КЕҢЕС ЖАҢА ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІМЕН ТОЛЫҒА МА? Избранное

Среда, 28 Август 2019 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 307 раз

Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов Қоғамдық кеңес мүшелерімен танысты. Қала басшысы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, оны билікке жеткізетін кеңес мүшелерінен ұсыныс күтетінін айтты.

DSC 9123

– Қаладағы өзекті мәселелерді әріптестерімнен, басқарма басшыларынан ғана емес, осы кеңес мүшелерінен де тыңдауға дайынмын. Алдымызда жылу беру маусымы келе жатыр. Сіздерден осы және қала тазалығы, көгалдандыру жұмыстары, елдімекендердегі ауызсу мәселесі, инфрақұрылымға қатысты, басқа да қала тұрғындарының мәселесін шешу туралы ұсыныстар күтемін. Сондай-ақ, тек халықтың ұсынысын жеткізумен шектелмей, әкімдікпен арадағы алтын көпірге айналады деп сенемін. Біз бен сіздің арамызда ашық диалог қалыптасуы қажет, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Жиында сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Пернешқызы 2019 жылдың жазында іргелі оқу орнына 10 000 талапкер құжат тапсырғанын айтты. Университет 2019-2020 жаңа оқу жылында 30 000 студентке білім бермек. Осы тұрғыда Д.Қожамжарова Шымкент қаласын студент жастардың Hub орталығына айналдыру мақсатында жатақхана мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.

Шымкент қаласы бойынша «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрағасы Жұмағали Білісбеков Қоғамдық кеңес мүшелерінің санын арттыру туралы ұсынысын айтты.
–Алматы, Нұрсұлтан қалаларында Қоғамдық кеңес мүшелігінде 35 белсенді бар. Бүгінде Шымкент қаласы да республикалық маңызы бар қаланың бірі. Сондықтан,

Қоғамдық кеңес мүшелерін қайта қарауды сұраймын. Кеңес отырысына үш рет қатыспаған азаматтарды мүшеліктен шығарып, орнына басқа адамды қосуды құптаймын. Себебі, біз «Қоғамдық кеңес мүшесі» деген куәлікті арқалап жүрумен шектелмей, өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезінуіміз қажет, – деді Ж.Білісбеков.

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Н.Бұхарбаев бұл ұсынысты алдағы уақытта қаралатынын айтты. Жиында қаланың спорт саласын дамыту жайы, мәдениет саласындағы, ауылшаруашылығы және ветеринарияға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. 

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.