ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП Избранное

Среда, 28 Август 2024 04:47 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 698 раз

Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, әрдайым даму жолында болып, бәсекеге қабілетті, креативті әлеуетін дамытумен айналысатын, еңбекқор тұлға қалыптастыруда басты үміт ұстаздар қауымына жүктелетінін атап айтқан. Білім әр оқушының жадында түпкілікті сақталып, оны өмірде қолдана білуі ол ұстаздар тарапынан «табысты оқыту» болып табылады. Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына жолдауында жалпыға білім беру аясында мұқтаж отбасынан шыққан балаларды қолдаудың маңыздылығын айтқан болатын. Осының негізінде жаңа оқу жылынан бастап мектептерде "Цифрлық мұғалім" жобасы жүзеге асады. Бұл бағдарлама үлгерімі төмен оқушылардың білімін көтеріп, негізгі пәндерді тереңдетіп оқытады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жоба негізінен мұқтаж отбасы балаларын қамтиды. Сонымен жүйе қыркүйектен бастап барлық мектепте 7-10 сынып оқушылары үшін негізгі пәндерді тереңдетіп оқыту жүйесі болып енгізілмек.

okush

 

Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, 2023 жылғы қараша-желтоқсан айларында елде 380 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасы анықталған. Ал сол отбасылардағы балалар саны қыркүйекке дейін әлі де нақтыланады. Өңірлердегі осы оқушылар енді жоба аясында арнайы платформалар арқылы қосымша онлайн білім алады. Тағы да министрлік мәліметіне сүйенсек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ашықбаеваның айтуынша, оқушыларды оқыту үшін жыл басынан бастап қаңтар-наурыз айларында 5700 педагог оқу курсынан өткен болатын. Кейін осы тамыз айына дейін 25 мың педагог түгелдей осы қосымша оқытуға арналған оқудан өткен. Сонымен қатар, бұл бағдарламаға педагогикалық университеттерде оқитын жоғары курс студенттерін тарту жоспарда бар көрінеді. Оқытушыдан бөлек ұлттық білім академиясы мамандары осы жоба аясында арнайы оқыту бағдарламасын да әзірлеп қойды. Яғни үлгерімі төмен оқушылардың білімін бекіту және қайталау үшін кеңес беру сабақтарын ұйымдастырудың ережесі және қосымша сабақтарды өткізудің әдіснамасы жасалды. Жалпы алгебра, химия, биология, Қазақстан тарихы, геометрия, осы 6 пәннің екеуін таңдайды. Сол арқылы қосымша дайындалып, үлгерімін көтеруге бағытталатын болады.
Орта білім беру саласындағы басым міндеттердің бірі – білім беру процесінің сапасын арттыру десек, қолға алынып отырған жүйе осыны көздейді.
Күні кеше «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында өткен республикалық тамыз конференциясында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова да сапаға байланысты жақсы жаңалықты жариялады. Биылғы оқу жылындағы ең маңызды жаңалық, ол халықаралық білім сапасын бағалау, яғни PISA қорытындысы шығып, нәтижесі бойынша еліміз топ бастаушы 50 мемлекеттің қатарына кірді. Математика пәні бойынша 46, ал жаратылыстанудан 49-шы орынға көтерілген. «Ендігі меже тек осы нәтижені сақтап қалу ғана емес, сондай-ақ оны жақсарту. Оған жеткізетін бір ғана жол, ол білім сапасын көтеру», - деп айтты Дүйсенова.
Сапа жағына келетін болсақ, республикалық маңызы бар қала атанған Шымкенттің де біршама жетістігі бар. Қаламызда «Сапалы білім» арнайы жобасы шеңберінде 14 жетекші мектеп командалық жұмыс бастады. Одан басқа 4 жаңа жоба іске асырыла бастады: «Мобильді мұғалім», «Үздік кәсіптік бағдар беру», «Бейіндік сынып», «Сауаттылық-сапалы білім негізі». Сапаны арттыруға бағытталған жұмыстар нәтижесінде білім сапасының көрсеткіші 5,1 пайызға өскен. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап «Нысаналы мектептер» жобасы бастау алып, білім сапасында олқылығы бар 40 нысаналы мектепке әдістемелік сүйемелдеу жасалып, педагогтерінің кәсіби дамуына жағдай жасалады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап 7,9 мың білім ұйымында 3,9 млн бала білім алады. Жалпы елімізде биыл 345 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.
Шымкент қаласына келсек, бүгінгі таңда қаладағы мектеп саны 275 құрап отыр. Оның ішінде мемлекеттік мектеп – 150, жекеменшік – 125. Ондағы білім алушылар саны 259 173. Мемлекеттік мектепте 206 286 оқушы оқыса, жекеменшікте 52 887 оқушы білім алуда. 2024-2025 оқу жылына 1-сыныпқа 26 979 оқушыны қабылдау жоспарланған. 2024 жылдың 1-сәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін жалпы 25 270 өтініш тіркеліп, 25 201-нің құжаттары қабылданған. Бұл бағыттағы жұмыс 31 тамызға дейін жалғасатын болады.
