Халықтың талабы бизнестің қалауынан жоғары Избранное

Пятница, 16 Февраль 2018 08:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1355 раз

Ал көлік компаниялары неге наразы?

DSC 6156

Күні кеше ОҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті көшпелі отырысы өтті. Кеңесте қаладағы жолаушылар тасымалы саласында туындайтын әкімшілік кедергілер жайы қызу пікірталас тудырды.

Кейбір көлік компанияларының басшылары қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына наразы. Олардың ойынша, аталған бөлім шаһардағы қоғамдық көлік бағыттарын конкурсқа салғанда әділетсіздікке жол беріледі деп есептейді.

Тасымалдаушы компаниялардың өкілдері тарапынан қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметі мен бөлім жетекшісі Қуатжан Жұматаевтың жұмысына сын айтылды. Бөлім басшысы бұл сындарға жауап беруге тырысып баққанымен, оған толыққанды түсіндіруге мұрша берілген жоқ. Біз дауға айналған осы ауқымды проблеманы кеңінен талқылауды жөн көрдік.

 

Типтік келісім-шарт

«Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов жиналыста қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жолаушы тасымалдаушы компаниялар арасында түзілетін типтік келісім-шартқа қатысты сынын жеткізген болатын.

– Бұл жолаушы тасымалдаушы компаниялар о баста жасалған типтік келісім-шарттың кейбір пунктерін заңға қайшы деп санайды, – дейді бөлім бастығы Қуатжан Жұматаев. – Кезінде компания өкілдерінің шағымымен жұмыс тобы құрылып, оған жолаушы тасымалдаушылармен қоса барлық мүдделі орган өкілдері енді. 19 пунктен тұратын іс-шаралар жоспары да жасалды. Жолаушы тасымалдаушылар өздерімен келісім-шартты 10 жылға түзу кепілдігін талап етіп отыр. Бірақ, ондай жағдайда біз көлік бағытында қызмет ету талаптарын бұзғандарға ешқандай шара көре алмай қаламыз. Ал бұл жолаушылардың қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбесіне кім кепіл?

Кепілдік мәселесін жұмыс тобымен бірге қалалық әкімдіктің заңгерлері де талқылады. Одан шыққан қорытынды – қалалық әкімдік жолаушы тасымалдаушы компаниялардың банктерден автобус сатып алу үшін алған несиелері толық жабылғанша кепілдік бере алмайды. Дегенмен, көлік компанияларының өкілдері өз талаптарынан қайтар емес.

– Біз типтік келісім-шартты жасап, барлық компанияларға таратып бердік, – деп сөзін жалғастырды Қуатжан Жұматаев. – Әр компаниямен жеке жұмыс істедік. Осы тұста айта кетейік, жолаушы тасымалдайтын компаниялар өздерінің көліктерінің құрамын жылына 20%-ға жаңартып отыруы тиіс. Бұл талапты кейбір компаниялар орындамауда.

Жауапты мамандар көлік тасымалдаушыларға жеңілдіктер жасағанын да алға тартады. Мысалы, кешкі уақыттағы көлік қозғалысы жиілігін сақтамаған компанияларға салынатын айыппұл көлемі 30 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін төмендетілген. Бұған қоса көлік компаниялары өздерімен келісім-шарттың 3 жылға түзілгенін азсынған соң оның мерзімі 5 жылға ұзартылған. Ал түрлі тәртіп бұзушылықтар үшін салынатын 5 АЕК айыппұлды тіпті алып тастадық, дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

 

Ұмыт қалған бағыт...

Жоғарыда аталған жиналыста көлік компаниялары қалада жаңадан ашылған №1 бағытқа қатысты да сын айтты. – Ал бұл бағытты кезінде жолаушы тасымалдаушылардың өздері тиімсіз санап, елеусіз қалдырған еді, енді сол бағытты қайта ашқан соң бәріне қажет бола қалды, – дейді бөлім басшысы.

– №1 бағытты Азат шағынауданы тұрғындарының көптеген шағымынан соң қайта аштық, – дейді Қуатжан Жұматаев. – Ондағы халық өздеріне №82 бағыттағы автобуспен қоса Қырғы базарға дейін баратын көлік сұраған. Ондай талап-тілектер әкімдердің есебінде де, қалалық әкімдікке келіп түскен шағым-хаттарда да көтерілген. Сондықтан ол бағытты қайта ашып, жақында конкурсқа қоямыз. Ал бағыттарды көлік компанияларынан «тартып алуға» келсек, барлық даулы бағыттарға байланысты мәселе сотта қаралып, іс біздің бөлімнің пайдасына шешілді. Біз ешқандай бағытты басқа компаниялардың немесе «Green Bus» компаниясының пайдасына деп бөлмейміз. Енді алдағы конкурс наурыз айында электронды түрде өтеді деп күтілуде.

 

Субсидия қажет пе?

Шымкенттегі жолаушыларды тасымалдайтын компаниялар өздерінің азаматтардың кейбір санаттарын тегін тасымалдап жүргендерін айтып, субсидия сұрайды.

