Мұқият болыңыз, эвакуатор!

Пятница, 09 Сентябрь 2016 11:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5214 раз

Қала көшелерінде автокөліктердің саны күн санап артып барады. Соңғы есеп бойынша 200 мыңнан асқан екен. Соның салдарынан жолда жүру ережелерін бұзатындар немесе арнайы жол белгілеріне назар аудармайтындар қатары да көптеп кездеседі. Осындай уақытта қалалық жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полицейлері арнайы жабдықталған эвакуатормен заңсыз қойылған көліктерді айыптұраққа жеткізеді. Мұндайда, «темір тұлпарының» жоғын байқаған жүргізушілердің сан соғып қалары сөзсіз. Эвакуаторды басқарған жол-патрульдік полицейлерінің жұмысы туралы баяндасақ...

DSC 8829

Эвакуаторды тізгіндеген тәртіп сақшылары қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Олар – рация, бейнежетон, табельді қару. Сонымен қатар, көліктің ішіндегі және жолдағы бейне мен дыбысты түсіретін камера бар. Жол-патрульдік полицейлері эвакуаторда күндіз-түні жұмыс істейді. Әр ауысымға екі қызметкерден шығады. Қалада осындай 5 көлік бар. Олар қаланы аралап, ереже бұзған көліктерді арнайы құрылғы арқылы эвакуаторға тиеп, айыптұраққа жеткізеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары 102 желісі арқылы түскен арнайы шақыртумен және жол апаты оқиғасы болған жерге де барады.

Біз полиция сержанты Қуаныш Тұрсынқожа мен полиция аға сержанты Серік Смадияровпен танысып, олармен бірге Шымкент қаласының орталық көшелерін аралауға кірістік. Қала көшелерінде айтарлықтай ереже бұзған немесе көлігін ретсіз әрі заңсыз қойғандарды байқамадық. Осы сәтте тәртіп сақшыларын әңгімеге тарттық. Полиция сержанты Қуаныш Тұрсынқожаның айтуынша, қазір көлік жүргізушілері жол ережелерін жақсы біледі және барлық жаңалықтардан хабардар.
– Бұрынғыға қарағанда жол ережесін көп бұзбайды және оның айып мөлшерінің қанша болатынын да жақсы біледі. Сондықтан, күніне айыптұраққа 3-4 көлік жеткізіледі. Өкінішке қарай, түнгі уақытта көліктер апатқа жиі ұшырайды. Соларды айып тұрағына жеткіземіз, – дейді Қ.Тұрсынқожа.

DSC 9040

Полиция қызметкерлерінің көзі қырағы екен. Сағат тілі 11.00-ді көрсеткен кезде, Тәуке хан даңғылына қарай бет алып бара жаттық. Қалалық әкімдік маңындағы мүгедектерге арналған автотұраққа көліктің заңсыз қойылғанын көріп, лезде сонда бұрылды. Сөйтсек, әкімдікке кіре-беріс тұста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған автотұраққа Мейірбек есімді азамат көлігін бірер минутқа ғана қойып кеткен екен. Оның айтуынша, тіпті, «мүгедектерге арналған» деген белгіні де байқамапты. Бұл кезде полицейлер көлікті эвакуаторға тиемек болып, арнайы ілгіштерін дайындап жатқан еді. Көлік иесі келгендіктен, оған хаттама түзілді. Айыппұл мөлшері – 107 мың теңге. Бір аптаның ішінде төлесе, оның 50 пайызына жеңілдік жасалады.

DSC 9072

Жол-патрульдік полициясы көлік жүргізушісіне құжаттарын қайтарған соң, қала көшелерін аралауды жалғастырдық. Бұл жолы көлік нөпірі көп А.Байтұрсынов көшесіне қарай бет алдық. Жолай тәртіп сақшылары биылдан бастап берілген жетон, яғни кеудеге тағылатын шағын бейнекамераның жұмысты айтарлықтай жеңілдеткенін айтты.
– Жетон күні бойы біздің қайда барғанымызды, кіммен сөйлескенімізді түсіріп тұрады. Бұрын заңсыз тоқтатты немесе заңсыз көлігімді алып кетті деп айтса, қазір оған жол берілмейді. Өйткені, кеудеге тағылған бейнекамера барлығын да таспаға жазып алады. Яғни, біздің құқығымызды қорғайтын құрал, – дейді Серік Смадияров.

Егер мүгедектерге
арналған
автотұраққа

көлігіңізді қоятын
болсаңыз –
107 мың теңге
айыппұл төлейсіз.

 
 DSC 8849

А.Байтұрсынов пен С.Жандосов көшелерінің қиылысында орналасқан қалалық өрт сөндіру бөліміне сағат 12.40-та келіп жеттік. С.Жандосов көшесінде «көлік қоюға болмайды» деген белгіге қарамастан, рұқсат етілмеген жерге «Volkswagen Touareg» көлігі қойылыпты. Жол-патрульді полиция қызметкерлері көлікті эвакуаторға тиеп, айыптұраққа жеткізді. Енді оның иесі көлігінің қайда екенін білу үшін 102 нөміріне хабарласып білмек. Айыппұл мөлшері – 10 АЕК.
Шымкентте екі айыптұрақ бар. Облыстық айыптұрақтың қабылдаушы маманы Дәулет Әбдуәлиевтің айтуынша, қазір онда 100-ден астам көлік бар. Ал қалалық айыптұрақта бұдан екі есе көп екен. Оның ішінде апталап емес, айлап және жылдап тұрған көліктер бар. Тұрақтың қабылдап алушы маманы оның бірнеше себептері барын айтты. Мәселен, 2012 жылдан бері айыптұрағын «тұрақты мекенге» айналдырған «Range Rover» маркалы қос көлік шаң басып тұр. Бұдан бөлек бірнеше қымбат көліктерді байқауға болады. Ондағы көрініс халық арасында «полицейлердің бағалы көліктерге тісі батпайды» деген әңгімесін теріске шығарады.

Тоқтауға және көлік қоюға болмайтын жерге, аялдамаға және жолдың жүріс бөлігіне көлік қоюға болмайтынын жадымыздан шығармайық. Мұндай жағдайда «тез шығамын ғой» деген уәжіңіз айыппұл төлеуге апарып соғуы мүмкін. Оған қоса, біраз уақыт жаяу жүруіңізге тура келеді. Қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев тағы да 5 эвакуатор сатып алынатынын мәлімдеген еді. Сөйтіп, бас-аяғы 10 эвакуатор қала көшелерінде заңсыз қойылған көліктерді айыптұрағына жеткізбек. 2015 жылы айыптұраққа 4 мың 650 көлік жеткізіліп, 56 миллион 858 мың 625 теңге айыппұл өндірілген. Ал биыл 7 айдың ішінде 2 мың 968 көлік жүргізушісіне айыппұл салынып, қазынаға 39 миллион 901 мың 312 теңге түсіп отыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.