Еңбек медалi елге жетеледi...

Среда, 18 Май 2016 06:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3547 раз

Майдангер Мақаш Тәжiбаевқа туған жердiң топырағы жетпiс төрт жылдан кейiн бұйырды

Соғыс! Осы бір сөз қаншама жанның жүрегін қан жылатып, сүттей ұйыған шаңырақтардың шаттығын ұрлады. Анасын баласынан, ұл-қызды әкесінен, ғашықтарды екіге айырды. Адам айтып жеткізерсіз қайғы-қасіретке, қорқынышқа, зұлымдыққа толы Ұлы Отан соғысында қаншама боздақ туған еліне жете алмай, жат жұртта жер жастанды. Туған жердің бір сүйем жері үшін жанын қиған майдангерлер ерлігі мен өрлігі ұрпақ жадында мәңгілікке жаңғырмақ.

topyraq-2

Соғыс жылдары Кеңес армиясының қатарына 1,5 милионнан аса қазақстандық қосылды. Жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасты. Жауынгерлік қаһармандығы үшін медаль-ордендермен марапатталса, 500-ден аса адам Кеңес Одағының батыры атанды. Атаның туын жықпай, ананың намысы үшін, туған жердің топырағын таптатпай, Жеңістің туын желбіреткен күнге бүгінде шүкіршілік айтамыз. Алайда, Жеңіс туының желбірегеніне 71 жыл өтсе де, қаншама боздақ хабар-ошарсыз кетті. Олардың қатарында бәйдібектік жауынгер Мақаш Тәжібаев та бар. Ұлы Отан соғысының отты жылдары жау қолынан қаза тапқан майдангердің дерегі араға 74 жыл салып табылды. 2015 жылдың маусым айында Ресей Федерациясы, Калуга облысы, Ульянов ауданы, Железница деревнясынан «Гвардеец» атты іздестіру тобы ну орманның ортасынан майдангердің сүйегін тапқан. Яғни, ол 1939 жылы өткен Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалінің иегері, 37 гвардиялық полкі, 12 гвардиялық дивизияның жауынгері, жерлесіміз Мақаш Тәжібаевтың сүйегі екендігі анықталады. 8141 нөмірлі медалді тұпнұсқадан іздестіргенде, оның қазақстандық Мақаш Тәжібаевқа тиесілі екендігі белгілі болады.

topyraq-3

М.Тәжібаев – 1910 жылы Бәйдібек ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінде дүниеге келген. Соғыс басталғанға дейін Мақаш Тәжібаев та шаруашылық саласында еңбек етіп, трактор айдаған. Замандастарынан бір қадам озық жүрген азамат 500 гектар жерді игерген деседі. Осы еңбегі үшін ВДНХ-ның медалімен марапатталған. Сол төсбелгіні кеудесіне таққан бойы соғысқа аттанып, түбінде Тәжібаевтың сүйегін анықтауға үлкен көмек болды. Өзекті өртейтін бір өкініш – Мақаш Тәжібаевтың етжақын ұл-қыздары болмаған.
Қолдағы деректі негізге ала отырып, «Память» іздестіру тобының жетекшісі Александр Кузнецов «Айғақ» телеарнасының басшысы, ОҚО мәслихатының депутаты Дулат Әбішке хабарласады. Себебі, халық қалаулысы 2013 жылдың 23 тамызында Тверь облысы, Зубцов ауданында екі жерлесіміз Сұлтанқұл Ерденов пен Байтей Байназаровтардың сүйегін қайта жерлеу рәсіміне қатысып, сол сәтте іздестіру тобының басшысымен берік қарым-қатынас орнаған болатын. Айта кетейік, Александр Кузнецовтың жасағы оңтүстікқазақстандық майдангер Қалдар Байбағысовтың 77 жылдан кейін жатқан жерін тауып беруге мұрындық болған. Осы сауапты іс нәтижесінде Салқынбек Қалдаров әке бейітінің басына барып, белгітас орнатты.

