«Мектепке жол»: 30 мыңға жуық балаға көмек берiлдi Избранное

Пятница, 19 Август 2016 05:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3937 раз

Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Балалар оқу құралдары мен мектеп формасын ретке келтіріп, алғашқы қоңырауға қамдануда. Алайда, барлығы емес. Жаңа оқу жылына дайындықсыз баратын балалар да бар. Осыған орай жыл сайын елімізде «Мектепке жол!» акциясы өткізіліп келеді. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығын қамтитын акцияға әрбір өңір үлес қосуда. Шымкент қаласында да акцияның салтанатты ашылуы өтті.

Дендросаябақта өткен акцияға қала әкімі Ғ. Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, білім және тәрбие беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздары қатысты. Қала әкімі көпшілікті акцияның ашылуымен құттықтап, балалардың жақсы оқып, еліміздің болашақ таңдаулы ұл-қыздары болуына тілектестігін білдірді. 

DSC 6290

– Бұл акцияның жеткіншектерімізге берері мол. Биыл қаланың 29 644 оқушысына қолдау көрсетілетін болады. 5 мың баланың есеп-шотына 12 мың теңгеден 60 млн теңге аударылды. Осы ретте тұрақты демеушілік көрсетіп тұратын азаматтардың бары қуантады, – деді Ғ. Әбдірахымов. 

Акцияда балалардың қуанышында шек болған жоқ. 5 сынып оқушысы Нұрдәулет Құнанбай мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтылып отыр. 

Шара барысында «Алтын адам» тігін фабрикасының мектеп формалары төмен бағамен келушілер назарына ұсынылды. Акцияда қала әкімдігінің қолдауымен көпбалалы отбасынан шыққан 18007 оқушыға, 385 жетім және 5080 жартылай жетім, 979 мүгедек, 5166 аз қамтылған және 47 оралман отбасының балаларына көмек көрсетілді. Ал қала әкімі өз демеушілігімен 100 балаға мектеп сөмкесі мен оқу жабдықтарын береді.

DSC 6410 2

Акцияға үлес қосамын деген азаматтар қалалық білім бөліміне барып, киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыстай алады. Ал көмек алуға үмітті ата-аналар мен балалар тізімі жергілікті жердегі мектептерде бекітіледі. Баласының болашағына бейжай қарамайтын ата-ана егер мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдық аламын десе, сонда өтініш білдіруіне болады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.