М. Әуезов атындағы ОҚМУ ғимаратында Шымкент қаласының ардагерлері бас қосты. Жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арналған жолдауы және қалалық ардагерлер кеңесінің 2016 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалды.
– Жолдауда бізді яғни, ардагерлерді қуантатын екі жағдай бар. Біріншісі, білім жүйесі. Мысалы, кәсіптік училищелер ақысыз негізде оқытылады. Бұл жастардың мектепті бітіре салысымен жұмыспен қамтамасыз етілуіне септігін тигізеді. Екіншісі, медициналық сақтандыру қоры. Бұған дейін ардагерлер ем қабылдау үшін бірнеше құжаттар жинап, ақша төлеп, ары-бері жүгіріп, әбігерге түсуші еді. Ал енді ешқандай төлемсіз-ақ емделе алады. Өйткені, ардагерлердің сақтандыру қорына 71 600 теңге аударылатын болады, – деді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбай Нисамуддин.
Басқосуда қалалық ардагерлер кеңесінің өткен жылғы жұмыстарының қорытындысы тыңдалды. Былтыр өңіріміздегі демалыс орындарына 3 410 ардагер демалып, емделген. Сондай-ақ, 3 705 аз қамтамасыз етілген ардагерлерге 8 млн 976 мың теңгеге көмек көрсетілді. 125 соғыс ардагері мен қаза тапқан жауынгерлердің бес жесіріне тұрақты түрде жәрдем жасалуда.