белгілі. ОҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 50 сыртқы бейнебақылау камераларын орнатуға қаржы бөлінген. Оларды орнату жұмыстары сәуір айынан басталады деп жоспарланған. Жалпы, қалада жылжымалы, жылжымайтын және зияткерлік 242 сыртқы бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Бейнекамералардан бөлек, жол қозғалысын реттейтін бағдаршамдар да жаңартылмақ. Биыл Шымкенттегі 162 бағдаршамның төртеуін жаңа үлгіге ауыстыру, сонымен қатар, жаңадан 10 көліктік және 11 жаяу жүргінші бағдаршам орнату жоспарда бар. Бұл ретте жаңадан бой көтерген шағынаудандар да қамтылмақ. Барлық бағдаршамдар орталық диспетчерлік қызметке қосылған.
Сонымен қатар, жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан қызметтік-жауынгерлік тәртіпті және жол қозғалысы ережесін сақтап, төтенше оқиғаларды алдын алу үшін кеудеге тағылатын портативті бейнетіркегіштің 511 данасы сатып алынбақ. Ол үшін облыс бюджетінен 137 миллион теңге бөлінген. Қазір конкурс жариялау және сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің кеудесіне тағылатын мұндай бейнетіркегіштер пара алу және қылмысты жасыру оқиғаларына тосқауыл болатыны анық. Айта кетейік, қалада 674 жол-патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Абайлаңыз, айыппұл өстi

Биылдан бастап, жол ережелерін сақтамағандарға салынатын айыппұл көлемі де артты. Оған айлық есептік көрсеткіштің өсуі себеп болып отыр. Мәселен, АЕК 139 теңгеге өсіп, 2121 теңгені құрады. Енді жол ережесін сақтамаған жүргізушілердің қалтасы қағылады. Сондай-ақ, жүргізуші тыйым салынған жерде қарсы бағыттағы жолаққа шықса және құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңды талаптары орындалмаса, 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал спирттік ішімдік немесе құрамында есірткі бар заттарды қолданып, көлікті басқарған азаматтар 3 жылға дейін көлік жүргізе алмайды. Жүргізу куәлігінсіз немесе жүргізу құқығынан айырылған жағдайда көлік құралын басқарса және сақтандыру полисі болмаса 20 АЕК, яғни, 42 мың 420 теңге айыппұл төленеді. Айтпақшы, көлік басқарып отырып, ұялы телефонмен сөйлесетіндер көп. Егер осындай сәтте көзге түссе, 10 мың 605 теңге айыппұл салынады.
Темір тұлпардың тізгінін қолына алған кез келген азамат тек өзінің ғана емес, автокөлік ішіндегі адамдардың да өміріне жауапты екенін ескеруі тиіс. Сонымен қатар, жол ережелеріне мән беріп, әрдайым сақтық шараларын қаперінде ұстаса, жол апаты мен одан өлім құшатын қайғылы оқиғалар азаятыны анық.

psЖуырда ғана облыстық жол-патрульдік полициясы рейд жүргізіп, жол ережесін бұзған 1000-нан астам көлік жүргізушісін анықтады. Рейд нәтижесінде 18 адам көлікті мас күйінде басқарған жерінде ұсталды. Бұл тек бір күн ішінде ғана анықталған жайт. Ақпанның 15-сі мен 17-сі аралығында «Қауіпсіз жол» шұғыл тексеру және алдын алу іс-шарасына облысымыздың кинология қызметінің арнайы үйретілген иттері де жұмылдырылды. Қаланың ішінде, сондай-ақ, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда жол-патрульдік полициясының қызметкерлері барлық автокөліктерді тоқтатып, жіті тексерді. Рейд барысында қауіпсіздік белдігін тақпау, көлікті басқарған кезде ұялы байланыс телефонымен сөйлесу, көлікті жүргізуші куәлігінсіз тізгіндеу, жылдамдықты асыру, рұқсат етілмеген белгіге өту секілді құқық бұзушылық жайттары анықталды. Жол апатының орын алуына тек көлік жүргізушілері ғана емес, жаяу жүргіншілердің де қатысы бар. Мәселен, рейд барысында 80 адам жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал айып тұрағына 47 автокөлік жеткізілді.

Последнее изменение Пятница, 19 Февраль 2016 05:46
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.