Мал ұрлығымен күрес күшейтiледi

Пятница, 12 Февраль 2016 06:52 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 5610 раз

Шымкентте мал ұрлығы тыйылмай отыр. Мәселен, 2014 жылы 125 жайт тіркелсе, былтыр  бұл көрсеткіш 192-ге көбейген. Ал жыл басынан бері бір мал ұрлығы тіркеліпті.

f78a865c2f4a93acf68ff55e586ff582 XLМал ұрлығы мәселесі қашанда өзекті. Жылдың қай мезгілінде болмасын, құрығын сайлаған барымташылар өз «кәсібін» тоқтатқан емес. ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ермахан Әбдірамановтың айтуынша, Сайрам мен Төлеби аудандарынан Тассай, Сайрам, Көмеш бұлақ, Жыланбұзған, Тоғыс, Елтай, Маятас, Бозарық секілді басқа да елдімекендердің қалаға қосылуы мал ұрлығы көрсеткішінің өсуіне әсер еткен. Шымкенттегі әр ауданның деректеріне тоқталсақ, соңғы мәлімет бойынша көштің басын Қаратау ауданы бастап тұр. Мысал ретінде келтіре кетейік, өткен жылы Абай ауданында 59, Еңбекші ауданында 47, ал Әл-Фараби ауданында 13 мал ұрлау дерегі тіркелген.
Полиция қызметкерлерінің жасағансараптамасы нәтижесінде қала аумағында көп жағдайда ірі қара мал қолды болады екен. Ұрылар әсіресе, малдың қоң жинап, семіріп, соғым сою науқаны кезінде «іске» кіріседі. Оңай олжаға дәніккендер ірі қара малды соғымға сояды да, оны көп ретте базарларға арзан бағада өткізеді екен. Бұдан бөлек, мал базарына сатып жібереді.
– Қала аумағында үйірімен қолды болып жатқан мал жоқ. Тұрғындардың қорасынан бірді-екілі мал ұрланып жатады. Ал қолының сұғанағы барлардың алыстан келмейтіні белгілі. Малы бар адамды жақсы танитын, оның қай кезде үйінде болып, қай уақытта немен шұғылданып жүргенін жақсы білетін адамдар ғана жасайды. Төрт түлігінің бірінен айырылған тұрғындар көп жағдайда «ұрланды» деп арыз жазады бізге. Бірақ малдың үйірінен немесе жайылып жүрген жерінен адасып, табылған оқиғалар да болды, – дейді Шымкент ҚІІБ бастығының орынбасары
Ермахан Әбдіраманов.
Полицейлер тарапынан бөтеннің мүлкіне қол салуды азайту және болдырмау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015-2017 жылдарға бағытталған бағдарламасы аясында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Мәселен, қала аумағында орналасқан базарлар, күзет агенттіктері, ірі қара мал ұстаумен айналысатын шаруашылық қожалықтары өкілдерінің қатысуымен үнемі семинар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, Шымкент ҚІІБ тарапынан «Қақпан», «Мал ұрлығы», «Мал соғым» және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мал ұрлығымен қолға түскендерге жаза ҚР Қылмыстық Кодексінің 188 бабының екінші және үшінші бөлімдері негізінде қолданылады. Бұл баптың екінші бөлігін жасағандарға 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе бес жылға дейін шартты түрде яки, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал осы баптың үшінші бөлімімен айыпталғандар үш жылдан жеті жылға дейін түрмеге қамалады.
Мал ұрлығымен күресу, ұрыларды ұстау құқық қорғау органдарының жұмысы. Десе де, қорасында төрт түлігі бар азаматтардың өзі де күзетті күшейткені абзал. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететінін» жадымызда ұстаған жөн-ақ.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.