×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Көктемгi әскерге шақыру: үмiткерлерге талап жоғары Избранное

Пятница, 22 Апрель 2016 06:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 11565 раз

Отан. Патриоттық сезім. Әскер өмірі. Бұл – қасиетті ұғымдар. Азаматтық парызы мен Отан алдындағы борышын атқаруға бел буған жастар үшін бұл ұғымның мәні бөлек. Сөзімізді статистикамен сабақтайтын болсақ, ел аумағындағы әскерге шақырылған ер азаматтардың 80 пайызы азаматтық борышын атқаруға дайын екенін мәлім еткен болса, 20 пайызы барғысы келмейтінін айтыпты. Дегенмен, бұл көрсеткіштер жас буынның әскер өміріне деген қызығушылығы басым екенін аңғартады.

30 мың азамат әскерге шақырылған

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны 1-сәуірден бастау алды. Тиісінше, алдағы үш ай уақыт мерзімінде әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады. 

Осы орайда, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінде нақ осы күндері қызу қарбаласты байқауға болады. Мұнда өңірдегі аудан-қалалардан жолданған жастардың денсаулық әлеуеті тиісті медициналық тексеру барысында анықталады. Отан алдындағы парызымды өтесем деген жігіттер медициналық тексерістен өтіп жатыр. Қобалжулы. Оларды түсінуге де болады. Өйткені денсаулықтарынан сәл кінәрат табылса әскерге бару арманы тағы да кейінге шегеріледі. Жастардың денсаулық жағдайын анықтауда қажетті жабдықтар мен тиісті сала мамандары толық қамтамасыз етілген.
– Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаменті мамандары тарапынан қаңтар-наурыз айларының аралығында шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізілді. Яғни, жастарды әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде аталмыш шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі, – дейді облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің медицина қызметінің басшысы, подполковник Әлімжан Оспанов.

 

Айта кетерлігі, әскерге шақырылғандар үшін жиі қойылатын «бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары» диагнозына бүгінде көз аурулары қосылған. «Әскери қызметке жарамайтындар арасында басқа ауру түрлерінің ішінен көз ауруы бірінші орынға шықты» дейді мамандар. Жастардың арасында соңғы жылдарда көздің нашар көруі сырқаты жиілеп барады. Оның себебі, жастардың бала кезінен бастап компьютер, смартфондармен тым әуестенулерінен болса керек. Бұрыннан келе жатқан сырқат түрі ретінде әлі де болса майтабан жастардың қатары қалың. Салмақ жетіспеушілік, бел омыртқасының қисық бітуі секілді аурулар да жиі кездеседі. Сол себепті әскер қатарына ілінбей жатқандар көп екен.
3 күн уақыт мерзімінде медициналық комиссияның бақылауынан өтетін болашақ сарбаздар тиісті әскери бөлімдерге бөлінетін болады. Айта кетейік, бүгінде Қорғаныс министрлігі үш мыңға жуық жас буынды Қарулы Күштер қатарына шақырса, қалғандары Ішкі әскерлер мен Шекара қызметі, Республикалық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберілетін болады. Мамандар бұл қатарда әскери бөлімдерге қабылданатын сарбаздардың 20 пайыз үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін айтады. Өткен жылы күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде еліміздің шекара шебіне 2 мың қазақстандық аттанған. Ал Ұлттық Ұлан 6,5 мың және Мемлекеттік күзет қызметі 300 сарбазбен толыққан болатын. Бүгінде жалпы саны 30 мыңға жуық қазақстандық әскерге шақырылатындар қатарында тұр.

Қарымды жас – қуатты әскер атанбақ

DSC 0365

Шекара қорғауға барғысы келетін жастардың бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Сарбаздың бойы мен келбетіне байланысты қатаң талап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтеуден үміткерлерге қойылады. Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды басшыларды қорғап, күзететін бұл қызметке барғысы келетін жастың бойының ұзындығы 180-190 сантиметр аралығында, бет әлпеті таза, тыртықсыз, физикалық жағынан жақсы жетілген, бойын тік ұстайтын болуы тиіс. Яғни келбеті келіскен, денсаулығы мықты, сымбатты жастар алынады. Сонымен қатар, білімі де маңызды, ең кемі он бір жылдық мектепті аяқтаған болуы қажет. Бір жылдық міндетті қызметтері аяқталғаннан соң үкімет оларды сол мемлекеттік күзет қызметіне алып қалады. Келісім шартпен әрі қарай офицер болып қызметтерін жалғастырады. Сондықтан мемлекеттік күзет қызметіне алынатындардың саны да шектеулі.
Қорғаныс министрлігінің қарулы күштеріне баратындар әуе қорғаныс күштері, құрлық әскері, аэромобильдік күштер секілді бөлімшелерде қызмет етпек. Олардың да өз ерекшеліктері бар. Физикалық жағынан дайындығы күшті балаларға басымдық беріледі. Ал Ұлттық Ұланның ішкі істер әскери бөлімшелері үшін алынатын балалардың ата-анасы және басқа да туыстарының сотталмағанына аса мән беріледі. Өйткені бұл бөлімшелер ішкі тәртіптің сақталуын қарайды, түзеу колонияларын қарауылдайды. Әлбетте, бұлардың барлығында да жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән беріледі.

