Әбдімәлік БАЛБАЕВ: «ПИК – жеке меншік емес, тұрғындарға қызмет көрсететін менеджер»

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 05:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4409 раз

«Биыл жыл соңына дейін пәтер иелері кооперативін құрып, жұмысты жүйелеуді тапсырамын». Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов әкімдікте өткен жиналыстың бірінде жауапты бөлім басшыларына осындай тапсырма берген еді. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе Астана мен Алматы қалаларында бар. Пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) – тұрғындарға ағымдағы жөндеу, жылу жүйелерін жөндеу, қыс мезгіліне дайындау, санитарлық-техникалық тазалау және электрлі-техникалық жұмыстардың сапалы орындалуына қолайлы жағдай жасау секілді міндеттерді өз жауапкершілігіне алады. Бұл ретте қала әкімдігіне ПИК құру үшін БҰҰ-ГЭФ (жаһандық экономикалық қор) Даму бағдарламасы жәрдем беретін болады. Осыған орай, БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Әбдімәлік Балбаевпен сұхбаттасқан едік.

 MG 2408– Әбдімәлік Балбаұлы, ең алдымен пәтер иелері кооперативі туралы, оның тиімділігі жөнінде баяндасаңыз...

– Пәтер иелерінің кооперативі – меншік иесі емес, ол тұрғындарға қызмет көрсететін менеджер. ПИК – ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын ПИК-ке төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу мен штат қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады.

– Шымкентте ПИК құрылған кезде көпқабатты тұрғын үйлерде қандай өзгерістер болмақ?

– Облысымызда тұрғын үй қорының қараусыз қалуы – энергетика және коммуналдық шаруашылық саласы бойынша шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев еліміз егемендік алысымен ең алғаш қазақстандықтарға тұрған пәтерлерін жекешелендіруге құқық берді. Біз барлығымыз өз пәтерлерімізді жекешелендіріп алдық, ал бөлінбейтін мүліктер туралы ойланбадық. Көпқабатты үйлердің тұрғындары бөлінбейтін мүліктерге сол бұрынғыдай мемлекет, яғни, үй басқармалары қарайды деп ойлады. Көпқабатты үйлердің жекешеленуімен қатар жергілікті атқарушы органдардың жеке үйлердің ішкі басқару жүйесіне араласу құқығынан айырылғанын ескермеді. Сол себептен көптеген үйлердің ортақ мүліктері, мәселен, шатыр, дәліз, жертөле, инженерлік жүйелер, үй айналасындағы жер телімі тағы басқалары 20-25 жыл қараусыз қалды. Ал қараусыз қалған мүліктің тез тозатыны айтпаса да түсінікті. Айта кетейін, алматылықтар ПИК қызметі үшін ай сайын шаршы метріне 17-35 теңге, ал астаналықтар 22-90 теңгеге дейін төлейді.

– Кондоминиумның пәтер иелері кооперативінен қандай айырмашылығы бар?

