SHYMKENT – бизнес бастауға қолайлы мекен Избранное

Пятница, 19 Июнь 2020 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 556 раз

WhatsApp Image 2020-06-16 at 10.40.05 1

Елімізде адамның қабілет-қарымы мен қызығушылығы, икеміне қарай кәсіп бастауға жағдай жасалған. Тіпті, қайтарымсыз грант ұтып алуға да мүмкіндік бар. Соның арқасында кәсіпкерлік саласының көкжиегі кеңейіп, өркен жайып келеді. Одан бөлек жеке кәсіппен айналысу адамға мол мүмкіндік береді, шабыт сыйлайды. Оны бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкерімізбен тілдесу арқылы аңғардық. Бұл жолы шыныдан терезеге тор жасаған кәсіпкер Еділ Ахметовтің ерекше бизнесі жайында әңгімелемекпіз.

Бүгінде «не шықса да Шымкенттен шығады» деген әзіл-шыны аралас әңгіме көпшілік арасында жиі айтылады. Оған табылар себеп аз емес. Терезеге орнатылар торды шыныдан жасауды шымкенттік кәсіпкер қолға алады деп ешкім де ойламаса керек-ті. Міне, «ProtectKz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаушы Еділ Жұмабекұлының ерекше кәсібі инвесторлардың да қызығушылығын оятқан. Халқы еңбекқор, мәдениетпен меймандос шаһарда осылайша өндіріс орны жаңа өнімін ұсынуда.
–Бұл өнім осыдан екі жыл бұрын ойға келген идеяның жемісі. Көршілес Ресей мемлекетінің астанасына барғанымда терезедегі ерекше қорғанға таң қалғаным рас. Елге оралып, оны қалай әзірлейтінін іздендім. Қажетті материалдарды шетелден алдырып, сынама ретінде жасап сатылымға ұсындым. Сұраныс барын білген соң, инвесторлар да мақұлдады. 10 млн теңге қаржы құйып, жобаны іске асыра бастадым. Аталған өнім түрін
Қазақстанда алғаш болып жасауды қолға алдық, – дейді жас кәсіпкер.
Отандық өнім көпшіліктің көңілінен де шыққан. Өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің ісі едәуір дамып, елде жоқ өнімді ойлап тапқан кейіпкеріміздің шыны қондырғысына сұраныс артқан. Бүгінде франшиза әдісімен еліміздің өзге қалаларында сатылуда.
– Өнім монолитті поликарбонаттан жасалады. Яғни, құрылыс пен әскерилер қауіпсіздікке пайдаланатын материалдан әзірленеді. Терезеге арналған шыны тор жазатайым жағдайлардың алдын алуға, ұры-қарыларға қарсы қорған ретінде қолданылады. Шаршы метрі – 25 мың теңге. 500 келіге дейін салмақты еш қиындықсыз көтеруге қауқарлы. Ал тапсырыс 14 күнде дайын болады, – дейді Е.Ахметов.
«Еңбектің өзін тапқан байлықтың көзін табады» деген атам қазақ. Біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын аңдап, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, белшеден берекеге кенелтетін адал еңбекті тапқан азамат. Бірнеше айға созылған карантиндік жүйе кәсіпкерге оңай тимегені анық. Алайда, әр істің қайыры болатынын білген ол, төтенше жағдай кезінде уақыт пен денсаулықтың қадірін жіті түсінген.
–Әлемдегі орын алып жатқан төтенше жағдай бізді де айналып өтпегені рас. Біз үшін биыл күтпеген жайттар көп. Бірақ адамдар осы карантиннен сабақ алып жатқанын байқауға болады. Адамдар тазалыққа ден қоя бастады.

 

16


Карантин ақша үнемдеуді де үйретті. «Айдың жартысы жарық, жартысы қараңғы» демей ме ендеше бізді жарқын күндер күтіп тұрғанына сенім артуымыз керек, – дейді
Е.Жұмабекұлы.
Шырайлы шаһарда отау құрып, перзент сүйген кәсіпкер үшін үшінші мегаполистің маңызы ерекше. Еділ Ахметов Шымкент өзінің туған топырағындай, асыл тұмарындай ыстық екенін айтты. Кейіпкеріміз қала тұрғындары мен қонақтарын қала күнімен құттықтауды ұмытпады.
– Өзім Семейдің тумасымын. Павлодар мен Нұр-Сұлтанда бірнеше жыл тұрдым. Алматыға жұмыс бабымен жиі барып тұрамын. Ал Шымкентке 2015 жылы қоныс аудардым. Бұл қала мені үлкен өзгерістерімен қарсы алды. Отбасылы болып, әке атандым. Өз кәсібімді бастап, армандарыма бір қадам жақындай түстім. Шырайлы шаһардың тұрғыны ретінде қаламыздың көркейіп, өсіп келе жатқаны қуантады. Мегаполистің тарихы тереңде. Ал халқы қонақжай, еңбекқор, – дейді кәсіпкер.
Иә, Шымкентті қай жағынан алып қарасақ та мақтануға тұрады. Шымшаһар өмір сүріп, бизнес бастауға қолайлы қала. Оны Еділдей істің көзін тапқан жігіттердің көптігінен-ақ аңғаруға болады.

Последнее изменение Пятница, 19 Июнь 2020 05:42