Екпенің де екі ұшы бар

Понедельник, 21 Ноябрь 2016 06:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4202 раз

ekpe 92 2

Екпеден кейін есеңгірегендер
Редакциямызға Бозарық елдімекенінің тұрғыны А.Жүнісәлиева хат жолдапты.

«Былтыр тұңғыш ұлым 9 айлық кезінде қызылшаға қарсы екпе алды. Балам тұмаудан жазылғаны сол еді, медбикелер үйге қайта-қайта келіп, екпені алуымызды қадап айтты. Аяғым тартпаса да, баламды алып бардым. Екпені алғаннан 2 сағаттан кейін баламның дене қызуы 39, 5 градусқа дейін жетті. Емшек те ембестен, ешнәрсеге зауқы соқпай, жатып қалды. 6 сағаттан кейін өз-өзінен құсып бастады. Әп-сәтте әбігерге түсіп, не істерімізді білмей қалдық. Құсуы тоқтамаған соң жедел жәрдем шақырдық. Содан не керек, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан бір-ақ шықтық. Ол жақта балам құсқанымен қоймай, іші өтіп, дене қызуы түспей, қатты ауырды. Құдай баланы ауыртпасын! Балаң ауырғанша, өзіңнің ауырғаның жақсы. Содан не керек, балам ауруханадан шыққаннан кейін де біраз уақыт өзіне келе алмай жүрді. Құнарлы, майлы тағамдар жесе, құсатын әдет тапты. Енді биыл медбикелер: «Екінші ұлыңды да екпеге алып кел!»- деп жатыр. «Күйген ауыз үрлеп ішеді» дегендей, мен бұл жолы екінші ұлымның да екпеден зардап шеккенін, денсаулығына қауіп төнгенін қаламаймын. Жергілікті дәрігерлерге осылай айтсам, олар нотариусқа барып, құжат негізінде бас тартуымды сұрап жатыр. Сіздерден сұрайын дегенім, Заң жүзінде осы мәселе қалай реттелуі керек?!» -делінген оқырманның хатында.
Иә, екпеден кейін денсаулығы күрт нашарлаған балалардың саны көбейіп кетті. Еліміз бойынша былтыр екпе салынғандардың арасында медициналық көмекке жүгінгендер саны Атырау облысында – 26, Қарағанды облысында – 32, Маңғыстау облысында – 324, Жамбыл облысында – 2, ОҚО – 12. Қызылшаға қарсы салынған екпеден кейін аузынан ақ көбік ағып, ұйықтап кетіп, оянбай қалып, денесі құрысып, селкілдеп, есінен танып қалған балалар көп. Олардың қалай ауырып, қиналғаны жайлы ғаламтордағы бейнакадрлерден көруге болады. Қызылшаға қарсы жаппай салынған екпеден кейін есеңгіреп қалған балалардың ата-аналары ем-дом іздеп бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Екпе егілген жасөспірім оқушы, студенттер ендігі тек дәрі-дәрмектің күшімен ғана жүр. Одан бері бір жылдан аса уақыт өтсе де, аурухана жағалап жүргендері көп. Екпеден кейін осындай ауруға ұшырағанын дәлелдей алмаған ата-аналардың ахуалы ауыр. Ал Денсаулық сақтау саласына жауапты шенеуніктер жастарды жаппай жығылтқан бұл кеселге екпенің ешқандай да қатысы жоқ деп ресми мәлімдеме берген болатын.
Қазір екпе жүргізуге қатысты халықтың пікірі екіге жарылуда. Әсіресе, жоғарыдағыдай оқиғалардан кейін екпеден үзілді-кесілді бас тартқандар саны артты. Оңтүстік Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті инфекциялық және паразитарлы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Замира Есенғараеваның айтуынша, облыс бойынша профилактикалық екпелерден бас тартушылардың саны – 1265 адам, оның ішінде діни қөзқарасы бойынша – 826(65,3%), жеке сенімі бойынша – 188(14,9%), БАҚ-ың келеңсіз ақпараттарынан кейін – 186(14,7%), вакцинаға сенімсіздік салдарынан – 65 адам (5,1%). Байқағанымыздай, екпеден діни көзқарасы бойынша бас тартқандар саны көп. Олардың түсінігінде «Алла өзі берген өмірін өзі алады» деп ойлайды.