– Көп жағдайда тұрғындар тұрғын үй кооперативтерi (ПИК) мен кондоминиум арасында айырмашылық жоқ деп есептейдi. Бірақ айырмашылық бар. Бiрiншiден, ПИК-тер ұжымдық өзiн-өзi басқару формасы болса, ал кондоминиум ұжымдық жекеменшiк түрі. ҚР «Тұрғын үй қатынастары» Заңында «кондоминиум жылжымайтын мүлiк иелiгiнiң ерекше түрi» деп көрсетiлген. Яғни, жылжымайтын мүлiктiң (көппәтерлi үйдiң) пәтерлерi пәтер қожайындарының иелiгiнде болса, басқа бөлiктерi (шатыр, лифт, кiреберiс, ортақ инженерлiк-коммуникациялық (су, жылу жүйелерi т.б.) басқа қожайындарға тиесiлi болуы мүмкiн. Бiрақ, жылжымайтын мүлiк ортақ басқаруда болады. Басқаруды кiм жүргiзетiнiн кондоминиум мүшелерiнiң жалпы жиналысы шешедi. Айтылған заңға сәйкес кондоминиум әдiлет органдарында тiркелуi тиiс.
Көпқабатты тұрғын үйлері көп Шымкент, Кентау, Түркістан, Леңгір қалаларында және аудандардағы тұрғындарға өз үйлеріне қоныстанған күннен бастап кондоминиум нысаны саналатындығын, тек әрбір пәтер иесінің пәтерін жекешелендірген кезде, оған қоса сол үйден бөлінбейтін үлесін (шатыр, дәліз, жертөле, инженерлік жүйелер, үй айналасындағы жер телімі т.б.) тіркеу қажет екендігін, бөлінбейтін мүлікке иелік жасап, оны тұтынуға жарамды халде сақтауға белгілі бір мөлшерде тұрғындардың келісімімен қаржы жинау қажеттілігі жеткілікті түсіндірілмеген. Жиналатын қаражат сол үйдің инженерлік құрылымының ақаусыз жұмыс істеуіне, үй айналасын, дәлізді таза ұстауға, жылу жүйесін қысқы маусымға дайындауға және де тәуліктің кез келген уақытында инженерлік жүйеде болатын апаттық ақауларды дер кезінде жөндеу үшін қажет.

– Қазіргі уақытта көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғындардың өздері сайлап алған үй төрағалары немесе төрайымдары басқарады. Демек, ПИК қызметінің бір бөлігін атқарып жүр ғой? Ал ПИК құрылған кезде олардың қажеттілігі болмай ма?

– Көптеген үйлерде заңсыз, еш жерде тіркелмеген және сол үйде тұратын бір кісіні «сіз осы үйге үй төрағасы болыңыз» деп ауызша сайлап аламыз. Ол кісінің бар жұмысы үйде бір ақаулы жағдай болып қалғанда немесе жарық өшіп, су, жылу болмай қалса, кәріз жүйесі бітеліп қалса, жүгіріп жүріп ақша жинап жүргені. Кейбір тұрғындардан «ақша бер» деп талап ете алмайды. Өйткені, өзі «заңсыз» жұмыс істеп жүргендіктен, заңға жүгіне алмайды. Ал ПИК құрылған кезде, осы мәселелердің барлығы өз шешімін тапады. Бірақ үй төрағалары бұл кезде көмекші ретінде бәрібір қажет болады. Осы уақытқа дейін ерікті түрде көпқабатты тұрғын үйде туындаған барлық мәселелерді шешіп келген ол азаматтардың әлі де көмегіне мұқтажбыз.

– Тағы бір мәселе – отбасы құрамы жөнінде анықтама алу қиынға соғады. Бұрын бұл анықтаманы ПИК берсе, қазір халыққа қызмет көрсету орталығы тек бір адам туралы ғана мәлімет бере алады екен. Бұл ретте мүлікті түгендеу жұмыстарының тиімділігі қандай болмақ?

– Қала көлеміндегі барлық көп қабатты үйлер толығымен мүлікті түгендеуден өткізіліп, толық тұрғын үй қоры жасақталынуы қажет. Себебі, әр отбасының тіркелуі туралы мәліметтің жоқтығынан оқу орындарының, балабақша, мектеп ұжымдарының сұрауы бойынша және әлеуметтік көмек көрсету үшін отбасы мүшелері туралы анықтаманы бірде-бір мемлекеттік мекеме бере алмайды. Егер мүлікті түгендеуден өткізетін болсақ, көпқабатты үйлердегі әр пәтерде неше адам тұратынын, қайда жұмыс істейтінін, жас мөлшері секілді қажетті мәліметтер ПИК-тің мәлімет қорында сақтаулы тұрады. Анықтама қажет болған жағдайда ПИК қызметкерлері ешқандай қиындықсыз-ақ бере алады. Осы ретте, Шымкент қаласында «Тиімді меншік иесін» қалыптастыру мақсатында көп қабатты үйлерді басқару жүйесін енгізу үшін «Шымкент-Қызмет» ЖШС-ін құру жұмыстары жүргізілуде.

– БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының алға қойған міндеттері қандай? Ұйымның өкілі ретінде толығырақ түсіндіріп берсеңіз...

– БҰҰ 2015-2019 жылдарға арналған ғаламдық экономикалық қор құрды. Оның аясында «Төмен көміртекті даму үшін тұрақты қалалар» атты жаңа жобасын жүзеге асыруға кірісті. Оның мақсаты – Қазақстанға энергия үнемдеу бойынша көмектесу және жаһандық климаттың өзгеруіне жасалған ықпалды азайту. Өткен жылы Парижде БҰҰ-ның мәжілісі өтіп, онда жыл сайын экологиялық мәселелерді шешу үшін 100 млрд АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылданды. Біздің елімізден «қанатқақты» жобаға Теміртау, Тараз, Шымкент және Лисоковск қалалары кіреді. Ал 2015 жылы қараша айында Астанада БҰҰ ДБ жетекшісі мен Шымкент қаласы әкімі арасында меморандумға қол қойылды. Осы уақытқа дейін Шымкентте бұл тақырып аясында екі рет семинар өтті. Ол – негізінен жылуды үнемдеуге арналды. Ал жылуды үнемдеу үшін көпқабатты тұрғын үйлерді дұрыс басқара білу керек. Қала әкімі де ПИК құру туралы тапсырма берді. Осы ретте БҰҰ ДБ мен қалалық әкімдік тарапынан жұмыс тобы құрылды. Оның жетекшісі – қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов. Ал мен – хатшысымын. Жұмыс тобы айына екі рет кеңес өткізеді. Қазір жұмыс тобы үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Өткен аптада Әл-Фараби және Еңбекші аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің үй төрағаларымен кездестік.

– Сонымен, жылуды үнемдеу дегенді қалай түсінеміз?

– Оңтүстіктің қысы аса суық емес. Дегенмен, қыс мезгілінде үйіміз ысып кетсе, терезелерді ашып, салқындататын жайымыз бар. Бұл дегеніміз – жылуды сыртқа шығарғанымызбен қоймай, далаға кеткен жылудың ақшасын да төлейміз. Қыс маусымында ақшаңызды үнемдегіңіз келсе – автоматтандырылған жылу пунктын (АЖП) орнату керек. Ол – көпқабатты үйге қанша жылу келгенін есептеп қана қоймай, күн жылыған сәтте пәтердегі жылудың мөлшерін автоматты түрде азайтады. Демек, тұтынушының ақшасы далаға кетпей, алған жылуына ғана төлем жасайтын болады. Бұл – үнемдеудің жаңа жолы.

– Жылуды үнемдейтін автоматтандырылған жылу пункті қай қалаларда бар?

– Автоматтандырылған жылу пункті 2010 жылдан бастап, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларындағы тұрғын үйлерге қойылды. Мәселен, Қарағандыда бір көпқабатты үйге АЖП орнатылып, бір айдың ішінде 119 мың теңге үнемделген. АЖП-ін жылу есептегіш құралдарымен шатастыруға болмайды. Есептегіш құралы – элеватордан келген жылуды ғана есептейді. Ал АЖП – ауа райы жылыған сәтте берілген жылуды реттеп отырады. Соның нәтижесінде төлемақы 30-40 пайызға дейін үнемделеді. Ал АЖП-ны орнату үшін көпқабатты үйде міндетті түрде жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Өйтпеген жағдайда, берілген жылу үнемделмейді. Егер үйге кіре беріс есік ашық болса немесе подъездің терезелері жылу сақтамаса, ондай қондырғыны орнатып, әуре болудың қажеті жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.