×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Көліктің жыры мен халықтың мұңы Избранное

Среда, 28 Февраль 2018 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4316 раз

оны шешудің жолы қайсы?

 

Шымкентте жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың жұмысына көңілі толмайтын тұрғындардың шағымы азаяр емес. Қалалық әкімдіктің WhatsApp желісіне, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне келіп түскен шағымдардың басым бөлігін автобустардың кешкі мезгілде жүрмейтіндігі туралы арыз-шағымдар құрайды екен. Ал тасымалдаушылар бұл мәселеге мән беруге неге құлықсыз? Бұл сауалға сала мамандарымен бірлесе жасаған рейдтік шарада жауап іздеп көрдік.

 

«Планды» орындап, тойға кетеді

DSC 4210

Забадам елдімекенінде 10 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындардың дені қала орталығында жұмыс істейтіндіктен қоғамдық көліктің уақытымен жүруі маңызды. Бірақ, бұл бағытқа қатынайтын қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. 

«Автобустар уақытында жүрсе» дейтін қалалықтардың бірі – Забадам елдімекенінің тұрғыны Абзал Пулатов. Ол «№116 автобустың мәселесімен бас ауыртып жүргеніме жылдан асты», – дейді. 

p-abzal– №116 автобус кестеде бекітілген уақытымен жүрмейді. Аралық уақыты кейде 40 минутқа жетеді. Қалаға бір автобуспен қатынайтындықтан амалсыздан күтіп отырамын. Бұл бағыттағы көлікті бейсенбі, жұма күндері тіпті таппайсың. Тиісті мекемеге осы жағдайды айтып шағымдандық, сосын «Автоимпульс» ЖШС-нің (тасымалдаушы компания) басшылығына телефон арқылы шығып, жағдайды айттық. «Қадағалаймыз» деген уәделерінің орындалуын күткенімізге жылдан асса да ешқандай нәтиже көргеніміз жоқ, – дейді А. Пулатов.

Абзал Пулатов №116 автобустың кешігіп жүруімен тұрмай, көшелерді 15-20 метр сайын аялдамаға айналдырып алғандығын ашына жеткізді. – Көлік жүргізушілеріне «межелі жерімізге уақытында жетейік, неге көрінген жерге тоқтай бересіңдер» дегенімізбен оған құлақ асатын ешбірін көрмедік. Онсыз да сирек жүретін автобустарды «желкелеумен» жүйкеміз тозады. Қатынап жүргендерінің өзі шағын және әбден тозығы жеткен. Егер жолаушыларға сапалы қызмет көрсете алмаса, мұндай міндетті неменеге мойындарына алатынын түсінбеймін. 

№116 автобусқа Забадам елдімекені ішінде мектептен қашық тұратын оқушылар да отырады. Ал ата-аналар мен №13 мектептің ұстаздар қауымы көліктердің оқушыларды мінгізбей кететіне талай мәрте куә болғандығын жеткізді. 

aqmaral– «Самал -3» шағынауданынан қатынап жұмыс істеймін. «Колос» аялдамасына дейін №9, 87 маршрутпен келіп, бері қарай мектептің алдындағы аялдамадан түсу үшін №116-ға ауысуым қажет болады. Бұл автобус өте сирек жүретіндіктен №22 автобусқа мініп, бір көше жаяу келемін. Автобустарды кешкі сағат 6:30-дан кейін мүлдем көрмейсің. Қоғамдық көліктің кондукторлары кішкентай балалар ақша төлемесе, аялдамаға тоқтамай өтіп кетеді. Бұл мәселе бойынша жүргізушімен де, кондуктормен де талай сөзге келдік, – дейді № 13 мектептің мұғалімі Ақмарал Шуренова. 

Тойшыбай Исламов болса, мектептің қасынан өтетін көшеде оқушылардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды. 

p-toishybai– №13 мектептің жанындағы көше бойында №116 мен №86 автобус бір-бірімен жарысады, кейде тротуарға дейін шығып кетеді. Қанша рет ескерткенімізбен тыңдар құлақ жоқ. Жүргізушілердің көбісі – Забадам елдімекенінің тұрғындары. «Неге кешкі сағат 19:00-20:00-ге дейін жүрмейсіңдер» десек, «Планды орындап қойдық» дейді. Автобустардың ерте тоқтайтын бір себебі – кешкі сағат алты-жетіден кейін олар қосымша ақша табу үшін тойға баруға көлік жалдайтындардан тапсырыс алып, өздерінің жеке тірліктерімен жүреді, – дейді Тойшыбай ақсақал.

