«Темiр» базарын жабуға мамандар неге құлықсыз?

Пятница, 10 Июль 2015 06:54 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3583 раз

Шымкент қалалық әкімдігінде заңсыз сауда орындарын жою бойынша кезекті мәжіліс өтті. Қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов пен «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

molotochek 0Осыдан бір ай бұрын Исмаилов көшесі (бұрынғы Громов) бойындағы «Темір» базарын жабу туралы тиісті шаралар қолға алынғанымен бұл сауда орны әлі күнге дейін жұмысын тоқтатпаған. Заңсыз базардың жабылмауына кім кінәлі, не түрткі екені анық емес. Әйтсе де тиісті орындар  – мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, салық қызметі, аудан әкімдігі, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар басқармасы істі созбалаңға салып келеді. Мәселен, салық қызметкерлері осы күнге дейін базар аумағында қанша салық төлеуші тіркелгені туралы түсіндіріп бере алмаса,  өрт қауіпсіздігі қызметкерлері тексеру жүргізуге жақын маңдағы тұрғындардың арыз-шағым негіз болуы қажет дейді. Алайда мұндай шағымдар аталған басқармаға көп түседі, солай болса да не үшін шара көрілмегені түсініксіздеу. Басқарма қызметкерлері шағымдарды Абай аудандық әкімдігіне жолдайтынын жеткізді.
– Бүгінгі мәжіліске базардың жабылғаны туралы фотодәйектер келтірілуі тиіс еді, алайда оны көріп тұрған жоқпыз, – деді мамандардың жауабына көңілі толмаған қала әкімінің орынбасары. – Сонда сіздер осы уақытқа немен айналыстыңыздар? Сауда орнының темір жолы бойында орналасқанын және бұл сол маңдағы тұрғындардың өміріне қауіп төндіретінінен хабарларыңыз бар. Мұнда күнделікті ауыр металлдар түсіріліп, жүк техникалары жұмыс істейді. Жұмыс бастау үшін бұдан басқа тағы қандай негіз керек?   
Бахадыр Нарымбетов мәжіліс соңында заң бұзғандарға қатаң шара көрілетінін және бұл мәселеге жақын күндері нүкте қойылуы тиіс екенін қадап айтты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.