«АТАМЕКЕН» – кәсіпке бастайтын қолдау орталығы Избранное

Пятница, 26 Июль 2019 03:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3514 раз

Өз ісіңізді ашып, кәсіпкер болғыңыз келе ме? Енді бизнес-идеяңызды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бұған қоса «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы 505 мың теңге қайтарымсыз грант алып, 19 273 теңге шәкіртақы да алуға болады.

DSC 0290

Мегаполис тұрғындары үшін жақсы мүмкіндік туып отыр. Кәсібін бастағысы келетін тұрғындар үшін ақпарат мен кеңес алу бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Шымкент қаласында халықтың жұмыспен қамтылуына көмектесу мақсатында «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамту мобильді орталығы іске қосылды.

Арбат демалыс аймағының маңындағы орталықтың ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қатысты.

– ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халықпен кері байланыста болу тапсырмасына орай мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында қала әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге осы мобильді орталықтарды ашып отыр.

Мұндай орталықтар қаладағы 4 аудан әкімдігінде және халыққа қызмет көрсету орталықтарында да жұмыс істейді, - деді Г.Құрманбекова.

Орталықтар блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылмақ. Осылайша әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың барлығын оқытып, жұмыспен қамту көзделуде.

Ол үшін қай ауданда қанша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы деген сұрақтарға жауап беретін қалалық әлеуметтік карта жасалады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев мәлімдеді.

– Тұрғындарға бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау – басты мақсатымыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге базалар интеграциясын қолға алдық. Жұмыссыз жүрген азаматтардың ішінде кәсіпкерлікке бейімділері болса, ол азаматқа мүмкіндік көп.

Осы уақытқа дейін қала бойынша 2000-ға жуық тұрғын қысқа мерзімдік курста оқыды. Микроқаржы ұйымынан 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр, - деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Мұндай мобильді орталықтардың бір ерекшелігі, енді бизнес-менеджермен қоса жеке тұлғаны дамыту кеңесшілері де отырады. Олар әр адамның қандай жұмысқа бейімі бар екенін анықтап, бағыт-бағдар береді.

Менеджер-консультанттар өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу, жаңа мамандық игеру, «Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобаларына қатысу бойынша кеңестер береді. Қазіргі таңда Шымкентте 2 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді оқу курстарына жазылуға болады, тыңдаушыларға шәкіртақы және ары қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.

74575

Ересек тұрғындармен қоса 18-29 жас аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар да кәсіпкерлік курсына жазыла алады (19 273 теңге шәкіртақысымен). Ал «Бастау» жобасы арқылы тұрғындар бір айдың ішінде бизнес жүргізудің негізгі дағдыларын үйренеді, микронесие алуға, кәсіп ашып, немесе қолдағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, «Атамекен» қолдау орталықтары» пилоттық режимде Нұр-Сұлтан (8 орталық), Алматы (12) және Шымкент қаласында (10) іске қосылуда.
Жалпы, «Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысуға биыл Шымкент қаласында 30 мыңнан астам азамат өтінім берген.

Бүгінгі таңда 13 мыңнан астам азамат бағдарламаға қатысып, 6 мыңнан астамына тұрақты жұмыс орындарына жолдама берілді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.