300 адам жұмыспен қамтылады
Пятница, 12 Май 2017 05:33Оңтүстіктікқазақстандық 300 азамат Ақмола облысында ірі кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Новопэк» компаниясында жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Мұндай келісімге облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мен «Новопэк» ЖШС-нің басқарушы директоры Айдар Жақыповпен болған екі жақты меморандум аясында қол жеткізілді.
Солтүстік өңірлерде бүгінгі таңда жұмыс қолының тапшылығы сезіледі. Бұл ретте Оңтүстіктен Ақмола облысына тұрғындарды қоныстандыру мақсатында жасалған меморандум аясында аталған зауыт басшысы Айдар Жақыпов облыстан баратын 300-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып, баспана мәселесін шешуге көмектесетінін атап өтті.
Айта кетсек, 2003 жылы негізі қаланған «Новопэк» компаниясы полимерлік қаптама нарығында көшбасшылардың қатарында. Зауыт Австрия, Италия, Түркия және Тайвань елдерінің заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын кешен 600 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар. Бүгінде өндіріс орны айына 8 млн дана өнім шығарады.
КӨКШЕТАУ- ШЫМКЕНТ: жаңа әуе рейсі ашылды
Пятница, 12 Май 2017 05:19ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Көкшетау мен Шымкент арасында жаңа әуе қатынасы іске қосылды. Бір бағытқа жол жүру бағасы – 20 мың теңге, канадалық CRJ-2006 ұшағы 50 орынға арналған.
Алғашқы рейспен Оңтүстік Қазақстанға Ақмола облысының әкімі бастаған делегация Шымкент әуежайына табан тіреді. Екі өңірдің басшылығы әріптестікті арттыру жайлы арнайы меморандумға қол қойды.
Делегаттарды күтіп алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа бағыттың екі облыстың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына, туризм саласының қарқынды дамуына септігін тигізетіндігін атап өтті.
– Еліміздің Оңтүстігі мен Солтүстігін жалғайтын әуе кеңістігінде алтын көпір орнатылып отыр. Енді аптасына 2 рет – жұма, жексенбі күндері «Шымкент-Көкшетау» әуе бағытымен қатынас болады. Еліміздің мақтанышы саналатын Көкшедегі Бурабай демалыс аймағына шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары. Бұдан былай Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Бурабайға «Шымкент-Көкшетау» әуе бағытымен баруына үлкен мүмкіндік туды, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар, облысымыздың Түркістан, Отырар, Сайрам, Қазығұрт, Қасқасу сияқты туристік аймақтарына Ақмола облысынан туристердің әуе бағыты арқылы келуіне мүмкіндік туып отыр. Жалпы, «Шымкент-Көкшетау» әуе бағыты 2 облыстың алдағы уақытта қарыштап дамуына өз септігін тигізбек. Оның дәлелі, көкшетаулық делегация Оңтүстікке іссапары барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен екіжақты ынтымақтастықты арттыру жөнінде келіссөздерге отырып, меморандумға қол қойылды.
Сапар аясында, сондай-ақ Шымкент пен Көкшетау қалалары арасында байланыс орнату және «Шымкент» ӘКК ҰҚ мен «Есіл» ӘКК ҰҚ арасындағы ынтымақтастықты күшейту туралы, «ENKI»ЖШС мен ОҚО құрылыс басқармасы өзара меморандум түзді. Мәселен «Көкшетау минералды су» АҚ мен Шымкенттік «Азамат» ЖШС өңіраралық кооперация аясында 2 млрд теңгенің өнімін тасымалдау туралы меморандумға қол қойды.
Бұдан соң Ақмола облысынан келген делегация мүшелері Шымкенттегі «Халықтық кеңсе» («Фронт Офис») мен «Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын, «Шымкент» ӘКК» АҚ және «Оңтүстік» индустриалды аймағы мен еркін экономикалық аймағы сынды нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Сары жолақ сақтыққа шақырады
Пятница, 12 Май 2017 04:55Шымкентте жолаушылар көлігіне арналған арнайы сары жолағы бар белгі сызылды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының мәліметінше, әзірге бұл тәжірибе ретінде іске асып отыр.
Жыл басында қала әкімі мен жолаушы тасымалдаушы компаниялар өкілдерімен болған кездесуде осы мәселе жан-жақты талқыланған.
– Қала əкімінің тапсырмасына сəйкес, біз сары жолақты Рысқұлов даңғылының бойында, Дулати және Жібек жолы көшелерінің аралығына сыздық. Жолақ аялдамаға дейін 20 метр жерден басталып, аялдамадан кейін 20 метр өткен соң бітеді. Мұндағы мақсатымыз – бір жағынан жолаушы көліктерінің қозғалысын реттеу болса, екінші жағынан барлық көлік құралдары жүргізушілерін тәртіпке шақыру. Бұған қоса қоғамдық көлік жүргізушілері арасында «жарысты» да тоқтату көзделуде, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев.
