Шымкент кашемирі: түбіт & топс

Пятница, 19 Май 2017 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5511 раз

«Шымкент-Кашемир» ЖШС-ін естуіңіз бар ма? Кәдуілгі «кашемирден жасалған» өнімдер осы мекемеде өндіріледі. Кашемир деп отырғанымыз, сол қазақы қой мен түйе жүнінің түбіті.

IMG-20170512-WA0036

Топс дегеніміз – жіп иіруге қажетті шикізат. Қазақстанда түбіттен және жүннен, топстан жасалған бұйымдардың өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпорын әзірге біздің Шымкентте ғана. Таразда топс тоқымасын өндіретін цех ашылды да, белгісіз себептермен жабылып қалды. «Шымкент-Кашемир»-дің ашылғанына бар-жоғы бес жылдың көлемі болса да, жылына 400 тонна түбіт өңдеуге қауқарлы.

Шағанбек Қанжарбайұлы «Шымкент-Кашемир» кәсіпорнын тақыр жерден тұрғызған. 

Елбасының соңғы жылдардағы кәсіпкерлерді жаппай қолдау бастамасынан кейін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан кәсіп бастауға 3 гектар тегін жер алған. Сөйтіп табыс және мүлік салығынан босатылған. Үкіметтің осындай кең көлемді қолдауынан кейін оның кәсібі кеңейіп, өркендеп келеді. 

Кәсіпкерлік саласында тыңнан түрен салған Шағанбек Қанжарбайұлы өз ойларын ортаға салып, тәжірибесімен бөлісті.

IMG-20170512-WA0030

1. Кәсіп түрін анықтаңыз

– Қазақстанда түбіт тарау кәсібі бұған дейін болмаған. Біз бірінші рет станокты Қытайдан әкеліп, жүн тарап, түбіт алып жатырмыз. Әлі игерілмеген кәсіптен бастағым келді. Қытай түбіт тараудан дүниежүзі бойынша алдыңғы орында. Олардың станогы мен құрылғылары да жұмыс істеуге өте қолайлы. Ешкінің жүнін қабылдап, түбіт тарадық та, оны Қытайға экспорттадық. Кейіннен елімізде кездесетін меринос қойдың жүнінен топс тоқымасын жасауға болатынын білдік. Топстан жіп иіреді. Бұған еуропалықтар қызығып келе бастады. Меринос қойдың жүнінің сапасы жақсы емес екен. Кавказдан асыл тұқымды қошқарлар әкелдік те, жергілікті қоймен будандастырдық. Осыдан соң жүннің сапасы жақсара бастады. Нағыз қазақи қойлардың қылшығының арасында түбіт болады. Майда жүннен түбітті бөліп аламыз.

IMG-20170512-WA00312. Кәсібіңізді зерттеңіз

Кәсіп нысанын асықпай, әбден зерттеп алу керек. Қытайда бір зауыт түбіт тараса, тағы бірі жүн жуады. Ал біз осының барлығын бір жерде өндіреміз. Мұны ұзақ уақыт бойы мұқият зерттедім. Қытайдың түбіт пен топс шығаратын барлық зауытын араладым, салыстырдым. Сөйтіп, сол жақтан станоктар мен құрылғылар әкеліп, іске қостық.

3. Істі иіріп әкетуге үйреніңіз

Алғашқыда біз жүн жуатын бір ғана цехтан бастадық. Кейіннен жүн сорттайтын, жуатын, тарайтын, Топс жасайтын, көрпе мен киім тігетін қосымша 4 шеберхана салдық. Алдағы уақытта жіп иіріп, бояйтын және кілем тоқитын цех ашу жоспарда тұр. 

Кәсіпорындағы 5 шеберханада 33 станок орнатылған. Мәселен, Топс цехында 18 станок бар. Бір адам бір мезгілде 4 станокты қатарынан игеріп, жұмыс істей алады.
Зауыттың жұмыс барысына тоқталсақ, алдымен Қазақстанның әр аймағынан әкелінген жүндер сұрыпталады. Одан кейін жүн жуатын станоктарға салынады. Жуылып біткеннен соң келесі станокта жүн таралады. Қылы бөлек, түбіті бөлек шығарылады. Қылынан матрас, түбітінен көрпе жасалады.

IMG-20170512-WA0013

4. Өнім түрін ұлғайтыңыз

Біз меринос қойдың жүнінен топс өндіреміз. Топстан жіп иіріледі. Қазір Италияға топс топтамасы жіберілді. Жапония мен Израйль де қызығушылық танытып отыр. Алайда, әзірге түскен тапсырыстарды игеріп үлгере алмай жатырмыз.