Бас тартуға бола ма?
«Екпе жүргізу азаматқа міндет пе, әлде екпеден бас тартуға бола ма?» деген сауалды Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс иммунолог-дәрігері Сара Оспановаға қойдық.
– Жергілікті тұрғындарды жұқпалы аурулардан қорғау үшін ҚР-ның «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі» туралы Кодексінде елімізде өмір сүретін барлық заңды тұлғаларға екпе міндеттелген. Өйткені, иммундау жұмыстары тек екпе алушының ғана емес, сонымен қатар бүкіл қоғамды жұқпалы аурулардан сақтандыру үшін жүргізіледі.
90-шы жылдары Ресейдегі Екпеге қарсы қозғалыс ұйымы адамдардың денсаулығына қауіп төндірді. Қозғалыс мүшелерінің мінберде сөйлеген сөздерінің кесірінен барлық ТМД мемлекеттерінде дифтериямен ауырғандар саны күрт көбейді. Біздің елімізде де солай болды: иммундаудың тоқтатылуы 1995 жылы дифтерияға ұшырағандар санын арттырды. Тек бір жылдың ішінде республикада бұл қауіпті аурумен 1105 адам ауырып, оның 66-сы қайтыс болды. Дифтерияның жаппай таралуы 3-56 жас аралығындағы азаматтарды иммундағаннан кейін ғана тоқтады.
Әрине, екпеге сенімсіздіпен қарайтын адам одан бас тарта алады, алайда, бұл медициналық құжатта жазбаша белгіленуі тиіс.
Ескеру керек: ұжымда жұқпалы аурулардан екпе жүргізілмеген тұлғалар аталған мекемеден ауру белгісі тоқтағанша босатылады, өйткені, олар жұқпадан қорғанбаған және ауырып қалуы ықтимал. Егер адам иммундалмаса, онда ауру өте күрделі түрде өтуі, жиі ауыруы мүмкін, кейде өлімге соқтыратын жағдайлар да кездеседі. Мұны тәжірибе көрсетіп келеді. Мұндай жағдай дифтериямен ауырған әрбір үшінші, сіреспемен ауырған әрбір екінші адамды өлімге апаруы мүмкін. Одан бөлек, дифтериядан аман қалған әрбір екінші адамның денсаулығында жүрек ақауы пайда болады.
Екпе егу – ауру мен өлімнің алдын алатын ең тиімді экономикалық әдіс. Ол өлім көрсеткішін 2-3 миллионға төмендетеді. Бүгінгі күнде екпені алмастыратын әдіс жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес соңғы 150 жылда өмір сүру ұзақтығы 30 жасқа ұлғайған. Мұның бір факторы, екпенің нәтижесі екені де дәлелденген.
1960 жылдардың аяғына дейін әлемде жыл сайын түрлі жұқпалы кеселдерден 2 миллион адам көз жұмған болатын, 1980 жылы ол толығымен ауыздықталды. Бұл тарихта адамзаттың ауруды жеңген жалғыз оқиғасы.

ekpe info 92 1

Тақырыпқа тұздық

Ардақ Мырзабекова,

Оңтүстік Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаменті инфекциялық және паразитарлы ауруларды
эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің маманы:


– Тұмауға қарсы маусымдық екпе халықтың  осал топтарына (медицина қызметкерлеріне, 6-12 ай аралығындағы балаларға, жиі ауыратын әлсіз 14 жасқа дейінгі балаларға, тыныс жолдарының, жүрек-қан тамырлары және басқа да ішкі органдардың созылмалы ауруларымен, иммундық жетіспеушілік, қатерлі ісіктермен есепте тұрған  балалар мен ересектер, жабық мекемелердегі балалар, ересектер, қарттар және т.б.) 3 қазаннан басталып 15 қарашаға дейін жүргізіледі. Биылғы 3 қазан-9 қараша аралығында апталық мониторингтің  қорытындысымен 474467 адамға тұмауға қарсы вакцина (жоспарланған 500000 – 94,8%) егілді.

 Соңғы уақытта полиомиелит көрсеткіші төмендеді. Қазір онымен ауыратын 4-ақ ел бар: Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Нигерия. Дамыған елдердің үштен бірі жаңа туған нәрестелердің «сіреспе» ауруын ауыздықтады. 1970 жылы ДДҰ-ның ЕРІ бағдарламасы енгізілгеннен кейін қызылшадан қайтыс болғандар көрсеткіші төмендеді. ДДҰ-ның Еуропалық қосыны бұл жұқпаның түрін 2015 жылға дейін жоюға әрекет жасады. Көкжөтел жағдайына тоқталсақ, ауру деңгейі жылына 3 млн-нан 250 000-ға төмендеді. Дифтерия (балалардың жұқпалы тамақ ауруы) көрсеткіші 1975 жылы 80 000-нан 10 000-ға дейін төмендеген. Еуропада Hib-екпесімен иммундау Hib-менингитінің 10 жылда 90%-ға төмендеуіне жол ашты.
Екпеден бас тартқандардың қайтыс болу көрсеткіші көбеймесе, азаяр түрі байқалмайды. 5 млн сәби – қызылшадан, 1,2 млн жаңа туған нәресте сіреспеден, 0,8 млн бала – көкжөтелден көз жұмған.
Қазақстанда иммундау мәселесі денсаулық сақтау саласында басым бағыттардың бірі болып есептеледі. Тұрғындарға екпе жүргізудің арқасында қауіпті аурулардың алдын алып жатырмыз.
Біздің еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аумағымен бірлесіп, қызылша мен қызамықты жоюдың сәл алдында тұр. Қазақстанда екпе салу мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі, – дейді иммунолог-дәрігер Сара Қобыландықызы.
Медицина қызметкерлері әрбір ата-анаға баласының жұқпалы ауруларға қарсы екпе жүргізілгенінің анық-қанығын білуіне кеңес береді. Екпе алмастан бұрын тұмаумен ауырған, ауырмағанын тексеру керек. Себебі, тұмаудың салдары екпенің адам ағзасына кері әсер етуіне әкеледі.


 

P.S. Екпеден кейін жаппай жығылған балалар мен
жасөспірім, студенттердің денсаулығы қалпына келсе екен деп тілейміз. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері жоғарыдағы оқиғалардың екпеге ешқандай қатысы жоқ екенін бірнеше рет айтты. Сонда бұл сәйкестік пе?! Дәрігерлердің сөзіне сенсек, ең абзалы, балаңыз тұмаумен ауырса немесе суықтап қалса, екпе егу жұмыстарын кейінге қалдырған жөн. Ал денсаулығында ешқандай ақау болмаса, екпені уақытылы алған дұрыс.


 

Последнее изменение Понедельник, 21 Ноябрь 2016 06:27
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.