Тұрғын үйге қор жинағандар баспаналы болмақ Избранное

Пятница, 22 Сентябрь 2017 07:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1331 раз

DSC 0082

Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 11 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Көпқабатты тұрғын үй пайдалануға 30 қарашада беріледі деп жоспарланды.

Бұл туралы «ҚТҮҚЖБ» АҚ ОҚОФ директорының орынбасары Ақылбек Қоспанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

– 558 пәтердің 279-ын жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) арқылы, 279-ын біздің банктің кезегімен үлестіретін боламыз. ЖАО арқылы кезекке тұрғандар да «ҚТҮҚЖБ» салымшысы болуы міндетті. Айырмашылығы – ол 279 өтініш иелерінің кезегін ЖАО анықтайды. Сол сияқты пәтер құнының 30% қорын жинай алған банк салымшыларының арасынан жоғары ұпай жинаған 279-ды порталдағы автоматты жүйе анықтайды, – дейді А. Қоспанов.

DSC 0054

 

20 қыркүйек пен 8 қазан аралығында әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан 11 көпқабатты тұрғын үйге портал арқылы өтінім қабылдана бастады. 9 қазан – автоматты түрде ұпай санына қарай өтінім берген салымшылардың тізімін жариялайды. 

DSC 0056

– 1, 2, 3 бөлмелі пәтерді көрсеткеніне қарай кезек те бөлек-бөлек анықталады. Сондай-ақ, банк салымшылары арасында тек 20 қыркүйек – 8 қазан аралығында өтінім бергендер ғана байқауға қатыса алады. Сондықтан, мейлінше портал жаңалықтарын қалт жібермеген дұрыс, – дейді «ҚТҮҚЖБ» АҚ ОҚОФ директорының орынбасары Ж.Есімов.

Банк салымшыларының төлем қабілетін растау 16 қазан – 10 қараша аралығында өтеді. 16 қазан – 24 қарашада пәтердің орналасу бөлігі мен тұрғын үй қабатын таңдауға мүмкіндік бар.

 

Бағдарлама бойынша алғаш рет

Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма беріп, соның негізінде 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама алдағы 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасыны жаңа пәтермен қамтамасыз етуді көздеді.

DSC 0089

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тапсырылатын алғашқы тұрғын үйлер Шымкент қаласында беріле бастайды. Астана даңғылы мен Арғынбеков көшесінің ортасында орналасқан 11 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл маң – Әкімшілік-іскерлік орталығы деп аталады. Еліміздегі алғашқы көркем гимнастика мектебі де осында. Сондай-ақ, балабақша мен 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Тұрғын үйлер 9 қабатты, 3 сыныпты сапамен бой көтерген. 558 пәтердің 186-сы – 1, 186-сы – 2, тағы 186-сы – 3 бөлмелі. 

3 бөлмелі пәтер құны 10 млн-нан асады.

2 бөлмелі пәтер – 58,81 ш/м құрайды, бағасы – 8 233 400 теңге. Ал 1 бөлмелі пәтер – 5 262 600 теңгеден, көлемі – 37,59 ш/м.

DSC 0078

Банк қызметкерлерінің мәлімдеуінше, ЖАО арқылы тұрғын үй кезегіне тұрғандар міндетті түрде ҚР азаматы немесе оралман статусы болуы тиіс.

– Банктің ішкі құжаттарына сәйкес төлем қабілеттілігі расталуы және баспанаға үміткерлердің отбасы мүшелерінің меншік құқығы немесе ортақ үлесі бар жылжымайтын мүлкі болмауы шарт, – дейді Жансерік Нарбекұлы.

Үлесі болған жағдайда адам басына 15 ш/м пайдалы ауданы бар жатақхана бөлмесі мен саман типіндегі апатты үйлер (ЖАО анықтамасымен расталса) есепке алынбайды. Үйге үміткер және бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда үй жағдайын қасақана нашарлату фактісі орын алмаған болуы маңызды.

Бүгінгі таңда «ҚТҮҚЖБ» АҚ-ның ОҚО бойынша 53 мың банк салымшысы бар. Жалпы жинақ қоры – 26,2 млрд теңгені құрайды.

Последнее изменение Пятница, 22 Сентябрь 2017 10:13
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.