ТАРАЗ ТРАГЕДИЯСЫНАН НЕ ТҮЙДІК?

Среда, 27 Ноябрь 2019 03:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2717 раз

Қараша айының ортасында Таразда болған жаға ұстатарлық жағдай бүкіл елді дүр сілкіндірді. Жетінші сынып оқушысына жасалған айуандық әрекет көпшіліктің наразылығын туғызды. Әжетханадағы зорлықтың соңы даулы мәселеге айналды.

63

Тәртіп сақшылары педофилді бірнеше сағаттың ішінде ұстады. Қылмысты жасағанға дейін ол мектепті төңіректеп жүріпті. Азғынның мектеп ауласында емін-еркін жүруі, қауіпсіздік шараларының сақталмағаны ата-аналардың ашу-ызасын туғызды. Айтуға адамның аузы бармайтын жағдайдан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордасындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Оқыс оқиға оқушылардың сабақ кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі білім және құқық қорғау салаларының кемшіліктерін айқындап берді. Осы жағдайдан соң шымкенттік ата-аналар білім ошағындағы қауіпсіздіктің күшейтілуін қалайды. Тіпті, барлық мектептерге «арнайы күзет бөлінсін» дейді.

Түрін жаттап үлгермейді

Үшінші мегаполисте 133 орта, 5 мамандандырылған мектеп бар. Қалалық білім басқармасының бас маманы Ұлжалғас Сәуірбаеваның айтуынша, олардың барлығына полиция қызметкері бекітілген.
– Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың жұмысы таңғы сағат 8-де басталады, - дейді ол. – Олар күніне үш мезгіл мектеп жанында орналасқан жолаушылар өткеліндегі жағдайды бақылайды. Ал түскі үзіліс уақыты – екі сағат. Қалған уақытта тәртіпті бақылайды.

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері жуырда Премьер-министр Асқар Маминнің атына хат жолдады. Депутаттар білім беру ұйымдарындағы балалар өмірі мен қауіпсіздігі үшін сонда жұмыс істейтін қызметкерлер, оның ішінде мектеп инспекторлары да жауапты екенін атап өтті. Алайда, Тараздағы атышулы қылмыс кезінде инспектор орнында болмаған. Жергілікті білім басқармасы «мектеп инспекторлары бізге бағынышты емес, сондықтан олардың жұмысын қадағалай алмаймыз» деп мәлімдеді.

«Мұндай жағдай жиі кездеседі. Инспекторлардың жұмысы бітпейді, әйтеуір. Біресе онда, біресе мұнда. Оның үстіне ауысуы да тез. Балалар да, мұғалімдер де түрін жаттап үлгермейді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері қазіргі кезде 2000 мектепте инспектор жоғын айтып отыр», – делінген хатта.

Білім ошақтарын бейнекамералармен жабдықтау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қалалық білім басқармасының маманы Ерлан Пірімқұлов Шымкент мектептерінің сыныптарына 5203 камера орнату қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдарда сыртқа - 770, ішке 197 камера орнату керек.

Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназияның шаруашылық меңгерушісі Нұрлан Бекболатов бейнекамерадағы жазбаның архив қоры жоқ екенін мәселе етіп көтерді.

– Мұндай бейнежазба бұрын 15 күн сақталса, қазір 45 күннен кейін өшіріледі. Біздің мектепте 360 градус аумақты түсіретін бір, ғимарат ішінде 4 камера орнатылған. Бақылау пульті немесе монитор директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының бөлмесінде. Монитордың алдында тапжылмай бақылап отырған ешкім жоқ.

Мектеп инспекторы немесе директордың орынбасары анда-санда көз салып қояды. Бүкіл аумақты қамту үшін бұдан да көп камера керек. Келушілердің аты-жөні вахталық журналға тіркеледі. Алайда, әрқайсысынан төлқұжатын көрсетуді талап ете алмаймыз. Мектеп – ашық мекеме. Кейбір ата-аналар баласын сынып бөлмесіне дейін апарғысы келеді. Оларға тыйым салуға құқығымыз жоқ, - дейді маман.

13 мектеп ғимаратында әжетхана жоқ

Биыл Шымкенттегі 7 мектептің әжетханасы жөнделді. 133 орта мектептің 13-інің ғимаратының ішінде әжетхана жоқ. Сондықтан ондағы оқушылар далаға шығуға мәжбүр.
Парламентшілер өткір мәселені Мәжілістің пленарлық отырысында қозғады. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Ирина Ұнжақова қалыптасқан жағдайға алаңдаулы.

«Тараздағы азғындық ісінен кейін қоғам біраз есеңгіреп қалды. Педофил 12 жастағы қызды адам жоқ жерде, қараңғы мезгілде емес, мектептің территориясында күндіз зорлаған. Онда да ауладағы әжетхана ішінде. Ата-аналар шу көтергеннен кейін облыстық білім басқармасы дереу арада мектеп директорын, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын, баланы сабақ кезінде далаға жіберген мұғалім мен вахтерды жұмыстан босатты. Қорғансыз балалар мәселесі білім ұясының аумағында педофилдің сайран салып жүруіне жол берген ұйым өкілдерінің салғырттығы себеп.

Әжетханасы аулада орналасқан еліміздегі 2300 мектептің оқушылары да осындай қауіпті жағдайға кезігуі әбден мүмкін. Тараз трагедиясы мектептерді бейнебақылаумен қамту жүйесінің тиімсіздігін көрсетті. Ресми жаңалықтарда айтылғандай, мониторда бейтаныс адамның мектептің айналасын бір сағаттай торуылдап жүргені анық байқалған. Оған тіпті ешкім назар аудармаған», - дейді мәжілісмендер.

Қазір Парламентте қылмыстық кодекс қайта қаралуда. Ана мен балаға зәбір көрсеткендерге қатысты жаза қатаңдатылмақ. Әсіресе балаға зорлық көрсеткендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру және қылмыскерге кешірім бермес үшін «өзара келісімге келуге болмайды» деген бапты енгізу көзделіп отыр. Дегенмен, отбасы–мектеп–ата-ана үштігі аясындағы бала қауіпсіздігі мәселесін реттеу күн тәртібінде тұр.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.