ҚАЙЫРШЫЛЫҚТЫ кәсіп еткендер

Пятница, 09 Сентябрь 2016 11:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4464 раз
Күнделікті өмірімізде қайыршыларды кездестіру әрбіріміз үшін қалыпты жағдайға айналған көрініс. Жол бойында алақан жайып отырған қайыршының жеке басына қызығушылық танытып жатпаймыз. Жәй ғана «садақа беру» амалы еске түссе, аз-маз қаражатты ұстатып жүре береміз. Ал қала көшелерінде шақалағын құшақтап отырғандар кімдер? Мүгедектер арбасына таңылғандар ол маңайға қалай жетті? Қайыр сұрап отырғанның барлығы да мұқтаждықтан осы іске бел буды ма? Алақан жайып отырып тапқан қаражат оның алдағы өмірін түзей алады ма?
 
Әккі қайыршылар...
 
Үшінші мегаполиске айналған Шымкентте туризмді дамыту ісі күн сайын қарқын алып келеді. Осы орайда, қаламызға келген қонақтарды да көше кезген қайыршылар сұраншақтығымен ыңғайсыз күйде қалдырса қайтпекпіз? Сансыз сауалдың жауабын іздеп, Шымкент ҚІІБ қызметкерлерімен бірге біз де рейдке шықтық. Рейдте Шымкент ҚІІБ ЖПҚ инспекторы, полиция капитаны Сапархан Апашев және қаланың Абай, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау аудандары бойынша учаскелік инспекторлар Е.Орынбай, Қ.Жорабеков, Р.Қамардинов, полиция капитаны Д.Абубакиров және полицияның қоғамдық көмекшілері болды. 
20160826 161346Өкінішке қарай, сол күні тәртіп сақшылары жауапқа тартқандардың көбі амалының жоқтығынан көмек сұрағандар емес, жауапкершіліктен құтылудың түрлі жолын меңгерген әккі «қайыршы» болып шықты. Ең бірінші қайыршыны Тәуке хан даңғылы бойындағы «Шымкент» орталық әмбебап дүкені жанында кездестірдік. Алғашында «асыраушым жоқ, қатерлі ісікті емдетуге ақша қажет» деген О.Зленконың сөзі рас көрінді. Журналист ретінде, қамыққан қайыршыға көмек көрсететін жандарды іздеу ойға келді. Аянышты күйге түскен оған қалтаңдағы барыңды беріп кетуге болар еді. Азғана уақыт өткенде жауапқа тартылған «ешкімі жоқ» О.Зленконың қызы пайда болды. Сосын немере қызы, сосын немере күйеу баласы... Қайыршылықты кәсіп еткен отбасының қызы «жеңіл жүріске салыну – қылмыс, ұрлық жасау – қылмыс, қайыр сұрау – қылмыс! Қалай күн көреміз? Не істейміз?» дейді. Бұл кезде қайыр сұрағаны емес, өмір сүрудің бұдан басқа жолын көре білмейтіні аянышты еді.
 
                    Сапархан Апашев, Шымкент ҚІІБ ЖПҚ инспекторы, полиция капитаны:
20160826 155949– Қаламызды қаптаған қайыршылардан тазарту мақсатында 2016 жылдың алғашқы 6 айында ҚР ӘҚБтК-нің 449 бабының талаптарын бұзып, қайыршылық жасап азаматтарға тиіскені үшін жалпы 71 қайыршы анықталып, әкімшілік хаттама негізінде 366 028,5 теңге айыппұл салынды. Қазіргі таңда аптаның әр жұмасында рейд өткіземіз. Куә болғаныңыздай басым көпшілігі ақша табудың оңай жолына құныққандар. Жауапқа тартқаннан-ақ түрлі іс-әрекетке барады. Тіпті тамырын тіліп жіберуге дайын болып, алмас алып жүргендерді де көрдіңіздер. Ондай жағдай орын алса, біз жауапты боламыз. Дегенмен, бұл – жұмысты тоқтатуға себеп бола алмайды.
 
56115Амантай Сәдиев, Оңтүстік Қазақстан облысы, Орталық мешітінің наиб имамы:
– Шариғатта қайыршылықты кәсіп еткендерге садақа беруге қатаң тыйым салынған. Садақаны сегіз түрлі адамға беруге болатыны айтылған. Мешіттің алдында қайыр сұрап отыратындардың жеке өмірі туралы біз де сұрастырамыз. Көмек беруге тырысамыз. Сондай бір қамқорлық таныту кезінде қайыршының ел қатарлы үй-жайы, көлігі бар бақуат тұрмысына куә болған едік. Сол сияқты, имандылығы үшін орамал тағынғанға көбірек садақа беретінін білетіндер соңғы кездері хиджап киіп алатын қулыққа көшкен, – дейді.
 
