Түркі әлемінің Наурыз мерекесі Түркістанда тойланады Избранное

Среда, 01 Март 2017 05:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4049 раз

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жарияланған болатын. Осыған орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына іссапармен барып, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасына дайындық жұмыстарымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

turkistan

Өңір басшысы алдымен халықаралық деңгейде тойланғалы отырған Наурыз мерекесі өтетін алаңда болып, қонақтарға қазақтың салт-дәстүрін паш ететін этноауыл мен қолөнер қалашығын аралап көрді. 

Халықаралық мәдени шараға жауапты жұмысшы тобының жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың айтуынша, шараға келетін қонақтардың жалпы саны шамамен 800 адам болмақ. Жалпы іс-шараға 4-5 мың халық қатысады деп жоспарлануда. Шара аясында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде 22 наурыз күні ресми қонақтардың қатысуымен «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді.

Сапар барысында өңір басшысы Оңтүстік жұртын ауқымды іс-шараға атсалысуға шақырып, жауапты азаматтарға қала көшелері мен іс-шара өтетін аумақты безендіру, қонақтарды облыстағы тарихи-мәдени орындармен таныстыру, тіл білетін мамандармен қамтамасыз етуді жүктеді. 

– Елімізде алдымен Астана қаласының, енді ер түріктің бесігі болған Түркістанның осындай марапатқа ие болуы еліміз үшін оның ішінде Оңтүстік өңірі үшін зор мақтаныш. Сондықтан жоспарланған жұмыстарды жоғары деңгейде өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жауапты сәтте жұмыла жұмыс істеп, қазақ халқының қонақжай пейілін түркі жұртына паш етуге тиістіміз, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында 42 мәдени іс-шара өтеді деп жоспарлануда. Оның 14-і «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы тарапынан өткізілсе, алтауын еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі, 21-ін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырады. 

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Түркістан қаласында түбі түркі тілдес халықтар театры, опера, цирк, би, сатира, дәстүрлі өнер және анимациялық фильмдердің фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар бағдарламада ақындар айтысы, түркі мемлекеттері әйелдерінің форумы, түркі əлемі журналистерінің форумы суретшілердің кездесуі, қолөнер шеберлерінің фестивалі, әдеби журналдар редакторларының конгресі, ақын, жазушылармен кездесулер бар.