Қоғамдық кеңестің атқаратын мiндетi зор

Пятница, 03 Июль 2015 07:57 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4708 раз

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Талдау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бөлімінің консультанты Досжанова Мадина Төлегенқызы департамент жанынан құрылған қоғамдық кеңеске қатысты сұрақтарға жауап береді.


– Облысымызда Қоғамдық кеңес қай кезден бастап жұмыс істеуде?
– Департамент жанындағы Қоғамдық кеңес Департамент басшысының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №175 бұйрығымен құрылған. Қоғамдық кеңес Департамент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
– Ал, енді Қоғамдық кеңес мүшелерін таныстырып кетсеңіз?
– Ә.Досболов, Қоғамдық кеңестің төрағасы  – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Б.Бекжанов – Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, Департамент басшысының орынбасары-тәртіптік кеңес төрағасы, Қоғамдық кеңестің мүшелері – И.Байдәулетов, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы бас дәрігерінің кеңесшісі, Ж.Дулатов – Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының директоры, Ш.Жамалбек – «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Қ.Ибраев – «Ақжол» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, У.Қыдыр – «Қазақстан – Шымкент» телеарнасының директоры, М.Лимаренко, – «Южный Казахстан» газетінің бас редактор- директоры, Ө.Мелдеханов – облыстық мәслихаттың депутаты, – «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Ә.Ташқараев, – Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, зейнеткер, А.Пайзахметов, – Шымкент қалалық мәслихаттың депутаты, «Файзахметов» ЖК директоры.
– Қоғамдық кеңестің мақсаты мен міндетіне тоқталсаңыз?
– Қоғамдық кеңестің мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау, қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру, мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара іс-қимылын жандандыру; мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, қоғам қайраткерлерінің және ел тұрғындарының күштерін азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, халықтың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын оңайлатуға және қоғам өмірінің барлық салаларында халықты қолжетімді жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігін және сапасын бақылауын қамтамасыз етуге біріктіру болып табылады.  Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілетін жұмыстар шегінде, сондай-ақ халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мемлекетпен және азаматтық қоғаммен кері байланысты қамтамасыз ету; жеке және заңды тұлғалармен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жасасу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-кимыл шараларын жетілдіруге және мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуын дамытуға бағытталған азаматтық қоғамның ұсыныстарын талдау Қоғамдық кеңестің міндеттеріне кіреді.
– Қоғамдық кеңестің жұмыс тәртібі қандай?
– Қоғамдық кеңес туралы Ережеге сәйкес оның отырысы жылына  кемінде екі рет өткізіледі. Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы Қоғамдық кеңес Төрағасының шешімі, Департамент басшысының немесе Қоғамдық кеңес мүшелерінің үштен бірінен астамының бастамасы бойынша өткізілуі мүмкін.
Қоғамдық кеңестің Төрағасы Қоғамдық кеңестің жұмыс тәртібін белгілейді және оны өткізу күнін тағайындайды. Қоғамдық кеңестің отырысын, әдетте, Қоғамдық кеңес Төрағасы ашады және жүргізеді. Егер Қоғамдық кеңестің жұмысына Қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы санынан кемінде жартысы қатысатын болса, ол заңды болып табылады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары бойынша отырыстың күн тәртібі толықтырылуы немесе өзгертілуі мүмкін. Қоғамдық кеңестің шешімдері, оның ішінде рәсімдік мәселелер бойынша шешімдері отырысқа қатысқан Қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілік дауысы арқылы қабылданады. Қоғамдық кеңестің шешімдері, әдетте, оның отырыстарында ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Қоғамдық кеңеспен қабылданатын шешімдер хаттамамен рәсімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
– Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін кім жүргізеді?
– Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» туралы Заңына сәйкес, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингiн жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамасы бойынша және өз есебiнен жүргiзедi. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингiн жүргiзу кезiнде жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттiк құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету саласына жататын қажеттi ақпаратты орталық мемлекеттiк органдардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарынан, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнен, осы ақпарат олардың интернет-ресурстарында болмаған жағдайда, сұратуға құқығы бар.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.