Ұрылардан абай болыңыз!

Пятница, 19 Февраль 2016 05:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5792 раз

Тұрғындарды алаяқтардан сақтандырып, пәтер, көлік, қалта ұрлығының алдын алу мақсатында Еңбекші ауданы әкімі аппараты «Назар аударыңыз!» атты рейдтік іс-шарасын өткізді. Шара аудан аумағындағы «Айна базары», «Фиркан Сити» сауда орталығы мен қоғамдық көліктерде жүргізілді.


IMG-20160217-WA0002Рейдте аудан тұрғындарына алаяқтар мен ұрылардан сақтану жөнінде кеңес берілді және сақтандыру парақшалары таратылды. Аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Бегалы Серікбайұлының айтуынша, қолының сұғанағы барлар үшін халық көп шоғырланатын сауда нысандарында, аялдамалар мен қоғамдық көліктерде әрекет ету ыңғайлы. Оңай ашылатын сөмкелер, жартылай ашық қалта, полиэтилен пакетке салынған құжаттар – ұрылардың оңай олжасы. Ойындағы жоспарын телефон арқылы жүзеге асыратын әккі ұрылар да бар. Олар смс хабарлама, қоңырау шалу арқылы адам сеніміне кіреді.
– Алаяқтар көбіне ұрлық жасағанда балаларды, зейнеткерлер мен жалғызілікті адамдарды таңдайды. Сондықтан «құжатыңызды таптым», «ірі көлемде ұтыс ұттыңыз» немесе «сыйақы аласыз» деген күмәнді қоңырау түссе, алдымен айтылған ақпараттың растығына көз жеткізіңіз және жеке мүлкіңізге мұқият болыңыз, – дейді Б. Серікбайұлы.
Айта кетейік, алаяқтық, қалта, пәтер, автокөлік ұрлығының алдын алу мақсатындағы рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.