Әкенің жақындығы... жездедей емес! Избранное

Среда, 03 Апрель 2019 04:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3424 раз

Алматы қаласында жуырда «Гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ерлердің рөлі» семинар-тренингі өтті.

011

«Шығармашыл бастамашы әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігі (әрі қарай – Бірлестік) ұйымдастырған тренингке Қазақстанның әкелер одағының өкілдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, ШҚО облыстарының белсенді әкелері (арасында осы жолдардың авторы да бар) және жергілікті әкімдіктер жанындағы отбасы және гендерлік саясат комиссияларының хатшылары қатысты.

Гендерлік теңдік

Алдымен бірлестік төрайымы, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әсия Хайруллина семинардың маңызына тоқталды. Одан кейін гендерлік экономика жөніндегі тәуелсіз сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Әлия Илясова алып, еліміздегі гендердік саясаттың жүзеге асырылуы жайлы сөз қозғады.

Әлия Қадырқызының айтуынша, бұл тұрғыда біраз ілгерілеу бар. Бұрынғымен салыстырғанда көрсеткіш жақсарған. Дегенмен, әлі де болса атқарылар жұмыс жетерлік. Соның бірі – ерлер мен әйелдердің қызмет бабындағы теңдігі, жалақыларының тең болуы. Себебі, елімізде еңбек ететін әйелдер ерлерге қарағанда еңбекақыны 20% аз алады.

Спикер бұған қоса әйелдер мен ерлердің отбасындағы жағдайына тоқталды. Үйдің жұмысын былай қойғанда бала тәрбиесі әлі де болса толықтай дерлік әйелдің мойнында, дейді Әлия Қадырқызы. Бұл тренинг те осы тақырыпқа, әкенің рөлін көтеруге арналып отыр.

017

Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі

Семинар-тренинг дегенде көз алдыңызға іш пыстырарлық, ұзын-сонар жиналыс елестеді ме? Жоқ, бірден айтайық, бұл тренинг ерекше әрі қызықты өтті. Оның негізгі себебі қатысушылардың барлығы әкелер болатын.

Осынау өзекті мәселеге ешкім бей-жай қарай алмайды. Ұрпақ тәрбиелеудегі әкенің маңызын барлығы да жақсы түсінеді. Осы мақсатта әркім өзінің шама-шарқынша үлес қосуда.

Мысалы, елордалық Қуаныш Жұматаев – «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкелер одағын құрып, алдымен өз қаласында қоғамдық іс-шараларға қатысқан ол кейінірек еліміздің әр өңірінен әкелер одағының құрылуына атсалысып, өңірлік әріптестерімен байланыста.

Қуаныш Жетпісбайұлының айтуынша, қазіргі таңда «Әке» ұғымының аясы әлдеқайда кеңейген. Бұрынғы отбасын асыраушы, қорғаушы болумен қатар заман ағымы енді әкелерден бала тәрбиесіне де белсене араласуды талап етеді.

Қуаныш Жұматаевтың сөзінің жаны бар. Бірқатар зерттеулер көрсеткендей, өз балаларымен жақын қарым-қатынаста болып, күнделікті тәрбиесіне араласатын әкелер өз перзентімен салқын байланыстағы әкелерге қарағанда ұзақ өмір сүреді, психо-физиологиялық тұрғыдан денсаулығы жақсы болып, зиянды әрекеттерге азырақ бой алдырады.

Жұмысында өзін жақсы сезінеді. Тиісінше, әкесі – балаларына, ал балалары әкеге жағымды әсер етеді. Мұндайға қай ана қуанбасын? Осылайша отбасылық күйбеңнен бір сәт босаған әйелдердің де өзін-өзі дамытуына мүмкіндік туады.

Ал бұл тұста аналарымыз айтып жүрген гендерлік теңдіктің де ауылы алыс емес болса керек.

Әкелердің әкесі қандай болған?

Әрине, осы тұста бұрынғы әкелер өз жауапкершілігіне салғырт қараған деген ой мүлде болмауы тиіс. Қазақ халқында әкенің алар өз орны болған. Аға буын әкелер ұрпақ тәрбиесіне баса мән берген.

Қыз баласына қырық үйден тыйым салып, ұлына көп нәрсені қас-қабағымен ұқтырған. Тәрбиені негізінен сөзбен емес, өзінің үлгісімен көрсеткен.

Өзіміз туралы айта келе семинарға қатысып отырған әкелердің барлығы дерлік осы тәрбиемен өскенімізді білдік. Ендеше, бүгінде өзіміз бала тәрбиесі туралы ой бөлісіп, жанашырлық танытып отырсақ, қоғамдық жұмысқа белсене қатысып отырсақ, әкеміздің бізге дұрыс өнеге бергені емес пе?

Осы күнгі болмысымыз ата-ана еңбегінің жемісі деуге әбден лайық. Енді біз алған тәрбиені дамытып, заман ағымынан кеш қалмауымыз керек.

