Қала тазалығы: тұрғындар белсенділігі төмендемеуі тиіс

Среда, 09 Ноябрь 2016 06:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6847 раз

Қалада абаттандыру жұмыстары, тазалық шаралары жыл бойы жүргізіледі. Сенбілік  шаралары да жиі өтіп тұрады. Күз маусымында да атқарар жұмыс көп. Яғни, түскен жапырақтарды жинау, көшені тазалау жұмыстарынан бөлек, қазір күзгі ағаш отырғызу науқанына дайындық басталып кетті.

22 zhasyl el

КӨШЕЛЕР КӨРКЕЙТІЛУДЕ

Бүгінде Арғынбеков, Өтегенов көшесі мен Темірлан даңғылында, «Нұрсәт» шағынауданында көшет отырғызуға дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Облыс әкімі көшелерді қайта құру, қаланың сәнін келтіруге тапсырма берген болатын. 10-15 күннен кейін ерен, үйеңкі, қырым қарағайы отырғызылмақ. Яғни, қазір «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкерлері жаздық гүлдерді жұлып, орнына тыңайтқыш сеуіп, жерді дайындау жұмыстарына қызу кіріскен. Қызғалдақ егілмек. Мекеменің агрономы Ержан Жантасов жұмыс барысымен таныстырды.
Біз тазалық қызметкерлердің Айбергенов көшесінде роза гүлдерін қырқып, көміп, қысқа дайындап жатқандарына куә болдық. Одан бөлек, ағаштарды санитарлық бұталау шаралары жүргізілуде.
– Қазір қаланың барлық ауданында осы жұмыстар қыза түсті. Біз қаланың 70 пайызға жуық аумағында осы жұмыстарды атқарамыз. Ағаштарды желтоқсанның 10-15-не дейін отырғызуымыз керек. Бір ай уақытымыз бар. Одан соң көктемгі дайындыққа кірісеміз. Ал ағашты қырқу жұмыстары жыл бойы жүргізіледі, – дейді агроном. Желтоқсанның 10-15-не қарай шыршалар қырқылады.

БАРЛЫҚ АУДАНДАРДА КОНТЕЙНЕРЛЕР ҚОЙЫЛҒАН

Бәрі де қала тұрғындары үшін. Үй аулаларында тәртіптің болуы мақсатында қолға алынып отыр. Көпқабатты үйлердің аулаларына контейнерлер орнату жұмыстары қаланың барлық ауданында да іске асты. Негізінен, бұл бағыттағы жұмыстар әр аудандық әкімдіктерге жүктелген.
Еңбекші аудандық әкімдігінің инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақтияр Тұрабековтың айтуынша, былтыр аудан аумағына 600-ден астам контейнер алаңдары орнатылыпты. Бұл мақсатта 60 млн теңге бөлінген. Әзірге, тек елдімекендер ғана қалып тұр. 2018 жылы ол аумақтардың да тұрғындарының жаңа контейнерге қолы жетпек. Бұдан бөлек, екі ай бұрын көпқабатты үй аулаларына қоқыс жәшіктерін орнату басталды. Еуропалық үлгідегі урналар қараша айының соңына дейін орнатылып бітпек.
Экологиялық мақсаттағы контейнерлер Ресейден әкелінген. Әттеген-айы, тұрғындар тарапынан дөңгелектерді ұрлау, өртену жағдайлары да болыпты. Бөлім басшысы осылай дейді.
Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты үй аулаларына қойылған контейнерлердің саны – 602. Мұны бізге аудан әкімінің орынбасары Бақыт Мелдебеков мәлім етті.
Сондай-ақ, Орталық көшелердің бойымен жүрген тұрғындардың тазалыққа үндейтін орындықтарға көз түсер. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жүзеге асқан орындықтардың әрбіріне «Туған қаламызды бірігіп таза етейік!», «Тазалыққа үлес қос!», т.с.с. экологиялық нақыл сөздер жазылған. Мұндай орындықтардың жалпы саны – 50-ге жуық.