 

Жарты жолда қалдырмасын...

Қала тұрғыны Г. Турдиева қоғамдық тасымалдаушы компанияларға осындай өтініш айтады. Өйтпеске амалы жоқ. «Самал-3»-те тұратын ол «Асар» шағынауданындағы қалалық балалар ауруханасына қатынап жұмыс істейді. Оның айтуынша, осы аралыққа қатынайтын №9А газель көлігі кестеде белгілінген маршруттан ауытқып, кешкі уақытта жолаушыларды сан мәрте жарты жолдан қалдырып кеткен.

– Газельдің соңғысы 18.45-де өтеді. Аптығып, асығып келеді, сосын жолақысын жинап алады да, белгіленген кестемен жүрмей, біздерді қыста күн райына қарамастан қоқыс полигоны жанына тастап, төте жолмен Алаш базарына өтіп кетеді. Кеш қалсақ, таксимен қайтуға тура келеді. Оған күн сайын жағдайымыз келе бермейді, – дейді Г. Турдиева.

Жалпы «Самал-3» шағынауданында 11 мыңға жуық халық қоныстанған. Бұл аймақтың тұрғындары үшін де қоғамдық көлік мәселесі өзекті. Мәселен, самалдықтар №93 автобус (тасымалдаушы компания – КиУ-ға тиесілі) бұрынғы жүру кесетесіне қайта оралса екен дейді. 

p-dosaly– Бұрын әл-Фараби көшесімен қоқыс палигоны жақтан келіп, Алпамыс батыр көшесімен 6 емханамен айналма жол жасайтын. Қазір №6 емханадан қайтып кетеді. Енді 2 шақырым емхана маңындағы аялдамаға жаяулатып келеміз. Таңертеңгілік уақытта балалардың балабақшаға, мектепке баруы қиындап кетті. Орталыққа келіп жұмыс істейтіндер бар. Сондықтан №93 автобус бұрынғы кестесімен жүрсе деген тілегіміз бар, – дейді «Самал-3» шағынауданының тұрғыны Досалы Оразов.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев келіп түскен шағымдардың барлығы ескерусіз қалмайтындығын айтты. Бұған дейін де №116, №№93 автобустардың жүргізушілеріне жүру кестесін сақтау бойынша ескертулер берілген. 

Бұл рейдтік шарада автобустардың бүгінгі жағдайына шағымданған санаулы азаматтармен ғана тілдесе алдық. Ал Шымкентте күніне 500 мыңға жуық тұрғын қоғамдық көлікті пайдаланатындығын ескерсек, ірі мегаполисті қалада қоғамдық көліктің мәселесін шешу әлі де өзекті болып қалмақ.

 

p-nauryzНаурыз СҮГІРӘЛИЕВ,
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль
жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 

Келісімшартта бәрі көрсетілген

 

– Автобустардың санитарлық тазалағының төмендігін, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін және автобустардың кешкі уақытта жүрмейтіндігін айтып шағымданатындар көп. Сондықтан осы үш мәселені оңтайлы шешу бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Автобустардың кешкі уақытта жүруін талап етуіміз орынды. Ал тасымалдаушы компаниялар бұл талаптарымызға « жауапты бөлім жұмыс істеуімізге кедергі келтіріп жатыр» деп даурығуда.
Негізінде бұл жұмыс осы кезге дейін заң жүзінде былайша реттелген болатын: Тасымалдаушы компаниялар келісімшартқа сәйкес, қоғамдық көліктердің бір айдағы қатынау жиілігі туралы мәлімет береді. Егер оның жиілігі 70 пайыздан асса, жұмысы жақсы деп бағаланады. Мәселен, таңғы сағат 07.00-ден кешкі 21.00 аралығында осы 70 пайызды орындауға міндеттелген. Онда кешкі уақыт бөліп көрсетілген.
Енді, тасымалдаушылар келісімшарттың осы бөлігін алып тастауды талап етуде. Ол дегеніміз жүргізуші күніне 10 рейс жасайтын болса, кешкі алтыға дейін жетеуін жасайды. Белгіленген жоспарды орындайды да, одан әрі 21.00-ге дейін жүруге тиіс 3 рейсті орындуы міндетті болмай қалады.
Ал келісімшарттың бұл бөлігі халықты кешке қарай қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін енгізілген.

Последнее изменение Среда, 28 Февраль 2018 05:04
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.