Орта білім беру саласындағы маңызды бағыт – инфрақұрылымды дамыту, үш ауысымдық, апатты мектептердің мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған. Білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл жыл аяғына дейін қаламызда «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 11 мектеп беріледі. 4 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Жалпы, демографиялық өсім мен ішкі миграциялық үрдістерді ескере отырып, 2028 жылға дейін 50 340 орынға арналған 63 мектеп салу жоспарланған. Ашылғалы отырған жаңа мектептерде, аты айтып тұрғандай бала жанына жайлы дүниенің бәрі болмақ. Атап айтқанда, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуында. Оқушылардың санын ескере отырып, көбірек спорт залдары ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар қарастырылады. Сондай-ақ, өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар күшейтілді.
«Жалпы, қазіргі уақытта 9 жайлы мектепке 9300 оқушыны мектептерден ауыстыру, мұғалімдер толықтыру жұмыстары жүргізіліп, кадр резервіндегі 9 кандидат директор лауазымына тағайындалды» дейді қаланың бас ұстазы. Дей тұрғанмен, Нұргүл Ақылбекқызы үш ауысымды мектептердің қалада әлі де болса туындауы мүмкін екендігін айтты. Мәселен, қаладағы 21 мектепте оқушы сыйымдылығы жоғары, 22 мектеп күрделі жөндеуді талап етеді.
Балаға сапалы білім берумен қатар, оқуышының бос уақытын тиімді пайдаланып, қабілетін ашу да біліммен ұштасып жатқан дүние. Осы орайда, оқушыларды қосымша біліммен қамту жұмыстары да қалада жолға қойылып келеді. 2023 жылы қосымша біліммен қамту көрсеткіші 85,5 пайызды құрап, 221 352 оқушы қосымша біліммен қамтылған болса, 2024 жылға балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 86,3 пайызға жоспарланған.
Осы мақсатта, 2023 жылы 2 қосымша білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Олар 5000 баланы қамтыған 150 орындық 1 өнер мектебі және 500 орындық, 12000 баланы қамтитын оқушылар сарайы. Дәл осындай заманауи оқушылар сарайы Тұран шағынауданынан салынуда.
Тағы да бір өте маңызды бағыт – тәрбие жұмысы. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайда белгіленген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жаңартылып, ол жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу мақсатында құрылды. Бағдарлама аясында барлық мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Оның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту. Бүгінгі күнге дейін 48 мың ата-ананы қамтыған «Отбасы бақыт-мекені», «Жарасымды үштік: отбасы-бала-мектеп», «Жетістік үйірмеден басталады» атты мектеп пен ата-ана қатынасын нығайтатын жобалар жүзеге асырылды. Оқу жылының соңына дейін 100%-ға қамту жоспарлануда. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайтуда «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары өз нәтижесін көрсетуде.
Сонымен қатар орта білім беруде қалада «Талапкер» пилоттық жобасы жүзеге асырылып, мектептердің 10-11 сынып оқушылары пилоттық режимде бір уақытта мектепте де, колледжде де оқу мүмкіндігіне ие болды. Пилоттық жобаға 75 оқушы М. Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар мен Техникалық колледжінде оқуда. Пилоттық жоба бойынша 1,5 жылдан кейін оқушылар орта білімі туралы аттестатпен қоса, тігінші, аспаз, авто-газ дәнекерлеуші мамандықтары бойынша диплом алып шығады.
Шымкент қаласында 40 колледжде 49 348 студент білім алуда. Оның ішінде 24 127 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Кәсіпорынның тапсырысы бойынша 1429 маман даярлануда. Кәсіпорынның тасырысымен дейтініміз, шаһардағы 165 кәсіпорын дуальды оқыту шеңберінде 25 колледжбен өзара келісімде жұмыс істейді. Кәсіпорындар базасында 26 педагог тағылымдамадан өткен. Алғаш рет 3 колледж, Жеңіл өнеркәсіп және сервис, Тамақтандыру индустриясы және сервис, Индустриалды-техникалық колледж Францияның аккредиттеу агенттігінде халықаралық аккредитация рәсімінен өтуде. Өңірге қажетті мамандықтарды анықтау үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында жаңа мамандықтар атласы әзірленсе, алдағы уақытта колледждер өздері өндірген өнімді сатудан және жұмыс берушілерден түскен кірістер есебінен қаржыландырудың икемді моделіне көшуді жүзеге асыратын болады.
«Адамды шыңға жетелейтін, мақсатына жеткізетін қасиеті – еңбекқорлық. Ол қазіргі заманда бізге қажетті басты құндылық. Бүгінгі таңда кәсіпорындарға жоғары білікті мамандар, өз ісінің шеберлері қажет» – деп Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, шеберлікті шыңдайтын WorldSkills чемпионатында қаламыздың колледждері жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Жаңа оқу жылының қарсаңындағы білім басқармасының есебі осындай болды. Дегенмен, салада қордаланған мәселе жоқ емес. Басқарма басшысы Нұргүл Шәмшиева оның бәрі бірден оң шешіле қоймаса да, жоспарға сай жүзеге асатынын айтты.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « АҒАРТУ САЛАСЫНЫҢ АЛТЫН ҰЯСЫ