Жұмысшының құқығын қорғау – заңды қорғау

Пятница, 26 Июль 2019 03:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 273 раз

Шымкентте бірнеше жылдан бері жалақы қарыздарын өтемей келген 4 кәсіпорын 23 жұмысшыға 16,7 млн теңге көлеміндегі жалақыны толығымен өтеді. Бұл туралы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді.

DSC 3522

Шымкент қаласы мегаполис мәртебесін алғаннан кейін құрылған Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына 18 шілдеде 1 жыл толды. Әділет органында тіркеліп, өз қызметін бастаған ұжым қаланың кәсіпорындары мен мекемелерінде ҚР еңбек заңнамасының сақталуын бақылап, оның тиімділігін арттыруға күш салуда.

Еңбек зая кетпесін десеңіз...

Бас инспектордың айтуынша, еңбек шартының заңсыз бұзылуы анықталып, 3 азамат өз лауазымына қайта орналасқан. 2019 жылдың 6 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары Шымкент қаласында 152 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 131 заң бұзушылықты анықтады.

Басқарма тарапынан анықталған заң бұзушылықтардың негізінде еңбек инспекторлары 68 нұсқама беріп, 5,4 млн теңгені құрайтын 40 айыппұл салған. Қазір айыппұлды мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушылар тиісті жұмыстарды жалғастыруда. Сондай-ақ, 110 жұмысшының жалақы қарыздары мен жыл сайын төленуі тиіс ақылы еңбек демалыс күндері үшін 10,2 млн теңге өтемақы өндірілген.

– Кез келген азамат жұмысқа орналаспас бұрын сол мекемемен еңбек келісім-шартын жасап алуы тиіс. Келісім-шарт жасалмаған жағдайда жұмысшы ақылы еңбек демалысына шыға алмауы немесе басқа да тиісті төлемдерден қағылуы, тіпті еңбекақысын ала алмай қалуы мүмкін.

Кейде ұжымда 2-3 ай жұмыс істегенін дәлелдей алмайтын жағдайлар болады. Түрлі бөлімдерде жұмыс істейтін әріптестері «танымаймыз» деуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда еңбек келісім-шарты ғана көмектеседі, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл тұрғыда түрлі ұжымдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, оқу бітірген және студент жастармен осы тақырыпта жиі кездесу ұйымдастырылады. Көп жағдайда оқуды енді ғана бітірген жастар жұмысқа орналасу кезінде түрлі заңсыздықтармен кездесетінін ескерсек, түсіндіру жұмыстарын кеңірек насихаттау БАҚ өкілдері үшін де маңызы зор тақырып.

Өндірістік жарақат дегеніміз не?

Бас инспектор «тұрмыстық жарақат» пен «өндірістік жарақат» дегеннің екеуі екі басқа екенін түсіндірді.

– Осының ара-жігін ажырата білу қажет. «Өндірістік жарақат» дегенді көбіне станокта, құрал-саймандарды пайдалану барысында алған жарақат деп түсінеді. Олай емес. Қызметтік өкілеттіліктерді жүзеге асыру барысында алған жарақаттар ол тек зауыт-фабрикада емес, гуманитарлық салада болуы әбден мүмкін.

Мәселен, мектеп мұғалімі жұмыста жүріп, баспалдақтан құлап, басын жарып алса, ол да «өндірістік жарақат» болып саналады, – дейді Б.Қалжанов.

Дегенмен, жұмыс уақыты болғанымен 5-10 минут, тіпті 1 сағатқа жеке шаруасымен сұранып шығып кеткенде алған жарақат «тұрмыстық» деп танылады. Басқарма басшысының айтуынша, жұмыс уақыты болғанымен жеке жұмыстарымен жүргенде жарақат алып, дәрігер қызметіне жүгінгендердің жұмыс орнын сұрайды.

e87215e1f1e0d599181a4dd00f74acbc

Содан құжатқа жұмыс уақытында болғаны көрсетіледі. Мұндай дерек тіркелген жағдайда тиісті тергеу-тексеру амалдары жүргізіледі. Алайда, «өндірістік» деп танылған жарақат көбіне «тұрмыстық» болып шығады.

– Өндірістік жарақатты болдырмау үшін жұмыс берушінің де, жұмысшылардың да міндеттемелері бар. Негізінен жұмыс берушіге көп жүктелген, ол жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Жұмыс беруші жұмысшыларды арнайы киімдермен, қорғану құралдарымен қамтамасыз етуі және адам денсаулығына қауіпті компоненттердің шықпауына жағдай жасауы керек.

Ал жұмысшылар ескертілген қауіпсіздік шараларын ұстануға міндеттеледі. Қауіпсіздік шараларымен таныса тұра оны сақтамаса және өндірістік жарақат алса, тергеу-тексеру амалдарының нәтижесіне қарай 50-70%-ға дейін жұмысшының өзі кінәлі деген шешімдер шығуы мүмкін, – деп түсіндірді Бауыржан Ахметәліұлы.

Шымкент қаласында 2019 жылдың 6 айында 23 жазатайым оқиға болып, соның салдарынан 24 адам зардап шеккен. ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №790 Қаулысына сәйкес жергілікті басқарма өндірістік жарақаттану деңгейін мейлінше болдырмауды мақсат етіп, осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жандандыра түскен.

89,5%-ы білікті мамандар

Елбасы Н.Назарбаев қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын 1,5 есеге арттыруға тапсырма берген-ді. Бұл тапсырманы орындау барысында жергілікті ірі, шағын және орта 261 кәсіпорында еңбек ететін 16 722 азаматтың жалақысы орташа есеппен 22%-ға өскен.

Мониторинг жүргізу жалғасуда. Сонымен қатар, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің жалақысын 1 маусымынан бастап көтеру жоспары да сәтті орындалды.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласына шетелден жұмыс күшін тарту үшін биыл 2 145 адамға квота бөлінген.

Қазір 39 кәсіпорын мен ұйымда 557 шетел азаматы, 18 991 отандасымыз жұмыс істеуде. Яғни, жұмысшылардың 97,1%-ын жергілікті халық құрайды. Ал 557 шетелдік жұмысшының 89,5%-ы – білікті мамандар.

Басқарма тарапынан көрсетілетін қызметтің бір түрі – этникалық қазақтардың проблемалық мәселелерін шешу. Қазір ҚР Азаматтығын алып үлгермеген 260 қандасымыздың «оралман» мәртебесі 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.