Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Среда, 03 Май 2017 06:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4687 раз

mams

халық денсаулығын нығайтуды көздейді

 

Елбасы екінші жартыжылдықтан бастап елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайтынын айтты. Президент өзінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында да осы мәселені көтерген еді. 2015 жылы ҚР «Міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру» туралы Заңы қабылданды. 2016 жылы МӘМС Қоры құрылды. Зерделеп қарасақ, бұл бір күнде қабылданған шешім емес. 3-4 жылдың көлемінде ашықтық қағидасына сүйеніп, халықтың қарауына, қабылдауына уақыт берілді. 

Соның нәтижесі болар, өткен бір апталарда еліміз бойынша 140 мыңнан астам азаматтың МӘМС жүйесіне тіркелгені белгілі болды. Қазір өңірлерде аталған жүйе туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қызу жүргізілуде. 

Осыған байланысты жуырда Астана медициналық университетінің қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының профессоры, республикалық штаттың мүшесі Серік Ибраев өңірімізде болып, бірнеше аудан мен Шымкент қаласында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

– МӘМС жүйесін бір сөзбен «әлеуметтік әділдік пен қаржылай жауапкершілік» деп түсіну керек. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – әрбір сақтандырылған қатысушының жалақысынан белгілі бір мөлшерде жарна аударылады. Олар бірдей сақтандыру пакетіне ие болады. Бұған дейін денсаулық сақтау саласының шығыны тек қана мемлекеттің мойнында болып келді. Енді қаржылай жауапкершілік, яғни денсаулық сақтау саласының ауыр жүгі мемлекет, жұмыс беруші және әр адамның өз мойнында, – деді. 

Демек, бұл жүйе денсаулық сақтау саласының қаржылық орнықтылығы үшін өте қажет. Барлық сақтандырылған азаматтардың жынысына, жасына, əлеуметтік дəрежесіне, тұрғылықты жеріне жəне табысына қарамастан медициналық жəне дəрілік көмекке тең қолжетімділікке кепілдік береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі. Сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы медициналық көмек көрсетуге кепілдік болады.

Серік Ескендірұлының айтуынша, елімізде 18 миллионға жуық адам бар болса, оның 10 миллионын Үкімет өз мойнына алып отыр. 6 миллионға жуық қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің төлем үлесі 1-шілдеден бастап 1% болады, ал 2022 жылға дейін 3%-ға жеткізу көзделген. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін 200 мыңнан астам азамат (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіпқой медиаторлар) бар. Бұлар айлық жалақысының 3%-ын жарна ретінде аударып отыруы керек.

 

Тиімділігі неде?

МӘМС жүйесін зерттеп, зерделей келе, оның тиімді тұстарының көп екендігіне көзіміз жетті. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Ташимовтың пікірін келтіргенді жөн санадық. 

– Кез келген мемлекеттік жəне мемлекеттік емес клиникаларда медициналық көмек ала аласыз. Бұл жерде Сізге медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі (дəрігердің қабылдауынан бастап, жан-жақты зерттеулер мен қымбат оталарға дейін). Мұнда кеткен шығындарды Қор төлейді. Сапалы медициналық көмек пен ұйымдарды іріктеуді Қор өзі қадағалайды. Әр клиника Сізге жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүдделі болады, себебі Қор ауруханаларға жəне емханаларға көрсеткен сапалы медициналық қызмет үшін қаражат төлейді жəне олардың көрсетілуін қатаң бақылайтын болады. Тегін жəне қолжетімді дəрі-дəрмектер. Сіздің мемлекет белгілеген ауру түрлері бойынша дəрілік заттарды тегін алуға құқығыңыз бар. Сіз бұл дəрілік заттарды еліміздің кез келген дəріханаларынан ала аласыз жəне олар бұл дəрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты. Қор дəріхана қызметтеріне ақы төлеуді өз міндетіне алады. Құқығыңыз бен мүддеңіз қорғалады. Егер емделген кезде емнің сапасы төмен болса немесе сізді емдеуден бас тартып жатса, онда Қорға жүгіне аласыз, Қор құқығыңыз бен мүддеңізді қорғай алады. Сіздің өтінішіңіз бойынша тексерулер жүргізіп, шаралар қолданылады. Өз денсаулығыңыз жайында толық мəлімет ала аласыз. Жаңа электронды денсаулық сақтау жүйесі ұйымдастырылатын болады. Осының шеңберінде Сіздің жеке кабинетіңіз ашылады. Бұл жерде емханаға келгеніңіз, стационарда емделгеніңіз, сараптама, зерттеулер қорытындысы, дəрігерлердің қорытындысы мен ұсыныстары туралы барлық ақпараттар болады.

