Іскер әйел – қоғам тірегі

Пятница, 10 Март 2017 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7038 раз

IMG 9654

«Қайнар» қонақүйінде Қаратау ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Іскер әйел – қоғам тірегі» тақырыбында форум өтті. Аудандағы іскер әйелдердің басын қосқан жиынның мақсаты – гендерлік саясатты қолдау, әйелдің белсенділігін арттырумен қатар оларды қоғамдағы бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге атсалысуға шақыру еді.

IMG 9702

– Сіздердің әрбіріңізді өз салаңыз бойынша үздік, отбасы өмірін үйлестіре білетін мықты, сондай-ақ айтар ойы бар ықпалды азаматша деп білеміз. «Бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербеткен» әйел ретінде танимыз. Сондықтан да Қаратау ауданы бойынша жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөлулеріңізді сұраймыз. Күйбең тіршілік пен зорлық-зомбылықтан дәрменсіз күйге түскен әйел өз баласына да көңіл бөле алмайды. Міне, сондай жандар болса, олардың өмірін жақсартуға, жұмысқа орналасып, азамат ретінде құқығы қорғалып, баласына жақсы тәрбие беруге сіздермен бірігіп, мүмкіндік туғызайық, – деді Ғабит Патшаханұлы.

IMG 9904

Форумға облыстық әйелдер кеңесі төрайымы Б.Жандосова, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Г.Әбілдаева және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Қ.Бикеновалар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Ал «Даму» қорының бас менеджері М.Бердалиева кез келген әйелдің кәсіпкер бола алатынын және мемлекет тарапынан әрбір азаматқа бастапқы қолдау ретінде 18 млн теңге көлемінде несие беру мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті.
Форумның екінші бөлімі сергіту тренингтерімен жалғасып, қатысушыларға сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, Қаратау ауданы әкімі іскер азаматшаларды 8 наурыз мерекесімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.