×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Рәмiздерге құрмет – Отанға құрмет

Пятница, 20 Май 2016 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4541 раз

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгілерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздерінің болуы. Бұл – елдің басқару билігін өз қолына алуы, мемлекеттік шекарасын айқындауы, төл теңгесін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік сипаттарымен біте қайнасып жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның рәміздерін жасау, оны халық талқысына салу, арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның сараптамасынан өткізу – аса маңызды міндет еді. «Туымыздың түсі қандай болады?», «Елтаңбамыздың ерекшелігі неден байқалады?», «Әнұранымыз ұлттық рух беріп тұра ма?» – деген сауал ұлтжанды қазақ азаматтарының дегбірін алғандай еді.

1359266490 arka

Егемендiктiң еңселi тұғыры

Еліміз толық тәуелсіздікке 1991 жылы ғана қол жеткізді. Әлемдік қауымдастық елімізді дербес мемлекет ретінде тани бастады. 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заңдармен тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы бекітілді. Ал 1992 жылдың 11 желтоқсанында мемлекеттік Әнұранымыз туралы Заңға қол қойылды. Бұл мемлекеттік рәміздеріміз елдігіміздің айғағына айналды. 1996 жылғы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойылды. Яғни, мемлекеттік рәміздер бір заң аясына топтастырылды.
Егемендіктің ең басты белгісі – тәуелсіз ұлттың нышандары, тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің рәміздері. Рәмізсіз тәуелсіз елдің болмайтыны анық. Әлемде мойындалған қанша мемлекет болса сонша рәміз бар. Сол арқылы ғана біз дүниеде «терезесі тең» елдердің қатарын танимыз әрі өзімізді де өзгеге танытамыз. Ендеше кез келген елдің тәуелсіздігінен оның рәміздерін бөле-жарып қарау мүмкін емес. Оның үстіне егемен ел болып, өзінің тәуелсіздігін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты болса, соның бастысы – тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы. Осылайша, бұл күн елдігіміздің, ел болуымыздың жарқын белгісін білдіретін айрықша тарихи датаға айналды. Көгімізде Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды бекіткен сәттен бастап елдігіміздің белгісін әлем жұртшылығы тағы бір мәрте мойындады. Ендеше қазақ үшін, оның ішінде елдіктің тірегін сақтаушы өскелең ұрпақ пен оның патриоттық тәрбиесі үшін 4-і маусым ерекше күн ретінде саналып, қастерленуі шарт.

0034

Еліміз тәуелсіздік алған сәтте мемлекеттік рәміздерді дайындау ісі қолға алынып, жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы кеңес төралқасының арнайы қаулысы жарық көрді. Соған сәйкес комиссия құрылып, оның құрамына С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов сынды азаматтар кірді. Осыдан кейін Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына байқау жарияланып, бұл іске еліміздің талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен ақындар белсене қатысып, өз жобаларын ұсынды. Мәселен, мемлекеттік Тудың байқауына 600 адам қатысса, 1200 жоба қаралған мемлекеттік Елтаңбаға 245, ал мемлекеттік Әнұранға 750 жоба ұсынылған.

1359266490 arka

Ұлттың рухы танылады

Қазақстан байрағы қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде желбіреп тұр. Ел Әнұраны Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары жеңісінің құрметіне шырқалып жүр. Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі – тарих. Нақ осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар ел тәуелсіздігінің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытады.
Мемлекеттік мекемелерде елдігіміздің рәміздері көзге айрықша шалынып тұрады. Мемлекеттік Туға көрсетілген құрметтің белгісі ретінде, бүгінде Астананың қақ ортасында биіктігі 115 метрлік ғажап Көк туымыз желбіреп тұр. Бұл «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені аумағындағы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік Туы саналады. Төбе басына орнатылған алып ту мен тұғырының берік құрылымы елдің күш-қуаты мен даңқын, оның ұлы тарихы мен болашағын бейнелейді. Тудың биіктігі – 15, ұзындығы 30 метрді құрайды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне ашылған Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік» саябағы да қала тұрғындары мен қонақтарының ыстық ықыласпен назарын өзіне аударған ғажайып кешенге айналды. Саябақтың триумфті – 15 метрлік қақпасын аттаған тұста, 1991 жылдан күні бүгінге дейінгі елімізде орын алған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. Шымкенттіктердің тағы бір мақтан тұтар нысаны ол – «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі. Бұл архитектуралық композициялар туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында орын тепкен, биіктігі 34 метрді құрайтын бұл монументпен «Тәуелсіздік» саябағының арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын «Алтын көпір» жалғастырып тұр. Мұны мемлекеттік рәміздерге айрықша құрметтің белгісі деп білген жөн.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады.

1359266490 arka

Стандартқа сай келуi керек

Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Ал ауыстырылуға жататын мемлекеттік рәміздерді жою, оларды қайта пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында өртеу, балқыту, 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде майдалап бөлшектеу, ұсақтау, қалыпсыз массаға немесе ұнтақ күйге айналдыру арқылы жүргізіледі. Әрі мемлекеттік нышандарымыз «ҚР мемлекеттік рәміздері бейнелерін орналастыру тәртібіне» сай орналасуы қатаң қадағаланады. ҚР Конституциясының 9-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді» деп нақты көрсетілген. «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» 317-3 бапқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын немесе Мемлекеттік Әнұранын қорлау – бір мың айлық есептiк көрсеткiштен екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ, ҚР Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», – деп жазылған. Өз кезегінде, бұл – қоғамдық санамызда тәуелсіздік идеясын орнықтыру және жастарды биік отаншылдық сезімге баулу мұраттарын жан-жақты ескере отырып, жасалған отансүйгіштік қадам екендігі сөзсіз.


2Анарбек ОРМАН,
«Ақ жол» демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан
облыстық филиалының төрағасы:

Елдiк нышанымыз жоғары бағаланады

– Рәміздер біртұтас елдің ажырамас бөлігі, айқын бейнесі. Рәміздердің әрбірінің шығу тарихы бар. Бұл – қазақ халқының қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін паш ететін киелі қазынасы. Туымыз жиырма жылдан астам көгімізде желбіреп келеді. Әнұранымыз шырқалып, Елтаңбамыз өшпес белгіге айналды. Алға қарай да жас ұрпақ мемлекеттік рәміздерді заңнамаға сәйкес қадірлеп, қастерлеп, құрмет тұтса, олардың мән-мағыналарын терең ұғына білсе, тұғырымыз берік болары айқын.


sajdhasiuЕрбол ДАЙРАШОВ,
«Ернияз» баспа үйінің директоры:

Құндылықты дәрiптеу – перзенттiк парызымыз

– Туымыздың зеңгір көк түсі – біртұтастықтың, бірліктің және бейбіт те ашық көк аспанның белгісі. Күн астында шалқып қалықтап ұшқан дала қыраны. Ұлы даланы мекендеген көшпенді жұрты ықылым заманнан ақ қыран құсты күштің, еркіндіктің және бостандықтың белгісі ретінде біледі. Шын мәнінде, «Рәміз» ұғымының мәні ерекше. Себебі, әрбір азаматтың жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілікті, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуда мемлекеттік рәміздердің маңызы аса зор. Аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес құндылықтарымыз ретінде саналады. Ал осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру – басты мақсат, перзенттік парызымыз болуы керек.

Последнее изменение Пятница, 20 Май 2016 05:25