Пайданы емес, бірінші халықтың денсаулығын ойлайық

Среда, 08 Апрель 2020 05:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2117 раз

59a3d2f7c40432e53cd94dc6b19e7c4c XL

Коронавирус індетінің таралуын тежеу мақсатында әкімдік тарапынан қолма-қол ақшамен есеп айырысуды жеке кәсіпкерлік нысандарында, сауда ұйымдарында тоқтату, карточкалық жүйеге көшіру туралы шешім қабылданғаны белгілі. Осыған орай біз бірнеше дүкен иелерімен тілдесіп, жаңа талаптардың қаншалықты орындалып жатқанын біліп қайттық.

Қаладағы «Тимур» шағын маркетінің иесі Бауыржан Үсенов қолма-қол ақшамен есеп айырысады. Ереженің шыққанын білмейтінін, енді естіп тұрғанын жасырмады. Карточка қабылдайтын құралы да жоқ екен. Өзінің айтуынша, карточка жүйесімен төлем қабылдау тиімсіз. Өйткені әр төлемнен 2,5 пайыз алым ұстап қалады.
— Мен секілді шағын дүкені бар кәсіпкерлер қалада көп. Бірақ олардың барлығы құрылғы арқылы сауда жасайды деп айта алмаймын. Себебі, әр затқа осы жүйені пайдаланғаның үшін пайыздық үстемеақысы бар. Мәселен, бір күндік саудадан түскен пайданың карточкадан ұсталатын алымын есептегенде әжептеуір ақша болады. Ал мен сатушыға бір, карточка салығына бір шығындалғым келмейді. POS-терминал операциясын жүргізудің тірлігі көп. Оның өзіне бір есепші ұстау керек. Содан соң карточкадан алынған ақшаны алу үшін банкке барасың. Қазіргі төтенше жағдайда банкке кіру де қиын. Кезек күтесің. Сондықтан бұл жағдайда кәсіпкер бірінші уақытынан, екінші қаржысынан ұтылады. Мен қазір тауар бағасына 20 пайыз үстеме қосам. Егер мәжбүрлі түрде онлайн саудаға көшсем менен алатын пайызына бола мен де амал жоқ тауар бағасын өсіруіме тура келеді. Төтенше жағдайға байланысты ырықсыз карточка төлемін жүргізуге заң арқылы міндеттелсек, әрине, заңға бағынамыз да, – деді кәсіпкер.
«Қуаныш» шағын азық-түлік дүкенінің сатушысы да осы тақілеттес пікір айтты. Өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ол дәл қазіргі жағдайда шағын кәсіпкерлерді жазаға тартса да саудасын толықтай карточкалық жүйеге ауыстыра алмайтынын жеткізді.
—Менің POS-терминалым бар. Бірақ интернет баяу болғандықтан жөнді істемей жатыр. Сондықтан қолма-қол немесе «Каспий голд» төлемі арқылы ақша қабылдаудамыз. Жеке дүкен иелерін карточкалық құрылғылармен төлем жүргізуді міндеттеуден бұрын алдымен тауар әкелетін фирмалардың онлайн саудаға көшуін талап ету керек. Олар мәселен, тауар әкелсе, сіз карточкамен қабылдай қойдыңыз дейік. Сонда фирма өкілдіктерімен қалай есеп айырысасыз? Банкке барып ақшаны әкелем дегенше, мына жақта олар сізді сарыла күтіп отырмайды ғой. Міне, сол үшін қолма-қол ақшасыз операцияны бірінші кезекте тауар таситын фирмаларға міндеттеу қажет. Интернет те қазір өте баяу. Соның кесірінен дүкен тұрмақ жұрт банкоматтардан ақшаларын шешіп ала алмай жатыр. Иә, ең алдымен инфрақұрылым мәселесіне, талаптардың орындалуына жайлы жағдай қалыптастырып берсе игі бола еді, – деді ол.
Интернет демекші, расында да оның баяулығы қаладағы банк өкілдіктерінің алдында жиналған қарақұрым халықтан-ақ байқалады. Мәселен Рысқұлов көшесі бойындағы Каспий банк пен Халық банкінің алдында адамдардың кезек күтіп тұрғанын көрдік. Маржан есімді қыз Каспий банк қызметін пайдалану үшін таңертеңгі оннан бері екі сағат бойы кезек күтіп тұрғанын айтады.
—Алдымда әлі қаншама адам бар. Кезегімнің қашан келетінін білмеймін. Қазір банк клиенттерді қабылдамай жатыр, мамандары операциялық база істемей қалды деп жатыр. Алайда қолма-қол төлем жүргізуді тоқтату туралы шешімді естіген жоқпын. Ондай хабарды білмеймін деп ағынан жарылды ол.
«Карточкаға ақша салуға ғана болады екен. Қалған қызметтерді көрсетіп жатқан жоқ. Айтуларынша база істемей тұр» дейді Халық банкінен қайтып келе жатқан бір келіншек бізбен тілдесу барысында.
Бірақ тұрғындар бір нәрені түсінуі керек. Бұл қатаң шаралар коронавирус індетінің таралу қаупін азайту мақсатында жасалып отыр. Өйткені көзге көрінбейтін вирус ақша арқылы да адамға жұғуы мүмкін. Вирустың бір жаманы заттардың бетінде бірнеше уақыт бойы сақталып тұра береді. Тіпті індеттің осы таралу көзін жою үшін Қытайдың Ухань қаласы мен Хубей провинциясында айналымда жүрген ақшалар халықтан түгел жиналып алынып, Орталық банктен жаңасы басылып шығарылған еді. Оған қосымша қолма-қол ақша төлемі операциясын жүргізу де тоқтатылған-ды. Міне осындай шаралар енді бізге де қажет болып тұр. Осыған жұрт түсіністікпен қарап, аурудан ықтият болудың амалдарын барынша жасағаны жөн. Өз кезегінде кәсіпкерлер де жоғарыдан түскен талапты орындап, індеттің алдын алуға өздерінің тарапынан үлес қосса дейміз.
Бұл қорқытқандық емес, бірақ шындығы сол – шағын және ірі сауда орталықтары мен дүкендер карточка немесе онлайн жүйесімен төлем жүргізбесе, соған лайықты жағдай қарастырмаса, ондай сауда нүктелерінің иесіне әкімшілік жаза қолдану қарастырылған, тіпті иелігіндегі дүкенін жауып тастауы да мүмкін. Сондықтан бәріміз індетпен күресте тізе қосып, бірінші кезекте пайданың жағын емес, денсаулық мәселесін ойлауымыз керек.

 

 

Последнее изменение Среда, 08 Апрель 2020 06:14