topyraq-4

Мұнан бөлек, Александр Кузнецовтың іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Латвия жерінде қаза тапқан тағы бір қазақ жауынгері Қасым Нұрсейітовтың сүйегі табылып, туған топырағына тапсырылып еді. Аты-жөні қашалып жазылған тарағының көмегімен майдангердің сүйегі анықталып, елге 70 жылдан кейін жеткізілді.
Үнемі қазақты, өзге елде шейіт болған жауынгерлерді іздеп жүретін азаматты бұл мәселе толғандырмай қоймады. Осыған орай Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батырдың сүйегін туған жерге жеткізу мақсатында телеарна басшысы Дулат Әбіш арнайы жоба құрды. Бұл идея ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұловтан қолдау тапқан соң, облыстық мәслихат хатшысы Қамытбек Айтөреев бастаған делегация 2016 жылғы 6 мамыр күні Ресей еліне жол тартты.
9 мамыр күні РФ, Калуга облысы, Ульянов ауданында Ұлы Жеңіске арналған салтанатты іс-шара өтті. Ресейлік тұрғындардың патриоттық бейнесі айшықталған жиында әрбір жауынгерді ұлтына немесе дініне бөлмей, бірдей насихаттағанының куәсі болдық. Ал Қазақстаннан барған делегация көрші Ресей жерінде ұлттық құндылығымызды насихаттап, ер азаматтар бастарына оюланған тақия киді. Осы арқылы қазақстандық екенін көрсетті.
Жиында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қамытбек Айтөреев Ресейдің бір қиырында өткен митингіде сөз алып, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі аманат еткен сәлемдемені жеткізді. Яғни Атамқұлов Бейбіт Бәкірұлының жауынгерді іздестіру тобына арнайы Алғыс хаты мен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгіні салтанатты түрде табыс етті.
Міне, ең толқынысты сәт те келіп жетті. Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалінің иегері, қазақстандық қаһарманның жаужүректің сүйегі қандастарына тапсырылды. Әуелі 74 жыл бойына Тәжібаевтың сүйегімен бірге қаншама жыл қара топырақтың астында жатқан тарихи төсбелгі жерлестерінің қолына табыс етілді.
Жиыннан соң, іздестіру тобын делегация мүшелерін батыр бабамыз ерліктің ерен үлгісін көрсеткен аталған аудандағы Железница деревнясының маңында сүйегі табылған орынға алып барып, сол бір кездегі қиян-кескі ұрыстардың тарихын әңгімелеп берді.
Мұнан кейін Ресей астанасы Мәскеу қаласына келіп аялдадық. Мақсатымыз – Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы жетістігінің көрмесі, яғни қысқартылып орыс тілінде айтылып жүрген ВДНХ-ға барып, мұрағаттан ақпарат алу болатын. Соғысқа дейін-ақ Мақаш Тәжібаевтың еңбегін бағалап, медаль тапсырған жер бүгінде тым өзгеріп кеткен деседі... Ғимараттар жаңартылып, қайта қалыптасқан. Ержүрек бабаларымыздың қара еңбегін ескерген ВДНХ-қа талай тарихты ішіне бүккендей көрінді. Дәл осы маңға Ресейдің «Бірінші канал», «Первый канал Евразия» телеарналары мен өзге де БАҚ тілшілері Қазақстаннан ат терлетіп жеткен делегацияны арнайы іздеп келіп, іссапар туралы тың мағлұматты көрермен назарына ұсынды.
Жеңіс туы желбіреген 1945 жылғы 9 мамыр күні Қызыл алаңдағы әскери шеруді көре алмай кеткен жауынгерлердің қатарында Мақаш Тәжібаев та бар. Егер тірі болғанда, ел қуанышын бірге бөлісіп, туған жерге аман-есен оралар еді. Әттең...
Тәжібаевтың ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанмен, артында іздеушісі бар ұрпағы барын білдіріп баба сүйегін Қызыл алаңда ырым етіп, алып өтті.

topyraq

11-мамыр күні майданда жанқиярлықпен күресіп, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жанын пида еткен батырдың сүйегін әкеле жатқан делегация кешкі сағат 22:00-де Шымкент әуежайына келіп, Козельск қаласындағы арнайы орында 11 айдан бері сақтаулы тұрған жауынгер Мақаш Тәжібаевтың сүйегі туған жермен қауышты... Осы тұста айта кетейік, жауынгердің сүйегін елге жеткізуді «Sсat» әуе компаниясының президенті Владимир Денисов өз мойнына алып, азаматтық іс жасады.
74 жыл туған жерден жырақта болған жауынгер жерлесіміздің өзі емес сүйегі елге оралған сәті оңтүстікқазақстандықтар үшін ауыр болды. Әуежайдағы тебіреніске толы көпшілікті көргенде еріксіз көңіл толқыды... Сонау Ресей елінен әкелінген баба сүйегі облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің жұмылдырылуымен қаламыздағы Д.Шыңғысбай қажы мешітіне жеткізілді. Имандылық ордасында бір түн түнеген жауынгердің рухына 12-мамыр күнгі таңғы сағат 9:30-да «Даңқ» мемориалында құран бағышталды.
Ұлы бабалардың ізін жалғаған «Айғақ» телеарнасының бұл бастамасын облысымыздың аға буын өкілдерімен бірге жалынды жастар да зор қуанышпен қолдап, ризашылық танытты. Митингіде делегацияны бастап барған облыс мәслихатының хатшысы Қамытбек Айтөреев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Мақаш Тәжібаевтың туысы Тұрмысбек Құнанбаев сөз сөйлеп, бұл игілікті істің өскелең ұрпаққа берер өнегесі мол екенін ерекше атап өтті. Шындығында да, бұл сауапқа толы игілікті іс.
«Даңқ» мемориалындағы салтанатты жиыннан кейін арнайы құрылған автокеруен сұрапыл соғыс құрбаны Мақаш Тәжібаевтың сүйегін туған жері Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылына жеткізу үшін жолға шықты.
Жауынгердің сүйегі кіндік қаны тамған Мыңбұлақ ауылында жерленді. Жерлеу рәсіміне жергілікті билік өкілдері мен бірқатар ел зиялылары, сондай-ақ, ардагерлер қатысты. Әскерилер салтанатты түрде сап түзеп, батырды соңғы сапарға шығарып салды. Облыс имамы Ахметжан қажы Керімбек Отан үшін опат болған жерлесіміздің рухына құран бағыштады. Бәйдібек ауданының әкімі Батырбек Көшербай есіл ердің сүйегін елге жеткізу шарасына қатысып, ұйымдастыру ісіне басшылық жасады.
Иә, осылайша майданда көз жұмған Мақаш Тәжібаевқа туған жердің топырағы 74 жылдан кейін бұйырды. Қайырымды іске қолдау көрсеткен облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен батырдың сүйегін Ресейден тегін жеткізіп берген «Sсat» әуе компаниясының президенті Владимир Денисовке айтар алғыс шексіз.

Шаһаризада ДӘНЕЕВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.