– Заң бойынша біз шығынға ұшырайтын көлік компанияларына субсидия беруге тиіспіз. Мұны жоққа шығармаймыз, – дейді Қуатжан Жұматаев. – Бірақ, бұл үшін сол компаниялар өздерінің есеп-қисаптарын бізге көрсетуі тиіс. Яғни, кіріс-шығыстары туралы мәлімет ашық көрсетілуі керек. Ол үшін біз, тіпті, автобустарға электронды билет жүйесін де орнатуды ұсындық. Сонда көлік компанияларының күнделікті қанша табыс тауып немесе шығынға ұшырап жатқаны анық көрінетін. Дегенмен, көлік компанияларының көбісі мұндай есеп бермек түгілі жолаушыларға билет те таратпайды. Ал мұндай жағдайда біздің субсидиялауға заңды негізіміз жоқ.

 

Кәсіпкердің қалтасы ма, халықтың талабы ма?

– Бір қызығы, аталған жиналыста шағымданған компаниялардың басшылары халықтың талап-тілегін әкімшілік кедергі деп есептейді, – дейді Қуатжан Жұматаев. – Ал қоғамдық көлік қозғалысының сапасын жақсартуды талап ету – біздің міндетіміз. Себебі, халық қызмет сапасын бізден талап етеді. Және ол орынды да. Ал көлік компаниялары бұл талаптарды орындауға асығар емес. Олар тек өздерінің пайдасын ғана ойлап қана қоймай, күнделікті сабағы мен жұмысына автобуспен қатынайтын халықпен де санасса дейміз. Ал қоғамдық көлік қызметінің сапасын талап ете бастасақ, мұны жеке кәсіпкерліктің аясын тарылту деп есептейтіндер, өкінішке қарай, табылады. Қызмет сапасы дегеннен шығады, бізге түсетін шағымдардың көбісі осы қоғамдық көлікке байланысты. Сөзім жалаң болмас үшін айта кетер болсам, шаһардағы Шаңырақ шағынауданына қатынайтын №116, Тассай елдімекеніне баратын №44 және 65, Бозарық алабына қатынайтын №71, Хамза шағынауданына қатынайтын №52 және Жаңалатап шағынауданына жүретін №80 және 125 бағыттарға сыйымдылығы тар шағын автобустар қатынайды. Ал тәртіп бойынша ол бағыттардағы көлікті үлкен автобустарға ауыстыру керек. Жергілікті халықтың күнделікті сұрап отырғаны да сол. Мұндай жағдайды басқасы-басқа, Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып саналатын «Санжар Моторс» ЖШС-нің басшысы Елікбай Тоқбергеновтың түсінбегені өкінішті. Ал біз дәл осы «Санжар-Моторст» ЖШС-і өздерінің көліктерін жаңартуды міндетіне алған соң келісім-шартты 10 жылға түздік. Дегенмен, жоғарыда аталған жиналыста компания өкілі бұл туралы тіс жарған жоқ. Бұған қоса сол басқосуда «Санжар Моторс» ЖШС басшысы №78 бағытта ескі автобустар жүреді деп, негізсіз мәлімет берді. Ал ол бағытта шын мәнінде жаңа автобустар қатынайды.

P.S. Жасыратыны жоқ, шаһардағы қоғамдық көлік ең күрделі әрі өзекті мәселенің бірі. Қаланың аумағы кеңіп, жаңадан елдімекендер қосылғаннан кейін бұл мәселе одан да күрделене түсті Ал ірі мегаполистің халқы үшін мұндай проблема болмауы тиіс. Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша қалада орта есеппен 500 мыңға жуық жолаушы қоғамдық көлікті күнделікті пайдаланады. Ал оларға 1700-ге жуық автобус қызмет көрсетеді. Дегенмен, солардың 70%-ның пайдалану мерзімі 7 жылдан асып кеткен. Арасында әбден тозығы жеткен 300-ге жуық автобус та бар. 

Кез келген салада ашық бәсеке болуы – нарық талабы. Сол секілді қоғамдық көлік саласы да бәсекелестік ортаға берілген. Сондықтан бәсекелестік жағдайына төтеп бере алатын көлік компаниялары ғана нарықта өз орнын алады. Ал ең басты міндет – халыққа сапалы қызмет көрсету.

 

DSC 3125Марат МЕДЕУОВ,
«МиР и Со» ЖШС директоры:

 

– Мен 12 жылдан бері «Южавтотранс» қауымдастығының мүшесімін. 1996 жылдан бері осы салада қызмет істеймін. Расын айтқанда, бұл жиынның өтетінінен бейхабар болдық. Әйтпегенде, біз де қатысып, ойымызды айтар едік. Мен Дархан Каюпов мырзаның бұл әрекетін түсінбедім. Олардың айтқан сөздерін интернеттен көрдім. Олар өзі 4-5 адамды ғана жинап мәлімдепті. Бірақ олардың сөздері қауымдастықтың бәрінің сөзі емес қой.
Мен қалалық жұмыс комиссиясының ішінде де бармын. Қай мекеме болса да көлікті жаңалататын сыңай танытса, оған жағдай жасалары анық. Мәселен, 2017 жылдың наурыз айында мен келісім-шартты өзгерттім. Менің жаңа көлік алып келуге ниетім бар деп қалалық әкімдікке арыз жаздым. Маған 10 жылға келісім-шартты ұзартып берді. Мен қазір қаладағы №102 бағытта 5 көлік әкелдім. Бәрі де отандық көліктер. Мүмкіндігінше одан әрі де көліктерімді жаңарта бермекпін. Тағы екеуін алмақшымын.
Қалада 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейміз. Көлік компанияларына ешқандай кедергі жоқ. Біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Жұдырықтай жұмыла білгенде ғана бұл салада даму болары анық.

Последнее изменение Понедельник, 19 Февраль 2018 04:36
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.