Қауiптi қалдықтар қалай жойылады? Избранное

Пятница, 05 Август 2016 04:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3619 раз

Абай – халқы тығыз орналасқан аудан. Қазір қала орталығы қарқынды даму жолына түсті. Жаңа құрылыстар салынып, инфрақұрылым жақсара бастады. Әкімдік тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды басты назарда ұстайды. Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында, бірқатар құрылыс нысандарын аралаған болатынбыз. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш бізге атқарылған жұмыстарды баяндай келе, әлі де шешімін таппаған мәселелердің барын алға тартты.


DSC 3583

ТҰРҒЫН АЛАПТАҒЫ ИГIЛIКТI IСТЕР

Қызылжардың тұрғындары еңбексүйгіш жандар. Олар Жер-Ананың төсінен несібесін тауып отыр. Бау-бақша өсіріп, күнделікті нәпақасын айырады. Екі жыл бұрын қызылжарлықтар сусыз қалған болатын. Жуырда түйткілге айналған мәселе шешімін таппақ. Жаңа су құбырын жобалау жұмыстары қолға алынбақ. Абай әкімдігі аппаратының халықпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ержан Саржан Игілік, Жаңаталап, Қызылжар елді мекендерінде жаяу жүргіншілер мен жол салынатынын айтты. Күн көзімен жылтырап жатқан жаңа асфальттың сапасына көңіл сүйсінді. 8 шақырым жолды жаңғырту мақсатында бюджеттен 116 млн теңге бөлінген. Күзге дейін жол шаруашылығы жұмысты толық бітіреді. Одан бөлек, тұрғын алапқа жасанды жол кедергілері, ал мектеп маңына бағдаршам орнатылмақ.
– Тұрғын алап қаланың шет аймағында болғандықтан, ескі жоба бойынша орталық жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылмаған. Қазіргі уақытта Әбдіраимов көшесінің 17 шақырымын жарықтандыру жөнінде ұсыныс бердік. Айта кету керек, бізге облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш көмектесуде. Көшелерге орынсыз берілген атаулар мәселесін де ретке келтіріп жатырмыз. 12 жасанды жол кедергілерін орнатамыз, – дейді Ержан Саржан.
Қала аумағының кеңеюіне байланысты тұрғын алаптағы мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Мұнда достық пен келісімнің үлгісіндей болып қазақ, орыс, әзірбайжан, түрік, өзбек этностары тату-тәтті ғұмыр кешуде. Десе де, келер жылы тамызда қолданысқа беруге жоспарланып отырған 600 орындық мектеп тұрғын алаптың көрікті орнына айналатыны анық.

DSC 3488Мектептің тарлығы Абай ауданындағы Жаңаталаптың түйткілді мәселесі. Мұнда жыл сайын халық саны артып келеді. Соған байланысты бала саны да көбейген. Биыл тұрғын алап тұрғындарының қуанышында шек жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. 

1600 орындық білім ордасының құрылысына тапсырыс беруші – Шымкент қаласының құрылыс бөлімі, мердігер – «MabekTradeLTD» ЖШС. Жоба құны 903 715 330,56 теңгені құрайды. 2016 жылы бұл қаржының 400 миллионы игерілуде. Қазіргі кезде құрылыста 85 адам жұмыс істейді. Мектептің іргетас блоктары орнатылып, қабырғалары қалануда.
Жобаның жалпы құны 904 млн теңгені құрайды. Күйдірілген кірпіштен салынып жатқан үлкен ғимаратқа қоса мәжіліс, спорт залдары мен асхана бой көтермек. Мердігер «Маbex Trade LTD» ЖШС құрылыстағы қадамын жаңадан бастап отырған жоқ. Серіктестіктің жұмыс жүргізушісі Уәлихан Сандыбаевтың құрылыс жұмысына көңілі толады. Өйткені құрылыс материалдары уақытылы жеткізілуде, оның үстіне мұнда бәрі «алтын қолды» жұмысшылар.
– Нысан құрылысына 85 адам жұмылдырылған. Бәрі – өз ісінің шеберлері, – дейді ол. – Оларға қойылатын басты талап – қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жан-тәнімен жұмыс істеу. Құрылыс материалдарының біраз бөлігі жергілікті тауар өндірушілердікі,-дейді құрылысшы.
Жаңа мектеп тұрғындардың басты қажеттілігі. Бүгінге дейін №82 мектепте балалар 4 ауысым бойынша білім алып келді. Ал мектеп салуға жердің жоқтығы қолбайлау болды. 49 жылға жалға берілген фермерлердің жерін қайтарып алып, заңсыз құрылыстарды бұзу арқылы бұл мәселе шешімін тапты. Енді ескі оқу ордасында балалар, ал жаңа мектепте жоғарғы сынып оқушылары білім алатын болады.

ТАЗАЛЫҚҚА ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

DSC 3583

Тельман бөлімшесінде назар аударатын қауіпті орын бар. Төлебаев көшесіндегі аумақта бір кездері «21 партсъезд» деген атпен минералды тыңайтқыштар мен улы химикаттардың қоймасы болған. Кеңшар тараған соң, аумақ қараусыз қалды. Ал жер телімдері тұрғындарға үй салу мақсатында берілді. Жұрт үй салғанымен залалды мәселенің шешімін таба алмады. Үйілген қоқыстың иісі алыстан-ақ қолқаны қабады. Сондай-ақ тұрғындар әртүрлі сырқатпен ауыра бастады. Улы химикаттар төгілген аумақтың қоршауы жоқ. Жанынан адамдар әрлі-бері өтіп, балалар ойнап жүреді.

DSC 3607-1

– Химиялық қалдықтарды көму аудан экологиясына ғана емес, осындағы халықтың денсаулығына зиянын тигізді, – дейді Ержан Саржан. Олар аллергия, онкологиялық аурулар бойынша дәрігерлерге жиі баратын болды. Улы қоқыстарды жою бағытындағы он жылдан бергі жұмыстарымыз нәтижесіз болып келді. Тек осы жылы қайта-қайта шағымдануымыздың нәтижесінде қауіпті қалдықтарды Ақмола облысына жөнелтіп, кәдеге жаратуға қаражат бөлінді.
«СТ-сервис» фирмасының инженері Еркін Сыпатаев жұмыстың басталып кеткенін жеткізді. Арнайы қорғаныс киіміндегі екі жұмысшы тасымалдауға ыңғайлы болу үшін үлкен цистерналарды толтырып жүр. Жалпы сыйымдылығы – 4 400. Одан бөлек, жердің жоғарғы қабатында да өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс биыл қазан айында аяқталмақ.

Көше тұрғындары улы химикаттардан құтылатынына қуанышты. Қауіпті қоймамен көршілес қонған тұрғын Ақберді Әлиев те солардың қатарында.
– Бұл мәселені кімдер шешуге тырыспады десеңізші. Тіпті, Алматыдан экологтар, шетелдік ҮЕҰ, басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері келіп, таңғалып кеткен. Көбі уәде бергенімен жұмыс істеген жоқ. Міне, енді улы қоқыс күн өткен сайын азайып келеді. Ауа айтарлықтай тазарды, – дейді ол.
Соңғы жылдары әкімдікте шаруа қордаланып қалды: қала шекарасы кеңейген соң жаңадан пайда болған шағынаудандар мен тұрғын алаптардағы коммуникациялық, ауызсу, әлеуметтік мәселелерді жолға қоюға тура келеді. Әрине, халыққа қызмет ету оңай емес. Дегенмен, жұмыстар рет-ретімен шешіліп келеді.

Последнее изменение Пятница, 05 Август 2016 05:14
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.