Қаратаулықтар акцияға белсене қатысуда Избранное

Среда, 07 Сентябрь 2016 04:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4735 раз

Шымкенттің үздік ауласы мен көшесін анықтайтын «Таза қала» акциясының мәреге жетуіне санаулы уақыт қалды. Қала тұрғындарын айналаны көгалдандыруға, тазалыққа шақыруды мақсат тұтқан бұл байқау осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда.

 MG 1726

«ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері Қаратау ауданы бойынша «Үздік аула» мен «Үздік көше» аталымдары бойынша ұсынылған аулалар мен көшелерді аралап шықты.

«Қаратаулықтар» биыл бұл акцияға екінші рет қатысып отыр. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, «Үздік аула» номинациясы бойынша 27 аула, ал «Үздік көше» номинациясы бойынша 43 көшенің төрағасы мен тұрғындарынан өтінім түскен. 

 MG 1749

– Былтыр 27 көше мен 23 ауладан өтініш келген. Биыл біздің аудан бойынша байқауға қатысушылардың қатары артты. Комиссия құрамына бекітілген азаматтар әр он бес күн сайын аулалар мен көшелерді тексеріп, фотоайғақ жинады. Қаланың, ауланың гүлденіп, көркеюі әрбір тұрғын үшін маңызды, біздің ортақ қуанышымыз деп ойлаймын. Белсене қатысқан тұрғындарға алғысымды білдіремін, – дейді аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов.

Комиссия мүшелері алдымен «Нұрсәт» шағынауданындағы бесқабатты №101 үйдің ауласының жағдайымен танысты. Бұл үйдің төрайымы Роза Шымырқұлова көршілерін игі іске жұмылдырып, аулаларына жеміс-жидек ағаштарын еккен. 

– Біздің аула тұрғындары ұйымшыл, белсенді. Бұл үйде 20 пәтер бар. Өзім 10 жыл бұрын көшіп келдім. Міне, содан бері ауланы абаттандыруды қолға алдық. Еңбегіміз нәтижесіз емес, – дейді Р. Шымырқұлова. 

 MG 1739

№142 үйдің төрағасы Зайнулла Баймұханбетов әрбір істі көршілерінің ұйымшылдықпен атқаратынын жеткізді. Тіпті подъездің ішіне дейін гүл өсіріп, жайқалтып отыр. «Ауланы қызылды-жасылды гүлдер көмкеріп, жайнап тұрғаны әрбір тұрғынға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды деп ойлаймын. Жұмыстан шаршап-шалдығып келгенде, аулаға бір сәт назар салса, бәрі ұмытылады. Қазір бізге бос уақытында ауланың балалары су тасысып, қолғабыс етеді. Бұл оларды табиғатқа, айналаға сергек, жанашырлықпен қарауға сеп болады, – дейді З. Баймұханбетов.

Ал «Асар» шағынауданындағы №38 көшенің құлпырған гүлдері, жасыл желегі көзді алыстан тартады. Бұдан бөлек Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сайреми, М. Жантаев көшесі, «Ақжайық» шағынауданындағы Ә. Еділбаев көшесі, «Бозарықтағы» «Еңбек» көшесі, «Қайтпастағы» Шымыр көшесі де тазалығымен қуантты.