Қоғамдық көлiктерде кiмдер тегiн жүредi? Избранное

Среда, 18 Май 2016 05:38 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8781 раз

Мамырдың 1-жұлдызынан бері Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы 70 теңге болды. Бұл өзгерісті қала тұрғындары әртүрлі қабылдауда. Редакцияға хабарласып түрлі сұрақтарын жолдап жатқан оқырмандарымыз да бар. Осыған орай біраз сұрақтарға Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтан нақты жауап алған едік.

IMG 20160513 173108– Жарқын Мұстафинұлы, қоғамдық көліктердегі бүгінгі тарифті түсіндіріп беріңізші.

– Жолақысы 7 жасқа дейінгі балаларға тегін. 7 жастан 15 жасқа дейін 50%, яғни, 35 теңге. 15 жастан жоғары қарай 70 теңгеден. «Южавтотранс» және «ОңтүстікТрансҚұлагер» ассоциацияларымен құрған келісім бойынша автобустарда ҰОС ардагерлері мен мен тыл еңбеккерлері, алтын, күміс алқалы аналар, 1-топтағы зағип жандар мен оны ертіп жүретін бір адам және алғаш рет «Шымкент қаласының Құрметті азаматтары» да тегін жүре алады. Сондай-ақ, студенттік билетінде тиісті мөр қойылған студенттер жолақысына 50 теңге төлейді. Бірақ, осы аталған жеңілдіктердің 13-15 орындық шағын автобустарға (газель) қатысы жоқ.

– Алтын, күміс алқалы аналар тегін жүретіні айтылды. Ал 4-5 баласы бар аналарға жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Жоқ, ондай мүмкіндіктер әзірге қарастырылған жоқ.

– Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматтары тегін жүру жеңілдігін пайдалана ала ма?

– Жоқ. Тек «Шымкент қаласының Құрметті азаматтары» ғана қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Әр әкімдіктің өз жеңілдіктері, жұмыс жүргізу жобалары бар, бұл соның бір көрінісі.

– Жол ақысының қымбаттау себебі не?

– 2015 жылғы теңгенің құнсыздануынан кейін орын алған қымбатшылық қоғамдық көлік компанияларын да айналып өткен жоқ. Біздегі автобустардың қосалқы бөлшектерінің бәрі шетелден келеді. Оған қыс-жаз маусымдарындағы дөңгелек ауыстыру шығынын қосыңыз. Бұдан бөлек, біздің мекеменің талабы бойынша көлік компаниялары автобус сапасын жыл сайын 20%-ға жаңартып отыруы тиіс. Қоғамдық көліктердің жүру бағыттары ғана мемлекет меншігінде. Ал жолаушыларды тасымалдау қызметін мемлекеттік тапсырыс арқылы ұтып алған көлік компаниялары жүргізеді.

– Жол бойындағы «секундомерлер» қай жақтың «қызметкерлері»?

– «Секундомер» деген заңсыз әрекетке барып жүргендер. Барынша бұған тиым салып жатырмыз. Алайда, біз тексере бастағаннан-ақ бір-біріне хабарласып, тап-тұйнақтай бола қалады. Сол «мамандар» түрлі бағытта қозғалатын маршруттардың уақытын есептеп, бірінің қашан кеткенін екіншісіне хабарлап тұрады. Нәтижесінде ішіне адамды толтырып алған қоғамдық көліктер арасында жарыс басталады. Бұдан кейін тәртіп бұзылады, жолаушылардан шағым түсе бастайды. Көбіне, қала тұрғындары «секундомерге» үйренген. Кез келген жолаушы дәлелді, дәйекті түрде шағым жасаса, алдағы уақытта қала көшелерін «секундомерлерден» тазарта аламыз.

– «Көлік сапасы талапқа сай емес» деген шағымдарды да жиі естиміз...

– Иә, айтылады. Бірақ, әзірге «мына автобустың сапасы төмен, мына жері нашар» деп суретке немесе бейнетаспаға түсіріп әкеліп, арыз жазған бірде бір жолаушы жоқ. Біз құжаттармен жұмыс жасайтын маманбыз. Сондықтан әрқашан дәлел керек-ақ. Мәселен, күнде таңертең автобус техбайқаудан, жүргізуші медициналық тексеруден (алькоголдік ішкені, жүрек, қан қысымы т.б.) өтеді. Автобустан түтін шығуының белгілі бір өлшемі бар. Егер одан асып, жолаушылардың мазасын алған жағдайда жергілікті полицияға хабарласуына болады. Бұл мәселе сонда қаралады.

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.