ҚОҒАМДЫ ТҰТАСТЫРАТЫН РУХАНИ ТҰҒЫРНАМА ҚАЖЕТ Избранное

Среда, 21 Октябрь 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 290 раз

«Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Тәлім Trend» атты бағдарламаның ашылуы әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бір жақ «Ұлттық арна толық мемлекеттің есебінен қаржыландырылады, халықтың ортақ қаржысына белгілі бір топтың діни-рухани көзқарастарын насихаттайтын бағдарлама ашуға болмайды, бұл арна зайырлы мемлекетшілдікті насихаттауы тиіс» деп дабыл қағуда. Екінші тарап «Бұл бағдарлама елдегі рухани-мәдени проблемаларды талқылауға арналған, онда отаншылдық, мейірімділік пен отбасы құндылықтары насихатталады және мұндай өнегелі әңгімені ата дінімізге арқа сүйеп айтқанда тұрған не бар?!» деп араша түсуге ұмтылып жатыр...

710

 

Бір бұл емес, осындай моралдық-идеологиялық мәселелерге келгенде біздің қоғамның ортасынан қақ айырылып, қос тараптың бір-бірімен ымыраға келе алмай жатуы жиі кездеседі. Иә, бір қарағанда бұл қарапайым плюрализмнің көрінісі сияқты. Бірақ, моралдық-идеологиялық мәселелердегі осы бір пікір айырмашылығы жүйелі, консептуалды сипатқа ие болса, келе-келе қоғамның жіктелуіне, қос тараптың бірін-бірі дұшпан көруіне әкеп соқтыруы да мүмкін. Осының өзі қазақ қоғамына біртұтас рухани платформа мен баршаға ортақ құндылықтар жүйесі керек екенін айқындайды.
Өмір сүріп отырған қоғамымыздың айтарлықтай деңгейде рухани деградацияға ұшрағаны ащы да болса шықдық. Көшеге автомат алып шығып кездескеннің бәріне оқ боратқан кешегі Күлекбаев, жалаңаштанғанын жетістік һәм ерлік санап, қыздарымызды соңынан еруге шақырған Баяндарова мен Байзақова және жаңа туған нәрестесін қоқыста қалдырып кетіп жүрген көкек аналар... Осының бәрін көріп отырып «біздің елде рухани азғындау жоқ» деп қалай айтасыз?! Енді мынаған қараңыз:

«Әгәдә, мәгәдә, зигәдә,
Әгәдә, мәгәдә, кигәдәу...
Кім айтты бүйтуге болмайды деп?
Негізі бұл менің сиқырым,
Аяқ астынан мен келдім,
Басыңды түсіріп жүр еу», - дейді. Бұл «91» тобының «Су асты» дейтін шатпағы (шынын айтқанда ән деген аяулы сөзді мына шимай-шатпаққа қимай отырмыз).
Ал, «Кристалс» тобындағы Nara есімді бойжеткеннің өзін сынға алған көпшілікке жауап ретінде жазған «Тыныш» дейтін әнсымағын қараңыз:

«Мен мұнда басты, сен – менің жемім,
Мен мұнда бастым, енді төменде беделің,
Мен мұнда тәжбін, бұл сөзім уәжбен,
Жерге таптап батпақ қылу, мазақ қылу – міндетім.
Намысыңды жою, құлағыңа сөзім қою».

