Жәндікті улаймын деп өздері уланады

Пятница, 28 Февраль 2020 03:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 128 раз

Соңғы кездері жәндіктерді улайтын химиялық препараттардан адамдардың зардап шегуі көбейіп кетті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің орынбасары «Санитарлық-профилактикалық шаралар өткізу туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға тұрғындарға қауіптілігі 1,2,3 класты дезинсекциялық және дератизациялық құралдарды сатуға тыйым салынғаны жөнінде айтылған.

54 1500

Шымкент қаласында да кеміргіштер мен жәндіктерге қарсы жүргізген химиялық өңдеу жұмыстары кезінде қаншама көпқабатты үй тұрғындары уланып қалды, тіпті соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалар болған. Мәселен, 13 ақпанда қалалық гипербариялық оттектендіру орталығына 2 баланы анасы ауыр халде ауруханаға жеткізген. Оларға «анықталмаған заттардың ауыр сатыдағы токсикалық әсер етуі. ІІ-ІІІ сатыдағы экзотоксикалық шок» диагнозы қойылды.

Эпидемиологиялық тексеру барысында 11 ақпанда бір қабат төменгі пәтерде қандала мен тарақандарға қарсы екі түрлі әдіспен (сұйықтықты шашу мен газды түтіндету) өңдеу жұмыстарының жүргізілгені анықталды. Жәндіктерді улау үшін қызмет көрсеткен адам рұқсаты мен білімі жоқ жеке тұлға болған.

Ал препараттың қолдануға қатысты нұсқаулығы да нақты аты да жоқ, әлгі адам оны қаладағы базарлардың бірінен полиэтилен пакетінде сатып алған. Жалпы атауы тек пакеттің сыртына маркермен жазылыпты. Препараттың тиісті мөлшерлемесін интернеттен көшіріп алған нұсқаулыққа қарап анықтай салған.

Осыған байланысты «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі 21-бабы 13-тармағының 4-тармақшасы негізінде Шымкент қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің «дезинфекциялық, дезинсекциялық, дератизациялық құралдарды сатуға тыйым салу және эпидемияға қарсы күрес шараларын күшейту» туралы қаулысы шықты. Бұл ереже жоғарыда аталған химиялық препараттарды қаптамасыз, атаусыз, нұсқаулығынсыз, этикеткадағы пайдалану мерзімінсіз және тіркеу куәлігінсіз саудалауға тыйым салады.

Сондай-ақ қаулыда құрамына аумақтық ветеринарлық инспекция, жергілікті атқарушы орган, аудандық әкімдік, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармалары мен құқық қорғау органдары кіретін бақылаушы топ құру қарастырылған. Аталмыш жұмысшы тобы қаладағы сауда нүктелеріндегі химиялық залалсыздандыру құралдарын анықтап, сатылуын реттеумен айналысатын болады. Сонымен қатар қалалық тұрғын үй инспекциясымен бірге үй басқарушы комитеттер арасында үйлердің жертөлесі мен басқа да жалпы қолданыстағы жерлерді дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизация жасауға кәсіби мамандарды тарту және химиялық өңдеу жөнінде тұрғындарды алдын ала хабардар ету туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге міндеттеледі.

Бұдан бөлек Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, барлық бизнес өкілдері, оның ішінде, залалсыздандырумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ химиялық препараттар сататын саудагерлер арасында насихат жұмыстарын қолға алу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қаланың санитарлық дәрігерлері тарапынан жәндіктерді улайтын және мұндай дәрілік құралдар сататын азаматтарға арнап оқу семинарлары ұйымдастырылуда.