Әскери қызметшi, келешегiң қандай?

Заң бойынша әскерден үйленгендер, сотталғандар, денсаулығы жарамсыздар, студенттер босатылады. Сондай-ақ, әскер қатарына шақырылушы жалғызбасты ананың баласы болып, оның отбасында өзінен басқа 18 жасқа толмаған бауырлары болса және ата-анасы мүгедек болған жағдайда асыраушы ретінде оның әскерге бармауына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда әскерге шақырылушы осыны растайтын құжаттарды жергілікті әскери бөлімге тапсыруы керек. Жалпы, түрлі жағдайларға байланысты әскерден босатылғандар жергілікті әскери комиссариатқа жыл сайын анықтама қағазын тапсырып отыруы тиіс. Ал түрлі жағдайларға байланысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға тек бір рет жасалады.
Әскерде болған сарбаздар мен сержанттар және запастағы офицерлер келісімшартпен әскери қызметке қабылданып, өздерінің қалауы бойынша ел аумағындағы әскери бөлімдерге қызметке баруына толық мүмкіндік бар. Келісімшарт бойынша әскери қызметке алыну үшін ниет білдіруші міндетті түрде ҚР азаматы болуы тиіс. Екіншіден, жасы 19-дан төмен және 35-тен жоғары болмауы керек. Үшіншіден, мұндай қызметке тек әскери міндетін өтеген адамдар мен әскери кафедра немесе әскери оқыту резервтерінде болған азаматтар ғана қабылданады. Төртіншіден, азаматтың денсаулығы жақсы және бұрын сотталмаған болуы керек. 10 жыл және одан да көп уақыт әскери қызметте болғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй беріледі. Ал әскери қызметте жүргендеріне 10 жыл толмағандарға тұрғын үй жалдау үшін арнайы өтемақы төленеді. Бұдан басқа келісімшарт бойынша әскери қызметте жүргендеріне 8 жыл болған азаматтар еліміздегі жоғары оқу орындарына оқуға түскен жағдайда, оқу шығынының 50 пайызы мемлекет бюджетінен қайтарылады. Сондай-ақ, келісімшарт бойынша қызмет істеп жүрген әскерилерге жыл сайын демалыс беріледі. Бұған қоса екі айлық еңбекақысы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.
«Әскерге барғым келеді». Осылай деп жергілікті қорғаныс істері басқармасына келушілер көбейген. Тіпті жігіттер медициналық тексеріс кезінде ауруын жасыратын да көрінеді. Дегенмен, Қорғаныс министрлігі тыңғылықты іріктеуден сүрінбей өткендерді ғана Қарулы күштердің қатарына алмақ.


shegebaevӘбдіғабит ШЕГЕБАЕВ, 
Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы:

Жастардың психологиялық берiктiгi маңызды

– Шымкент қаласынан әскерге неше жасөспірімнің жолданатынын айту қиын. Неге десеңіз, біз қорғаныс істері жөніндегі департаментінің сұранысына орай жібереміз. Ол үшін нағыз шыныққан, денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданған жігіттер іріктеледі. Кейбір жастар өткір, сауатты болғанымен денсаулығы жарамсыз болып шығады. Аға дәрігер бәрін қадағалап өткізеді. Әскерге алынатындардың санының шектеулі, ал әскери парызын өтеп қайтуға тілек білдіруші жастардың көп болуы себепті шақырылушыларға қойылатын талаптар да жоғары. Жастар психологиялық-моралдық тұрғыдан іріктеуден өткізіліп, олардың біліміне, денінің саулығына және физикалық тұрғыдан дайындығына маңыз беріледі.


askerҚуаныш САҒЫНДЫҚОВ,
әскерге шақырылушы:

Отанды қорғау – қасиеттi борыш

– Бүгін медициналық тексеруден өтіп жатырмыз. Отанын қорғау – әрбір ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан өзім оған психологиялық жағынан дайындалдым. Дәл қазір әскер қатарына аттануға әзірмін. Алдағы өмірімді Ұлттық Ұланмен байланыстырғым келеді. Десек те, азаматтық борышымызды абыроймен атқарсақ деген үлкен арман-мұрат бар. Өз басым, еліміздің әрбір ер азаматы әскер өмірін басынан өткергені жөн деп есептеймін. Өйткені, әскер өмірі бізге шынайы өмірдің мәнін ұғындырады. Физикалық тұрғыдан ширақ болумен қатар, өмірдің қандай да бір қиындығы мен ауыртпалығына төзімді болуға үйретер еді. Жолдас пен ата-ананың қадірі қаншалықты жоғары екенін толықтай ұғына алар едік. Сол себептен де, әскер өмірінің біздерге үйретері көп деп есептеймін.