Енді осы сандырақты «ән» деп айтып жүрген рухани мүгедек жастары бар қоғамды кемелденіп кетті деп мақтануға бола ма? Мүмкін жоғарыда айтылған мәселенің бәрін «бір тарақпен тарауға» болмайтын шығар. Бірақ, олардың әрқайсысының әрекеті өздерінің ішкі жан дүниесінің ғана көрінісі емес, бұлардың бәрі – еліміз нарықтық қатынастарға көшкелі бері үздіксіз жүріп жатқан құндылықтар эволюциясының «жемістері». Дұрысырағы, бұлар рухани болмысымызға қатысты мәселелерді отыз жыл бойына екінші планға ысырып қоюдың салдарынан пайда болған жара. Ал, А.Байзақовалар ұйымдастырған «50 мың теңгеге қыздарды шешіндіру» байқауы – сол жараның аузы жарылып аққан іріңі мен сары суы. «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығатыны» ақиқат. Демек, қазақ социумын осындай «арсыздық синдромы» әлі талай жыл меңдейтіні аян. Өкінішке қарай, бұл індеттің әзірге біздің қоғамның көзі көріп, құлағы естімеген бұдан да күрделі, бұдан да сорақы асқынулары болуы да ғажап емес. Соған қарамай біздің қоғамның бір бөлігі елдегі басты арнаның эфирінен ізгілік пен мейірім, рухани тазалық жайлы сөз қозғалуына барынша қарсы. Енді не істемек керек?
Тәуелсіздік кезеңінің ұрпақтары деп тоқсаныншы жылдардан емес, сексенінші жылдардан бері қарай туғандарды атаған дұрыс шығар. Солай десек, тәуелсіздіктің ұрпақтары бүгінгі қоғамның негізгі бөлігін құрап отыр. Осы бір тұтас ұрпақ өсіп-жетілген тұста қазақ ортасында руханият саласында екі-ақ проблема бардай көрінді. Біріншісі – қазақ тілінің жағдайы, екіншісі – экстремистік ағымдар. Көпшілік қандастарымыз «балаларымыз қазақша сөйлесе, уахапшылардан аулақ жүрсе болды» деп ойлаған сыңайлы. Бірақ, көріп отырғанымыздай, назардан тыс қалған қаншама өзекті проблемалар бар екен. Әйтпесе, жоғарыда аталғандардың ішінде Күлекбаевтан басқасының экстремистік ағымдар мен секталарға қатысы жоқ, көпшілігі қазақша сөйлей алады. Тәуелсіздік кезеңнің ұрпақтары есейді дедік. Есейген қоғамды құндақтап, бесікке бөлеп, қайта тәрбиелеймін деген бос әурешілік. Демек, қазақ енді рухани тұрғыдан қанша оңалғанымен, қайтадан бұрынғы қалпына келмейді.
Бұдан шығатын қорытынды біреу, ол – біздің қоғамға халықты тұтастай қамтитын рухани тұғыр қажет. Ол белгілі бір топтың көзқарастарына негізделмей, қоғамның кез келген мүшесі шын ниетпен қабылдай алатындай болуы керек. Әрі қарапайым этика нормаларын, ұяттың баршаға ортақ шекараларын белгілеп беруі тиіс.
Осы жерде болашақта біздің қоғамның рухани-моральдық бет-бейнесі қандай парадигмаларға негізделуі тиіс деген сауал туындайды. Жауаптың бірнеше нұсқасы бар. Біріншісі – дәстүрлі қазақ қоғамындағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға негізделген мәдени-әлеуметтік қалыптар. Екіншісі – Ислам шариғатының құқықтық-әлеуметтік нормаларына негізделген концепция. Үшіншісі – либерал-демократиялық философияға негізделген қағидалар, көзқарастар мен ұстанымдардың жиынтығы. Қазір қоғамда бұл үшеуіне де жүгінетін айтарлықтай салмақты топтар бар. Олардың әрқайсысы басқа топтардың қоғамда толық үстемдік етуін қабылдамайды. Сол себепті бізге үшеуінің синтезінен туындаған бір ғана тұғырнама қажет.
Мысалы, дәстүршілдер мойындағысы келмегенімен либералистік көзқарастар өмірдің барлық салаларына дендеп еніп бара жатыр. Бұл – жаһандану үдерісінің нәтижесі. Бірақ, солай екен деп осы топтың көзқарастарының толық үстемдік құруына жол бере алмаймыз. Өйткені, олар дін ұстануды – қараңғылық, дәстүрлерді – архаикалық түсініктер деп дес бермейді. Ал, дін мен дәстүрден бас тарту деген ұлт ретінде жойылуымызды, тиісінше мемлекеттілігімізден де айырылып қалуымызды білдіреді.
Екінші жағынан біз қанша қалағанымызбен дін мен дәстүрдің ХХІ ғасыр жағдайында қоғамда толық үстемдік етуі де екіталай. Бұл сөзімізді растау үшін мынадай бір парадоксқа назар аударғымыз келеді. Қазір бір ғана Шымкент қаласында жүзге тарта мешіт бар. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өткен жылғы мәліметі бойынша, өзін мұсылман санайтындардың 18 пайызы мешіттерге тұрақты түрде барып, құлшылық жасайды екен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ, парадокс деп отырғанымыз сол, біздің қоғамда діндарлық артқанымен ізгілік пен руханилық кеміп кеткен. Біз мұны тек имамдардың біліксіздігі мен білімсіздігінен, мешіттегі жамағаттың тақуалығының кемдігінен көретіндермен келіспейміз. Құранда пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға оның өзіне сенетіндерді ғана тура жолға сала алатыны, сенбейтіндердің жүрегіне Құдайдың қара құлып салып қойғаны жөнінде ескертілген. Түзелуге деген ішкі ниеті жоқ қоғамға ешқандай имам да, әулие де көмектесе алмайды. Мейлі, айтайын дегеніміз ол емес, айтайын дегеніміз, ХХІ ғасырдағы шеттен келіп жатқан мәдени-рухани экспансияға дініміз бен дәстүрімізді қарсы қоя алмай отырғанымыз факт.
Олай болса, біз ұлттық дәстүріміздегі «үлкенді сыйлау», «қонақжайлық», «ағайын-туысқа қамқорлық», Ислам шариғатындағы «отбасын бірінші орынға қою», «ішімдік пен зинадан тыйылу» секілді ең қажетті нормаларды алып, оны либералистік дүниетанымның «әркімнің таңдауы мен көзқарасына құрмет көрсету», «ер мен әйел теңдігі», «білімді бәрінен жоғары қою» дегендей байламдармен байытуға тиіс шығармыз. Соңғы жылдары біздің қоғамда жиі айтылып жүрген «ашықтық пен жариялылық» та сол либералистерден үйренетін тұстарымыздың қатарында.
Иә, бұл бір мақаланың ауқымына сыятын тақырып емес. Кең ауқымды қоғамдық талқылауды қажет ететін мәселе. Бірақ, әзірге бұл проблемаларды күн тәртібіне ұсынып жатқан БАҚ-тар да, оны талқылап жатқан аудитория да, осы бағытта салиқалы пікірталастар өткізіп жүрген сарапшылар да байқалмайды. Ал, осындай бүкіл қоғам бірауыздан қабылдайтын, бәрі ымыраға келетін рухани тұғырнама жасамай, рухани жаңғыру, ұлттық модернизация қалай жүзеге аспақ, оны тағы білмейміз...