«Халықтық кеңседе» – сапалы қызмет Избранное

Среда, 15 Март 2017 06:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4250 раз

ӘР ЕСІККЕ ЕЛЕҢДЕГЕНШЕ, ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫ БІР ТЕРЕЗЕДЕН ТЫНДЫРЫҢЫЗ!..

Қаламызда «Халықтық кеңсенің» ашылғанына әне-міне дегенше жарты жыл болыпты. Алты ай мерзім ішінде бұл мекемеге 55 907, ал 2017 жылдың үш айында 23 786 арыз-шағым түсіп, бақылауға алынған. «Халықтық кеңсенің» «Халыққа қызмет көрсету орталығынан» айырмашылығы қандай? Қарапайым жұртшылық аталған мекемеге қандай сауалдарымен бара алады? Біз «Халықтық кеңсе» өмірін өз көзімізбен көріп қайтып едік. 

20170310 104625

«Халықтық кеңсеге» кірген бойда Анықтама қызметінен қажетті мәлімет аласыз. Қызметкерлер сізге «көрсеткіш тақтадан» (таблодан) кезек алуға нұсқайды. Кеңседе халыққа қызмет көрсететін, арыз-шағымын қабылдап, кеңес беретін 13 терезе таңғы сағат 9-дан кешкі 7-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді. 

– «Халықтық кеңседе» «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі. Яғни, халық әуре-сарсаңға салынбайды, әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алады және құжаттардың қаралу мерзімі қысқарады. Мұнда қазіргі таңда, 40 қызметкер жұмыс істейді, – дейді кеңсе үйлестірушісі Гүлжамал Жұмабекова. 

20170310 105727

telfon2Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсесіне» түрлі мәселелер бойынша азаматтарға күнделікті қызмет көрсетіліп, бір күнде шамамен 607 арыз-шағым, өтініштер тіркеліп отырады. Кеңсе үйлестірушісінің айтуынша, оның 400-ге жуығы арыз-шағым болса, 200-і кеңес алуға келгендер. Мәселен, қала тұрғыны Айбибі Мұқанжанова 6-шы терезеге келіп, өзінің жер телімі туралы мәселеге байланысты арызын жазды. Айтуынша, сатып алған жер телімінің екі бірдей иесі бар болып шығыпты. Соны өзінің атына аударғысы келеді екен. «Халықтық кеңсенің» бас маманы Эльназ Табирова қала тұрғынының арызын қабылдап, құжаттарын әкімдікке жіберді. Екі күннен кейін Жер қатынастары бөліміне барып, хабар алуына болатынын жеткізді. Ал өтініштің жауабы екі аптадан кейін дайын болады екен. Негізі арыз-шағымды қарау мерзімі – 30 күн. Кеңсенің бас маманы қала тұрғынына төрт саннан тұратын штрихкод-талон берді. Енді Айбибі Мұқанжанова «Халықтық кеңсеге» келмей-ақ, үйінде отырып, ғаламтор арқылы мәліметтер базасынан әлгі төрт саннан тұратын құпия кодты теріп, біле алады. Өтініші қай сатыдағы қарауда жатқанына дейін де біліп алуына жағдай жасалған. «Бір терезе» қағидасы деген осы ғой. «Халықтық кеңсеге» бір рет барасыз да, жарты немесе бір айдың жүзі өтті-ау дегенде, үйдегі ғаламтордан жауабын білесіз. 

– Күрделілігіне қарай арыз-шағымдар қайта қаралып немесе кейбіреулерінің жауапқа қанағаттанбай жататын кездері де болады. Ондайда тұрғындардың түсіністікпен қарауына тура келеді. Өйткені, мұнда барлығы да Заң шеңберінде іске асады. Арыз-шағымдардың басым бөлігі – жер мәселесі, одан кейін несие алу, қаржыландыру жөнінде, – дейді Гүлжамал Ералықызы. 

20170310 105813

Күнделікті тіркелген арыз-шағым, өтініштерді орындау үшін тиісті аудан және бөлімдерге курьерлық қызмет арқылы жеткізіледі.

Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында азаматтарды жеке қабылдау регламентіне өзгерістер енгізіліп, қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімінің аппарат басшысы, аудан әкімдері мен құрылымдық бөлім басшыларының жеке қабылдауы «Халықтық кеңседе» өткізіліп жүр. 

Құжаттарды қабылдау жүйесі бір жерде жинақталған. 

Дайын құжаттарды тапсыру секторы смс және қоңырау шалу арқылы азаматтармен хабарласып, құжаттарының дайын екенін ескертеді және жауап хаттарын қолма-қол табыстайды. 

telfon

Еліміз бойынша бірінші рет Шымкентте ашылған «Халықтық кеңсенің» «Халыққа қызмет көрсету орталығынан» айырмашылығы мынада. ХҚКО – мемлекеттік қызметке қатысты арыз-шағым қабылдаса, ХК – қала әкіміне, оның орынбасарларына, қала әкімінің аппарат басшысына, аудан әкімдері мен құрылымдық бөлім басшыларына арыз-шағым жолдайды.

Бұл бірегей нысан «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімін жетілдіріп келген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен ашылған болатын. – Қанша қоңырау шалсаң да, тұтқасын ешкім көтермейтін телефондардан шаршаған халық үшін бұл мекеме өте ыңғайлы, – деп еді әкімнің өзі. Расында, әр есікке елеңдемей, «Халықтық кеңсенің» бір терезесінен-ақ шаруаңызды тындыруыңызға болады.

Последнее изменение Вторник, 04 Апрель 2017 04:36
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.