Теңіз бетіндегі мұнайды сорып алатын киіз өндіреміз. «Қытай Мұнай Компаниясы» тапсырыспен киіздің осы түрін алады. Алдағы уақытта қазақ киіз үйінің киізін де өндірмекпіз.
Түйе жүнінен көрпе, көрпеше, жамылғылар, матрастар шығарамыз. Трикотаждан әйелдерге арналған пальто, жемпір, кеудеше, балаларға аяқ киім тігеміз.

5. Халыққа пайдасы бар өнім ұсыныңыз

Біздің өнім – отандық өнім, түбіттен жасалған көрпелер. «Шымкент Кашемир» ЖШС-і өңдеген түйе жүнінен жасалған отандық өнімнің сапасы талапқа сай келеді. Тігетін көрпелерге тек табиғи шикізат – меринос қойдың жүні мен түйенің түбіті салынады. Жамылғылар, сонымен қатар матрастың ішіне де түбіттер салып шығаруда. Айта кету керек, сапасы жоғары, мінсіз тігілген көрпелер «Қазақтың ұлттық көрпесі мынадай!» деп мақтана көрсетуге лайықты. 

IMG-20170512-WA0022

Түйе жүні көптеген ауруға ем. Ата-бабаларымыз түйе жүнін, соның ішінде шудасы мен жабағысын әр түрлі сырқаттарға және сары су жиналған жерлерге басып емдеген. Түйе жүнінен жасалған белдікпен құяңды емдейді. Сондай-ақ түйе жүнінен жасалған көрпе суық тиюден қорғайды. Ол адам ағзасын түрлі дерттен сауықтырып қана қоймайды, ағзаны жасартатын қасиетке ие. Жас балаларға түйе жүнінен тоқылған шұлық кигізіп, көрпесін жамылдырса, суық тимейді. Адам температурасын бір қалыпта ұстайды. Денеге қыста жылы, жазда салқын тиеді, оны жамылған адам шілденің аптап ыстығында да терлемейді. 

Нардың жүнін қазақ халқы аяққа таптамаған, тек кеудешелер мен жейделер, шекпендер мен көрпелер дайындаған. Сондықтан түйе жүнінен көрпе таңдасаңыз, ұтылмайсыз!

DSC 1001

6. батыл шешімдер қабылдаңыз

Біздің кәсіпорын тек өз қаржымызға салынды. Үкімет тегін жер берді, бірнеше салық түрінен босатты. Алайда жерді жалға алған болып есептелетіндіктен, әлі күнге банктен несие ала алмай келеміз. Соған қарамастан, тақыр жерден бастаған кәсіпті барынша кеңейтумен айналысудамыз. Қандай да бір қиындықтар мен кедергілерге дес бермей, істі орта жолда тастап кетпеуге тырысу керек.

7. Биік мақсаттар қойыңыз

Мені осы күнге жеткізген әуелі Құдай, сосын алға қойған мақсаттарым деп ойлаймын. Әрдайым жақсы ой ойлап, биік мақсаттар қойсаңыз, арман атты асқарды сөзсіз бағындырасыз.

8. Қызметкерлеріңіздің кәсіби өсуіне мән беріңіз

Қарамағыңыздағы қызметкерлеріңіздің білімді әрі жан-жақты болуына ынталы болыңыз.

DSC 0912

Қызметкерлерімді Қытайға жіберіп, тоқыма мен жүн кәсібіне үйретіп алдым. Тағы біразын Италияда оқыттық. Бұл өз кезегінде фабриканың алға дамуына үлкен септігін тигізді.

9. Қосымша кәсіпті де жоспарлаңыз

Мен қазаққа пайдалы өнімдердің жол тартқанын қалаймын. Сондықтан бұл мәселеге келгенде тереңнен ойланамын. Мәселен, біздің елімізде түйенің сүті дұрыс өндірілмей жатыр. Одан кейін қазақтың топырағында қаншама пайдалы шөп дәрілер өседі. Сол отандық дәрі-дәрмекті өндіріске енгізсек деген ойым бар.

10. қарапайым болуға тырысыңыз

Мен көп сөйлемеймін. Сөздің орнына іс тындырғанды құп көремін. Айналамдағы әрбір қызметкерімнің жалпы және отбасылық жағдайынан хабардар болуға тырысамын. Олардың түстенуі мен жолақысын да қарастырып қойғанбыз. Журналистерге де барынша ашықпын. Жұмыссыз жүрген адамдарды «Шымкент-кашемир» зауытына жұмысқа шақырамын.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.