Қылмыстық құқық бұзушылық картасы таныстырылды

Среда, 17 Февраль 2016 04:48 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 5625 раз

Шымкент қалалық әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың қатысуымен жергілікті полиция қызметкерлерінің мәжілісі өтіп, онда Әл-Фараби аудандық прокуратурасының өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлері Шымкенттің қылмыстық құқық бұзушылық картасымен таныстырды.


qylmystyq kartaМұндай интерактивті картаны қолдана отырып, полицейлер қаланың криминогенді орындары туралы мәлімет алып, алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндіктері бар.
Жоба 2012 жылы ҚР Бас прокуратурасымен жүзеге асырылып, алдағы уақытта еліміздің барлық қалаларын қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, аталған жоба азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру үшін қолға алынған. Кез келген азамат ғаламтор арқылы кіріп, қай жерде қандай қылмыстың орын алғанын, қаланың қай аумағында қылмыс пен құқық бұзушылықтың көптеп орын алатынын және жол-көлік оқиғалары туралы ақпараттан хабардар болады. Жауапты сала мамандары картаға қарап, қай аймақта қандай қылмыс түрi белең алғанын бiлуіне болады. Айта кетерлігі, электронды картада криминалды жеңе бастаған аймақтар бiртiндеп сары, одан кейiн жасыл түске бояла бастайды.
ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ОҚО бойынша басқарма бастығының орынбасары Әріпхан Пірімбековтың айтуынша, ақпараттық-сервистік жүйеге ұялы телефон арқылы да кіруге мүмкіндік бар.
Ол үшін service.pravstat.kz электрондық мекен-жайын теруіңіз қажет. Геоақпаратты «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы», «Жол-көлік оқиғасы картасы», «Кәмелетке толмағандардың қылмыстылық картасы» және «Тұлғалардың жүгіну картасы» арқылы алуға болады. Мұндағы мақсат – қарапайым халықты қажетті деректермен хабардар етіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Қазiр Шымкенттегі ең қауiптi аумақтардың бiрi ретiнде темiржол вокзалы маңайы көрсетiлiп тұр. Геоақпаратқа сай, «Жол-көлiк оқиғасы картасында» Шымкент қаласындағы Темiрлан тас жолы мен Алпысбаев көшесінің қиылысы қанық қызыл түске боялған. Бұл – осы аймақ ішінде көлiк апаты жиi болады дегенді білдіреді. Жыл басынан бері мұнда 411 оқыс оқиға тіркеліпті.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.