Ұлттық тәрбие, этнопедагогика

Қазақ қоғамындағы әке тәрбиесінің ең маңызды тұсы – ұрпақ тектілігі, ұрпақ сабақтастығы. Бұл мәселеге Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да баса назар аударылған.

– Мысалы, Елбасы айтқан қазақтың ұлттық кодының негізгі құрамдас бөлігінің бірі – қан тазалығы. Ал қан тазалығы жеті атадан асырып барып отбасын құрудан басталады, - дейді Түркістан облыстық делегациясының мүшесі Қыстау Илесов ағамыз.

– Ал ол жеті атаны ұрпаққа кім үйретеді? Әрине – әкесі, атасы. Міне, ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлінің ең маңызды тұсы осы. Әке деген перзентіне, әсіресе, ұлдарына осы мәселені жете үйретуі тиіс.

Қыстау ақсақалдың айтуынша, әкелер әрдайым қоғамдық өмірде белсенді болуы керек. Ағамыз мысал ретінде өзі туып-өскен Шардара ауданындағы қоғамдық кеңесінің жұмысын келтірді.

Әріптесінің сөзіне Жолдасбек Тұрманбетов ақсақал да қосылады. Арыс аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ұрпақ тәрбиесінде ұлттық маңыз болып, этнопедагогика негізге алынуы тиіс дейді.

– Мен жастайымнан атам мен әжемнің қолында өстім, - деді Жолдасбек ақсақал семинарда жасаған баяндамасында. – Атам «Балам, аталарыңның жанынан ұзама, солардың қасында жүрсең, құйма-құлақ боласың» деп, ауыл ақсақалдарының қасына жіберетін.

Ал қазақта «Он шалдың ортасында жүрген бала дана болады, он баланың ортасында жүрген шал бала болады» деген сөз бар. Әжем де жанынан тастамай, жиын-тойға алып баратын. Сол жерде отырып, аталарымның жыр-дастандарын, аңыз-әңгімелерін тыңдап өстім.

Үйге қонаққа келген аталардың қолдарына су құйып, олар ішке кіргенде кебіс-мәсісін сүртіп, жинап қояр едім. Сыртқа шыққанда әрқайсысына өз кебісін ұсынып, аталарымның баталарын алып өстім.

Мұны айтып отырған себебім, бала тәрбиесіне ата-әжесі де атсалысуы тиіс. Немересін ұлттық тәрбие құндылықтарымен өсіруі керек, - деді ардагер.

Мен не түйдім?

Осылайша әрқайсымыз өз тәжірибемізбен бөлісіп, семинар ортақ ойлы азаматтардың тәжірибе алмасу алаңына айналды. Шынын айтқанда, қалам тербеуге жақсы тақырып табылды деп барған осы жолдардың авторы да қалған әкелерді тыңдап отырып, қызығушылығым артып, реті келгенде өз білгеніммен бөлістім. «Ерекше» қыздың әкесі ретінде түйгенімді айттым.

Қазіргі заманның байланыс құралы ретіндегі WhatsApp желісіндегі «ерекше» балалардың ата-аналарының ортақ тобында бармын.

Сонда байқағаным, бүгінде аналар түрлі дертке шалдыққан балаларға әкелерінің де қамқорлық жасауына таң қалатындай жағдайға жеткен.

Әрине, мұндай жағдай күнделікті байқала бермес, бірақ, өкінішке қарай, баласы сал дертіне шалдыққан әкелердің отбасын тастап кетіп жатқаны, тұрмыстың қиындығына шыдамай, жанұясынан безінген әкелер туралы жиі естіп жүрміз.

Осындай сәтте сал дертіне шалдыққан ұлын емдеудің бар қиындығын бірге көтерісіп, жұбайына қолдау көрсетіп жүрген елордалық Вячеслав Попов есімді әкенің азаматтағы үлгі аларлықтай.

Үйінде қалғанда ұл-қызымен белгілі бір уақытта бірге планшетпен ойнап, арасында ойынға айналдырып, емдік жаттығу жасап отыратын Вячеславпен бұл тұрғыда екеуіміздің принципіміз ұқсас болып шыққаны маған жігер берді.

Көрген-білгенімді баяндап болған соң қасыма келіп, «Одно дело делаем, молодец!» деп, қолымды қысқаны шабытыма шабыт қосты. Бір таңырқарлығы, біз жалғыз болмай шықтық.

Астаналық тағы бір әріптесіміздің қызына да осы диагноз қойылып, емделіп шыққан екен. Үшеуміз лезде бас қосып, ортақ мәселе жөнінде білгенімізбен бөлісе кеттік.

... Осылайша бір күндік семинар-тренингтің қалай өткенін байқамай да қалдық. Бір анығы – бір ортаға бас қосқан барлығымыздың мақсатымыз бір – перзентіміздің бақытты болашағы. Ал сол жолда әкесі мен анасының еңбегі тең болуы тиіс!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.