Садақаны сегiз түрлi
адамға бер:
1. Білім алушы
2. Қарызы бар адам
3. Сапарда қалып қойғандар
4. Асыраушысынан айрылған, қамқорлыққа мұқтаж жетім
5. Ислам дінінің жақсылықтарын білдіру үшін басқа дінді ұстанатын мүсәпір
6. Ішерге асы, киерге киімі, барарға баспанасы жоқ жан
7. Дін жолында қызмет етуші
8. Халық үшін пайдалы ғылым ойлап тапқандар.
 
Көшені сахнаға айналдырған сығандар
 
Бастапқыдағыдай емес, қайыршылардың үйреншікті ақталуына бойымыз үйренді. Қаланың көрікті жерлеріне жайғасып алған сығандар әдеттегідей бір-екі баланы жетектеп жүр. Өзін «Өзбекстаннан келдім» деп таныстырған олардың не құжаты жоқ, не тұрғылықты мекен-жайы жоқ. Учаскелік полиция бөлімшеге барып тексеруге шақырса байбаламға сала бастайды. Көшедегі бүкіл ел өзіне шошына қараса да, кейбірі «Қоя бер, қайыршыда нең бар?» деп сөксе де, тәртіп сақшылары өз жұмысын тоқтатпады. Жауапкершіліктен оңай құтылуға тырысқан бұл қайыршылардың жұрттың аяушылығын оятуға тырысқан әрекетінен ештеңе шықпады. Сосын «Онсыз да халім мүшкіл. Күйгелектенсем сүтім тартылып кетіп, балам аш қалады. Маған тиіспеңдер!», «Балаларымды шошытпаңдар, қорқып қалады» деп жанұшыра айғайға басты. Мұның бәрі қайыршылықты кәсіп еткендердің жаттанды жалтару әрекеттері екеніне рейд барысында әбден қанық болғандай едік.
20160826 125941Жаның ашиды-ақ, бірақ...
 
Әр жұма сайын мешіттердің алдында отыратын қайыршыларды мешіт қызметкерлері де танып қалған. Жұма намазынан кейін «Бекжан» базары маңындағы облыстық орталық мешіттің алдында отырған қайыршы түгел Абай аудандық ІІБ-іне жеткізілді. Олардың қатарында екі аяғынан бірдей айрылған қос мүгедектің бірі Е.Лукьянов:
– Ары-бері жеткізіп тастайтын көлігіміз бар. «Бере ғой» деп жұрттың жолына жатып алмаймын, әркім иманына қарай садақа тастайды. Жиналған ақшамды Астанада демалып қайтуға жұмсаймын, – дейді. Әрине, әркім Алласын еске алып, имандылық танытып садақа береді. Бірақ, соның нәтижесі біреудің маңдай терімен тапқан тиынын еш қиналмай-ақ иемденуге құныққан имансыз қайыршыны көбейтетінін қайдан білсін?
 
Шиеттей бала, қауқарсыз ана
 
Оңтүстік халқының имандылығы оң жамбасына тура келген қайыршылар арасында қазақтың мектеп жасындағы қара баласы, қыз тәрбиелеген анасы, ақ шашты әжесі де кездесті. Әйтсе де, рейд барысында сонша қайыршының ішінен шынын айтып, мұқтаждығын жасыра алмаған алты перзенттің анасы Әсел мектепке баратын үш перзентіне киім алып беруге көмек сұрады.
20160826 155010Емізулі баласымен қиналып отырған жалғызбасты келіншек «бірқатар мекемеге бардым, көбіне құжат сұрайды. Шиеттей баланы қалдырып, құжат рәсімдеуге шыға алмаймын. Бізге садақа ретінде көмек берсе деймін. Сондықтан мешіт алдында алақан жаюға мәжбүр болып отырмын. Қандай қиындық көрсем де, балаларыма қайыр сұратпаймын, оларға қиналып жүргенімізді де білдірмеуге тырысамын» дейді.
 
Последнее изменение Пятница, 09 Сентябрь 2016 12:27
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.