Енгізуден кейінгі нәтижесі қандай?

ХАЛЫҚ ҮШІН
• Сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі
• Халық қажеттілігіне сай денсаулық сақтау жүйесі
• Денсаулықты жақсарту, өмір ұзақтығын арттыру
• Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кеңейту
• Денсаулық сақтаудағы бейресми төлемдер деңгейінің төмендеуі

МЕМЛЕКЕТ ҮШІН
• Медициналық көмекпен әмбебап/жалпыға ортақ қамту
• Азаматтардың ортақ жауапкершілігі
• Тұтыну көлемдерін теңгерімдеуге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақты жүйесі
• Денсаулық сақтаудың нарықтық тетіктерін жетілдіру
• Жеке денсаулық сақтауды және денсаулық сақтау индустриясын дамытуға ынталандыру (қосымша жұмыс орындары және технологиялар)
• Қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру
• Ресурстарды қолдану бойынша қоғам алдындағы есептілік

ҚЫЗМЕТ БЕРУШІЛЕР ҮШІН
• Қызметтің тиімділігіне сәйкес тұрақты қаржыландыру
• Басқару және менеджменттің жаңа корпоративтік тәсілдерін енгізуді ынталандыру
• Еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру: бәсекеге қабілетті жалақы алу мүмкіндігі
• Жаңа медициналық технологияларды енгізу. Түпкілікті нәтижеге бағдарлылық
• Негізгі құралдарды уақытылы жаңарту

Төлем жасамаса не болады?

- Сіздің қызметкеріңіз өз тарапынан денсаулық сақтауға құқығы жоқ болғандықтан наразылық тудырады;
- Сіз Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы денсаулық сақтау» Заңына сәйкес жауапты боласыз және сізге айыппұл салынады;
- Сіз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес жауапты боласыз, сондай-ақ, айыппұлдар қолданылуы мүмкін.
- Сіз МӘМС мүшесі бола алмайсыз және медициналық сақтандыру жүйесі бойынша денсаулық сақтау қол жеткізу құқығы жоқ болады. Алайда, сіз мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемін пайдалана аласыз. Оның ішіне кіретіндер:

• жедел жәрдем және санитариялық авиация;
• әлеуметтік маңызды аурулар және төтенше жағдайда медициналық көмек алу;
• профилактикалық вакцинация;
• 2020 жылға дейінгі амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту бар амбулаториялық-емханалық көмек.

Тобықтай түйін. Бір байқағанымыз, халықтың МӘМС-ке қызығушылығы жоғары. Былай қарағанда, ауырып қалсақ, қомақты қаржы жұмсаймыз. Ал МӘМС жүйесіне тіркелсек, ай сайын жалақыдан белгілі бір мөлшерде жарна аударып отыру арқылы бағалы медициналық көмекке тегін қол жеткіземіз. Миллиондарға бағаланатын отаны тегін жасатқанның несі жаман?!

 

Мемлекет кім үшін төлейді?

anyqtama 34-1

1) балалар;

2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;

3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер;

4) мүгедектер;

5) жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдар;

6) интернат ұйымдарында білім алатын және тәрбиеленетін адамдар;

7) техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын адамдар;

8) баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) күтіп-бағу бойынша демалыста жүрген әйелдер;

9) жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған әйелдер;

10) зейнеткерлер;

11) әскери қызметшілер;

12) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;

13) құқық қоғау органдарының қызметкерлері;

14) соттың үкімі бойынша жазасын сот-атқарушылық жүйе мекемелерінде (пенитенциарлық) өтеп жүрген адамдар (ең төменгі қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда);

15) уақытша ұстау изоляторында және тергеу изоляторында ұсталатын адамдар.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.