ЖАС АҚЫННЫҢ ЖАҢА КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2024 05:39 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 62 раз

Осы аптада шымкенттік жас ақын, қалалық «Шымкент келбеті» газетінің қызметкері Эльмира Сәрсенбайқызының «Аялайды арманым» атты әдеби-шығармашылық кеші өтті. А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өткен іс-шара барысында Э.Сәрсенбайқызының «Егіз елден - егіз лебіз» атты кітабының тұсауы кесілді. Қырғыз елінің ақыны Сталбек Абдраевпен шығармашылық байланыс орнату мақсатында дүниеге келген бұл кітапқа ақынның соңғы жылдары жазылған лирикалық жырлары енгізіліпті. Қырғыз ақыны С.Абдраев әдеби кеш үшін ақынға арнайы видео сәлемдеме жолдады.

EllmiRa-3

 

ҚР Жазушылар Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы М.Әбдіәкімұлының жүргізуімен өткен кеште ақын өлеңдерімен жақсы таныс шығармашыл орта жиналды. Кешті жазушы Захардин Қыстаубайұлы ашып, өлең сөздің қадірін түсінетіндерге құрметінің айырықша екенін атап өтті. Сонымен қатар, әдеби кеште Эльмираның әкесі Сәрсенбай Есхожаев сөз сөйлеп, қызына деген ақ батасын жеткізді. ҚР Жазушылар Одағының мүшелері сатирик, жазушылар Мұхтар Шерім, Сабырбек Олжабай, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбет және басқа да әдебиет жанашырлары кеш иесіне деген ақ көңілден шыққан ақжарма тілектерін жеткізіп, сый-сыяпаттарын табыстады.

EllmiRa-2


Кештің көрігін қыздырған «Жас қаламгер» үйірмесінің қосымша білім беру орталығының шәкірттері мен Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің студенттері көпшілікке ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал әншілер А.Саттарова, А.Бекенқызы Эльмираның «Ана мен бала», «Іңкәрім», «Мен қазақпын», «Серт» өлеңдеріне жазылған әндерінен шашу шашты.

Р.ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.