Жауапты маманның айтуынша, алдағы уақытта тәжірибе сәтті жүзеге асып жатса, осындай жолақты Рысқұлов даңғылының бойына және Шымкенттің өзге көшелерінде де сызу жоспарланған.
Солтүстікке 37 отбасы көшіп барды
Среда, 03 Май 2017 05:26Елбасы тапсырмасына сай, Оңтүстік тұрғындарының еліміздегі жұмыс көзі көп аймақтарға қоныс аудару шарасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Осы ретте өткен аптада Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтарал аудандары мен Шымкент қаласынан 37 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударды.
Екі автобуспен жолға шыққан көштің алғашқы тобын «Нұр Отан» ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаев, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр бастаған жергілікті билік өкілдері «көш көлікті болсын» деп шығарып салды.
– Бұған дейін қоныс аударғандар азаматтардың 70 пайызы жұмыспен қамтылып отыр. Олар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасумен қатар ауыл шаруашылығы саласында мал, егін шаруашылығымен айналысуға 7 мың гектардан астам жер алып, бірнеше ауыл коопреративтерін құрып, жеке кәсіпкерлік ашып, істерін дөңгелетіп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр.
Солтүстікке көшкен отандастарымыздың дені ауыл шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр. Енді аталған отбасылар солтүстіктің Айыртау, Ақжар, Жұмабаев, Есіл және Уәлиханов аудандарына барып қоныстанады. Айта кетерлігі, қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 80 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Сонымен қатар, бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады.
Бүгінде 700-ге жуық отбасы солтүстікке қоныс аударуға ниет білдіріп отыр. Облыстан өткен жылы 146 отбасы немесе 572 адам Қазақстанның өзге өңірлеріне қоныс аударған. Оның ішінде 125 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, қалғандары Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барған.
«ШЫМКЕНТ СИТИ»: құрылыс жұмыстары қарқынды
Среда, 26 Апрель 2017 09:52Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халқының саны бір миллионға жетерлік Шымкенттің көркі бүгінгісінен де көркем болады!» деген сөзі бар. Қазіргі Шымкент жыл санап түрленіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді. Осы орайда «ШЫМКЕНТ СИТИ» – қаламыздағы ең ауқымды жобалардың бірі. Аталған жоба аясында алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтарына қажетті инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру, қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция көлемі мен туристердің санын арттыру бағытында жұмыстар жалғасатын болады.
Оңтүстікте Шымкент, Түркістан қалалары мен Отырар ауданында дүниежүзілік талаптарға сай этноқалашықтар бой көтермек. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісінде айтылды.
Жиында 10 сәулеттік жоба қаралды. Солардың ішінде Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде даму тұжырымдамасын бекіту, Отырар ауданындағы «Арыстанбаб» кесенесінің және «Көне Отырар» қалашығының айналасын абаттандыру мен Шымкент қаласындағы «Шымкент СИТИ» тұрғын ауданының жанындағы этноқалашықтың эскиздік жобалары талқыланды.
ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуына да аз уақыт қалды. Аталған халықаралық көрме аясында облысымызға келетін туристер көбеймек. Осы орайда аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне бірінші кезекте туризмді дамытуға үлес қосатын Түркістан қаласы мен Отырар ауданындағы жобаларды тездетіп қолға алуды тапсырды.
Мәжілісте «Шымкент СИТИ»-дің құрылысы кеңінен талқыланды. Елбасы тапсырмасына сай жүзеге асып жатқан ірі жобаның шеңберінде аумағы 407 гектар жерде сәулетті заманауи қалашық бой көтермек. Қазір ол аймақта құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта этноқалашық құрылысы жанданады. Осы мақсатта Шымкент қаласының бас архитекторы Нұрлан Арқабаев кеңес мүшелеріне этноқалашықтың жаңа нобайын таныстырды.
Оңтүстік жұрты көмек көрсетуде
Пятница, 21 Апрель 2017 06:01Өңір тұрғындары еліміздегі су тасқыны болған аймақта зардап шеккендерге көмек қолын созуда. «Жастар ресурстық орталығында» өткен жиында жиналғандар қаржылай ақша жинап, облыс тұрғындарына үндеу жариялаған болатын.
Жергілікті билік пен жастардың басын қосқан алқалы жиында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мәселелері айтылды. Осындай қиын сәтте көп болып қол ұшын созайық деген қауым облыс тұрғындарына үндеу жариялады.
Бұл қайырымдылық шарасына аймақтағы кәсіпкерлер, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар, түрлі мекемелермен бірге қарапайым азаматтар да өз үлесін қосуда. Қаржылай көмек беремін деушілерге арнайы есепшот та ашылған.