ЗАУЫТ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАП ТҰР

Бүгінде қаладан шығып жатқан тұрмыс қалдықтары «Ақтастағы» қоқыс полигонына жөнелтіледі. Ол жерде тұрғындарға ешқандай зияны жоқ. Өйткені, елдімекеннен 2-3 шақырым, алыс қашықтықта орналасқан.
«Технология 21» ЖШС-і былтыр қоқыс өңдейтін зауытты іске қосқан еді. Қазір оның жұмысы тоқтап тұр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары
Ерлан Есіркепов бізге мән-жайды түсіндіріп берді.
– Кәсіпорынның тоқтап тұруының нақты себебін білмедік. Қашан іске қосылатыны да беймәлім. Өздерімен сөйлессек, «1-2 айда қосыламыз, күте тұрыңыздар» деп уәде берумен келеді. Одан бері 1 жыл 1 ай өтті. Не себеп екенін өзіміз де білмейміз: шығындары көп пе, әлде өңдеген өнімдерін сата алмай жатыр ма, нақтысы белгісіз. Яғни, «қашан қосылады» деген мәселе де жауапсыз қалып тұр, – дейді ол.
Бұдан бөлек, Е. Есіркепов
қаланы таза ұстау тұрғындардың өзіне байланысты деген уәжін жеткізді. «Бұрынғымен салыстырғанда қазір жағдай мүлдем бөлек. Қаржы бөлініп, жұмыс істелініп жатыр. 10 жыл бұрынғымен қазіргі кезді салыстырып қарасаңыз, көп жағдайды ұғынар едіңіз. Енді тазалыққа деген мәдениетті жетілдіру қалып тұр» дейді ол.

ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ОҢ

Соңғы кездері осы бір қуанышты жайттың куәсі болып жүрміз. Қала тұрғындарының талабы оң. Қала әкімдігі тарапынан ұйымдастырылатын жалпықалалық сенбілік сайын қала тұрғындарының өздері бастама көтеріп, тазалыққа үлес қосып келеді.
Барлық ауданда тазалыққа деген құлшыныс бар. Бұл – құптарлық. Мәселен, соңғы сенбілік шараларына Әл-Фараби ауданындағы Бейбітшілік көшесінің тұрғындары жақсы істің жаршысындай белсене үлес қосты: үйлерінің ауласын шаң-тозаңнан тазартты, ағаштарды әктеп, бұталарды қырықты. Бейбітшілік көшесі 2 үйдің үй комитетінің төрайымы Нәзира Тіллаева «Қаламыздың тазалығы өзімізге байланысты. Әр сенбілік сайын үлес қосуға әрекет етеміз» дейді.
Бастамалары баянды болса дейміз. Одан бөлек, аудандағы Б. Момышұлы көшесінің тұрғындары да игі істе жұдырықтай жұмыла білді. Осы дәстүр одан әрі жалғасын таба берсе...

КАЛГАРИДЕН ҮЛГІ АЛСАҚ...

Біз неге рейд немесе сенбілік іс-шараларымен ғана шектелеміз? Науқаншылыққа бой үйретіп алмадық па? Расында, тазалық әрбір тұрғынның үлес қосар дағдысы болуы керек. Бізде әлі де болса жол бойына қоқыс төгу, темекі тұқылын тастау, қоғамдық орындарды бүлдіру әрекеттер тыйылмай тұр. Қоқысты үйінің ауласындағы контейнерге жеткізуге ерініп, терезеден лақтыра салатындарды да байқадық. Ондай жағдайға өзіміз де куә болған оқиғаны жазып едік.
Бұл орайда өзгелерден үлгі алатын жайттар баршылық. АҚШ-тың «Mercer Human» аналитикалық ұйымы 2015 жылы әлемдегі ең таза қалалардың рейтингін түзіпті. Көшбасында – Канаданың Калгари қаласы. Әлемдегі ең таза қалада 1,16 миллион адам тұрады. Қала жасыл желекке оранған, электр қуатын балама энергия көздерi арқылы өндiредi. Сондай-ақ, санитарлық-гигеналық және экологиялық бағыттағы ұзақ жылғы бағдарламаларымен танымал. 2007 жылдан бері қоқыс қалдықтарының көлемін азайтуға мән беріп отыр.
«Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болады». Дұрыс-ақ. Ендеше, бізге тазалыққа деген көзқарасты өзгерту керектігі туындап тұр.

Последнее изменение Среда, 09 Ноябрь 2016 07:10
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.