– Көмекке мұқтаж бауырларымызға жәрдем беру – азаматтық парыз. Біз мұндайда ынтымақтастығымызды, ауызбіршілігімізді көрсетуіміз қажет. Екі аптаның көлемінде біздің ғимаратта жиналған заттардың барлығын жүк көлігіне тиеп, сол аймақтарға жібереміз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебеков.
Көмектесуге ниет білдірушілер Шымкент қаласы, Түркістан көшесі, №1, «Облыстық Жастар ресурстық» орталығы (бұрынғы С.Сейфуллин атындағы «Достық үйі») келулеріне болады. Сенбі, жексенбі күндері де, сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек беру мақсатында «Бізбен бірге» қоғамдық қорының арнайы ашылған есеп-шотына қайырымдылық қаржыларыңызды аударуға болады.
РЕКВИЗИТ: «Бізбен бірге» қоғамдық қоры, Шымкент қаласы, «Қайтпас-2» шағынауданы №34-35 «Нұр банк» АҚ Шымкент қ. филиалы БИН 150540004179 ИИК KZ4284906KZ000966548 БИК NURSKZKX КОД 18 Үйлестіруші: «Бізбен бірге» қоғамдық қорының төрағасы Абай Андабаев, Байланыс телефоны: 8 7719630834, 87754040421
Тұрғындарға тиімді қызмет
Среда, 19 Апрель 2017 11:54«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының ОҚО бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық операциялық бөлімінің басшысы бір күнге инспектор болды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының барлық басшы құрамы «Дублер күніне» қатысты. Аталған бөлім басшысы Нұрдәулет Диханбаев орталыққа келген азаматтарды өзі қарсы алып, құжаттарын қабылдап, керек кеңестерін берді. Сондай-ақ 15-ке жуық келушілерге мемлекеттен көрсетілетін қызметтер жөнінде кеңінен түсіндірді.
Нұрдәулет Мақсұтұлының айтуынша, «Дублер күні» бүкіл Қазақстан бойынша ХҚКО бөлімдерінде, әлеуметтік төлемдердің есеп айырысу орталықтарында және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменттерінде жүргізілуде.
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылғанына бір жыл және біз бұл күнді қызметкерлерімізбен бірге өткізуді шештік. Бұл бізге халықтан кері байланыс алуға және клиенттердің артықшылықтарын көбірек білуге мүмкіндік береді, – дейді Н. Диханбаев.
Айта кетейік, мемлекеттік корпорация 4 мекемеден құрылған. Оның құрамына халыққа қызмет көрсету орталығы, зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталық, жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы кірген, ол мемлекеттік корпорацияның тек фронт-офистерінің жұмысын ғана емес, оның бэк-офистерінің жұмыстарын зерттеуге, соның ішінде зейнетақы, декреттік төлем, жер учаскілерінің өлшеулерін, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру және т.б. жүргізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік корпорацияның 546 мемлекеттік қызметті көрсететін 349 фронт-офисі жұмыс істейді. Өзінің бір жыл жұмысы ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 37 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.
Жылына 60 мың дана медициналық құрал-жабдық шығарады
Пятница, 14 Апрель 2017 11:36Шымкенттегі «Kazmedpribor Holding» ЖШС-де шығарылатын қондырғылар озық шетелдік құрылғылардан кем түспейді. Бүгінде елімізді арзан бағадағы медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отырған аталған кәсіпорынның жұмысымен танысуы кезінде облыс әкімі Ж. Түймебаев осылай деп мәлімдеді.
150-ге жуық адам еңбек ететін кәсіпорын 2005 жылы "Бизнестiң жол картасы – 2020» мемлекеттiк бағдарламасы аясында ашылған. Қазіргі таңда өндiрiс орны рентген аппараттары мен медициналық жиһаз-жабдықтар шығарып, дәрілік өнім өндірумен айналысады. Халықаралық стандартқа сәйкестiк сертификатын алған зауыт бүгінде еліміздегі ауруханалар мен емханаларды УДЗ аппаратынан бастап ота бөліміне қажетті құрал-жабдықтарына дейін қамтып отыр. Соңғы үлгідегі инновациялық жобаларды іске асыруда кәсіпорын Жапония, Испания, Корея сынды алпауыт мемлекеттердің зауыттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Қазіргі таңда “ҚазМедПрибор” мекемесінде медициналық құрал-жабдықтың 400-ден аса түрі шығарылады. Жалпы зауыт жылына 60 мың дана медициналық техниканы шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, мұнда жедел-жәрдем көлігіне қажетті құралдардан бөлек, электрокардиографтар, медициналық мониторлар жасалады. Әрi сапалы, әрi бағасы көңiлге қонымды кәсiпорынның өнiмiне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Бүгінде зауыт өнімдеріне Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан сынды көршілес елдерден сұраныстар түсе бастаған.